El іshі

«Дәрігер болу – үлкен мәртебе»

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дәрігер деген – ең ұлы әрі қастерлі мамандық. Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы осынау маңызды мамандық иелерінің көмегіне мұқтаж болып, соларға сенім артуда. Себебі, жер жаһанды жайлаған коронавирус дерті күннен-күнге үдеп, сан мыңдаған адамның тағдырын жалмаған қауіпті дертке айналып үлгерді. Осы қарусыз майданда алдыңғы шепте арпалысып, адам жанының арашашысы болып жүргендердің  еңбегі орасан зор екені ақиқат.

“Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек” деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Медицинаның атасы Гиппократ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды болу керек» деген екен ертеректе. Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу – ол да бір өнер!

Осындай мамандықты таңдаған жанның бірі – ауданымызға жаңадан келген жас маман,  жалпы тәжірибелі дәрігер  Айна Шалхар.

Айна Ерланқызы Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Осындағы №19 Д.Қонаев атындағы  мектеп-гимназияның түлегі.

– Дәрігерлік мамандық Алланың маған берген сыйы деп білемін. Мамандықтың жаманы болмайды. Алайда сан түрлі мамандық ішінен дәрігер маманы болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дәрігер болғысы келетін адамға  ең алдымен жүрек керек, адамгершілік, содан кейін әрине жауапкершілік – қасиет қажет.

Мен 2012 жылы соқырішек диагнозымен ауруханаға түстім. Ол кезде мен тоғызыншы сынып оқушысымын. Маған шұғыл түрде ота жасалды. Бұл отаны маған жоғары дәрежелі хирург, хирургия бөлімінің меңгерушісі Қалды Байрамов жасады. Ол кісінің күн сайын жасайтын науқастарды тексеруі, олармен қарым-қатынасы, сабырлығы, білімділігі менің осы мамандыққа деген қызығушылығымды және  болашақта дәрігерлік мамандығын таңдауыма  өз септігін тигізді.

2014 жылы мектепті аяқтаған соң, ойланбастан құжаттарымды Қарағанды медициналық университетіне тапсырдым. Көп ұзамай университетке түскенім жайлы хабар келді. Сол кезде қалай қуанғанымды білсеңіз? Осылайша медицина саласын Жалпы тәжірибелі мамандығы бойынша жеті жылы оқып, биыл көптен күткен дипломымды қолыма алдым,- дейді жас маман Айна Шалхар.

Айна Ерланқызы үйдің тұңғышы екен. Ол ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Отбасында Айнадан бөлек бір сіңлісі мен екі інісі бар. Ата-әжесі зейнетке шыққанша теміржол саласында еңбек еткен. Атасы Әмірұлы Шалхар Жуалы ауданының Құрметті ардагері, темір жол саласындағы жемісті еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Айна үшін атасы үлкен тұлға. Әжесі Пернеқыз Өтешова да теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған жан.

Әкесі мен анасы екеуі де теміржол саласында еңбек етеді. Айнаның дәрігер мамандығын таңдауына да отбасы үлкен үлес қосқан.

-Еңбек жолымды өзімнің туған жерімнен бастағым келді. Аудандық емханаға жұмысқа келгеніме  бір айдың жүзі болды. №14 учаскеде жалпы тәжірибелі дәрігермін. Менің учаскеме 2000-ға жуық тұрғын қарайды. Жанымда екі тәжірибелі мейірбике жұмыс істейді. Екеуі де ұзақ жылдан бері осы емханада тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Өзім жаңадан келген соң білмеген жерімді осы кісілерден сұраймын.

Алғаш жұмысқа орналасқанымда қатты қобалжыдым. Бірақ аурухана ұжымы мені жылы қабылдады. Соның ішінде маған жас маман ретінде қол ұшын берген Нұрбай Әбілқасымұлына алғысым шексіз.

Аға буын бар білімдерімен бөлісуде. Ол кісілерден үйренерім әлі көп. Сол себептен алдыма көптеген жоспар қойдым. Алғашқысы – халық алғысы.

Бақыт деген – көптің алғысы. Алғыс көп адамды алға жетелейді. Қоғамдағы дәрігер статусын көтерсем. Дәрігер мамандығы – ол шексіз білім ордасы. Болашақта тәжірибемді шыңдасам, білімімді арттырсам деймін,- дейді жалпы тәжірибелі дәрігер Айна Ерланқызы.

Қызылды-жасылды қызығы көңілден кетпес мынау жарық дүниеде адамның бірінші байлығы денсаулық екені даусыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса болды денсаулық сақшыларының көмегіне мұқтаж болып, жанымызға сая іздеп жатамыз. Ал бүкіл әлем халқының үрейін алып, сан мыңдаған тағдырды жалмаған осынау алапат дерттен әлемді тазарту жолында, халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандарға біз де өз алғысымызды жеткіземіз.

 

Баян Тұрсынқұлқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close