El іshі

Көп жұмылса – күш

аз қамтылған отбасылар баспанамен қамтылуда

«Асар» ұғымын көпшілігіміз бастапқы мағынасында қолданып та, біліп те жүрген жоқпыз. Ата-бабалар заманында «Көп түкірсе – көл», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Бірлік түбі – тірлік» деп, ағайынның күш біріктіруімен ауыл-аймақтардағы баспанаға, басқа да тұрмыс игіліктеріне мұқтаж жандарға қамқорлық, көмек көрсеткен. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бабалардың игі дәстүрін тірілтіп, ағайындық, жанашырлық сезімдеріне дем беретін «Асарлатып үй салу» жобасының өн бойында осындай ізгі мақсат жатса керек.

Жуалы өңірінде де бұл бағытта игілікті шаруалар атқарылуда. Аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің мәліметіне қарағанда, биыл жыл басынан 13 өңірде тұрғын үйге мұқтаж жандар үшін бір-бірден баспана тұрғызу ісі қолға алынған.
Ілкімді азаматтардың бастамасымен аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны, жалғызбасты әке, жағдайы төмен Молыбай Ойнаров үшін Әулиебастау көшесінің бойынан жаңа тұрғын үй салынуда. Құрылысы наурыз айының аяғында басталған баспананың көлемі 100 м2, бес бөлмелі. Қазіргі таңда үйдің іші-сыртын әрлеу жұмыстары жүргізіліп, жарықпен, сумен және газбен қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстары бүгінде 80% жуықтаған, ағымдағы жылдың қараша айында аяқтап, табыстау жоспарланып отыр.
Ақтөбе ауылдық округінің Ақтоған ауылындағы толық емес отбасының мүшесі Дамир Надиршин үшін Сұлтанмұрат көшесінен жаңадан тұрғын үй құрылысын салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталған. Үйдің көлемі 64 м2, екі бөлмеден тұрады. Тұрғын үй құрылысы аяқталып, тамыз айында табысталды (суретте).
Жоба аясында сонымен қатар аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көмекке зәру жандардың үйлерін жөндеу, үй сатып әперу де жоспарланған. Боралдай ауылдық округінің Көлтоған, Көкбастау ауылдық округінің Теріс, Қошқарата ауылдық округінің Қошқарата ауылының тұрғындары Бердібек Төлеушиев, Нүрипа Әліпбаева және Гүлзинат Өтебаеваның үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, есік-терезелері мен шатырлары жаңартылып берілуде.
Қызыларық ауылдық округі Қызыларық ауылының тұрғыны, көп балалы, жалғызбасты әке санатына жататын Нұрлан Қазыбаев үйіне де жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда тұрғын үйдің есік, терезелері және шатыры жаңадан ауыстырылған, тұрғын үйге жалғама бір бөлме қосылған, пеш орнатылса, Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында көпбалалы, аз қамтылған санатына жататын бір отбасының тұрғын үйіне күрделі жөндеуге қаражат жинақталуда.
Көптің күш біріктіруімен атқарылатын мұндай игі істер ауданның қалған Нұрлыкент, Шақпақ, Жетітөбе Ақсай және Күреңбел ауылдық округтерінде де көрініс табуда. Мұнда да біріккен күш-жігер мен жиналған қаражат халықтың әлеуметтік осал тобына жататын тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталуда.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close