El іshі

Атам – менің мақтанышым!

«Сен құрметте оны,
Түсіндің бе, қарағым!
Сенің келешегің үшін берді ол,
Азаттық жолда аяғын!»
Әбу Сәрсенбаев.
Мен ардагерлердің ұрпағымын және оны мақтаныш етемін. Менің әкемнің де, анамның да әкелері соғысқа қатысқан. Өз атам да, нағашы атам да соғысқа қатысып, елге аман-есен оралып, ел үшін еңбек еткендер. Екеуі де қасиетті Жуалы ауданының тумалары. Өз атам – пулеметші, нағашы атам – ұшқыш болған. Бір сәйкестігі, екеуі де соғысқа 18 жасында аттанған.
Өз атам Тілеуберді Нарбайұлы Кебекбаев 1925 жылы 3 сәуірде дүниеге келген екен. Атам 90 жастан аса өмір сүріп, қайтыс болды. Ол кісі бізге, немерелеріне, соғыс туралы көп әңгімелер айтып беретін. Маған ертегі сияқты көрінетін сол қызық әңгімелер – атамның жас кезіндегі көрген қиын кездері екен ғой. Қазіргі кезде тарих пәніне тереңірек үңіліп, оны сәл-пәл түсіне бастағандаймын. Адамзат баласына соншама зұлмат пен қиыншылық әкелген сұм соғыс қаншама жастың, бейбіт те қарапайым адамдардың өмірін жалмады екен?..
Бірде Тілеуберді атамның біздің үйге келіп отырғанда айтқан әңгімелерінен есімде қалғаны: «1942 жылы армияға алынғанын айтты. Әскерге алынған жауынгерлерді дайындықтан өткізіп, біраз уақыт қару қолдануды үйретіп болған соң соғысуға жібереді екен. Жеті-сегіз айдан соң 4-Украина майданына қатардағы жауынгер-пулеметші болып соғыс майданына кірдім,- деді. Атам үнемі қырғын шайқастың ішінде болғанын айтатын. Сондай шайқастың бірінде окоп ішінде «Максим» пулеметін досы екеуі сүйреп жүгіріп келе жатқанда басын көтере берген орыс жауынгер досының көз алдында оққа ұшып, тіл тартпай кеткенін айтып мұңайып қалушы еді. Тек «Мама» деп қана айтып үлгерді байғұс» – деп көзіне жас алатын. Сол кезде атамның есіне майдандас достары, қаруластары түсті ме екен… Бес-алты минут бойы үнсіз мұңайып отырып, әңгімесін қайта жалғастыратын. Өзімен бірге көптеген ұлт өкілдерінің соғысқа қатысқанын айтып, алғашқы барған кезде өздерінің кейде аш қалғандарын, киім жетпей орыстың ормандарында әбден тоңған кездерін айтып қынжылатын. Сосын атамның: «Сол соғыста қазақ жауынгерлерінің жағдайы атақты Батыр жерлесіміз, ұлт мақтанышы – Бауыржан Момышұлы барған соң жақсарды ғой, бізге қазақтарға дұрыс қарай бастады. Ол кез Бауыржанның жасаған ерлік істері мен 28-Панфиловшылардың ерліктері туралы аңыз етіп айтып жатушы еді»,- деп айтқаны бар-ды.
1944 жылдың 26 наурыз күні Керчь деген жерде бірнеше күнге созылған қиян-кескі ұрыстардың бірінде атам оң жақ көкірегінен қатты жараланып, госпитальға түсіп қалады. Жазылып шыққан соң Польшаға қайта оралып, Германияның Бутен деп аталатын қаласына дейін барады. 1945 жылдың жетінші қыркүйегінде елге аман оралады.
Атам Тілеуберді Нарбайұлы 2018 жылы 92 жасында 12-ші шілде күні дүниеден озды. Менің атам Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері болатын. Ол кісі еңкейген жоқ. Өзін жақсы ұстады. Қара шаңырақта отырған әкемнің ең кіші інісі мен келіні атама жақсы қарады. Бір өкініштісі, қазір атам тірі болғанда биылғы жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын көретін еді. Атам туралы көп айтуға болады. Ол кісі біздің әулеттің бәйтерегі болатын. Соғыстан кейін атам елге оралып, зейнетке шыққанға дейін бейбіт заманның жаршысы болған адам. Апам екеуі 67 жыл отандасқан. Екеуі 10 бала өсіріп, тәрбиелеген. Біздің әулетіміз – қазір Қарасаз ауылындағы ең үлкен әулеттердің бірі.
Тілеуберді атамның соғыста алған медальдары мен соғыстан кейінгі алған «Құрмет белгілері» кеудесінде толып тұрушы еді. Жыл сайын 9 мамыр Жеңіс күні мейрамында атамды құттықтап келетін адамдардың қарасы көп болатын. Қазір атамыз арамызда жоқ. Бірақ ол – біздің мәңгілік мақтанышымыз. Қарасаз ауылындағы №6 Пушкин атындағы орта мектептегі музейде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған бұрыш бар. Сонымен қатар, атам Тілеуберді Кебекбаевтың атына берілген оқу кабинеті бар. Ол кісінің есімін біз, балалары мен немере-шөберелері мақтан тұтамыз. Біздің қазір бейбіт өмір сүріп отырғанымыз менің атам сияқты соғыс ардагерлерінің арқасы. Олардың бұл ерліктерін біз ешуақытта ұмытпауымыз керек. Нағашы атам туралы да көп айтуға болады. Әрине ол өз алдына бөлек әңгіме. Аталарым – менің мақтанышым!

Нарғозы Мұратбекұлы,
майдангердің немересі.
№6 А.Пушкин атындағы орта мектептің
8 сынып оқушысы.
Қарасаз ауылы

Таңдаулы материалдар

Close