El іshі
Озат механизатор
«Қай уақытта да адам өзінің бақуатты тұрмысын тек еңбекпен жақсарта алады» деп Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қай мезгілде болмасын адал еңбекпен ер атанып, ел алғысына бөлену, көп бейнеттің бір зейнетін көру өмірдің бұлжымас заңы екенін білдіреді.
Еңбек адамы деп айтуға тұрарлық азаматтың бірі – Қосбөлтек ауылының тұрғыны Бектас Таутенов 33 жыл тракторды тізгіндеп, дала төсін дүбірге бөлеп жүрген жан. Ол Қызылорда облысы Қазалы ауданы Түктібай ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Орынбасар да – еңбек адамы. Ал анасы, Өрік екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, үй шаруасымен шұғылданған.
Жалпы, тарихқа үңілер болсақ, 80-жылдары коммунизмнің гүлденген шағы болған. Бұл жылдары партия «Ауылда тұрсаң, техниканы меңгер!» деген ұран тастаған. Осы мақсатта жер-жерлерде арнаулы орта техникалық училищелер ашылып, жастарды техника тілін меңгеруге үйреткен. Жастарды еңбекке баулып, ауыл шаруашылығы мамандығының тапшылығы жойған. Сол тұстары сауыншы, тракторшы, механизатор таңдаулы мамандықтардың бірі болған. Тіпті, ер азаматтармен қатар, трактор тізгінінде қыздарда отырып, егін алқаптарындағы қызу тірлікке атсалысқан.
Ердің жасы елуді еңсерген тракторшы Бектас Орынбасарұлы да сол кезде өзі тұратын аудандағы арнаулы орта техникалық училищеден алты айлық курстан өтіп, тракторшы мамандығын алған. Ол ел жастарымен қатар техника тілін меңгеріп, алғаш күріш алқабындағы егу жұмыстарына араласқан.
Еліміз тәуелсіздік алған соң 1993 жылы Жуалы ауданының Қосбөлтек ауылына қоныс аударып, бұрынғы «Орталық» ЖШС-не жұмысқа орналасады. Одан кейін 2015 жылы «Ернұр» шаруа қожалығын құрады. Қожалық иелігінде 20 гектар жер, екі «МТЗ-80» тракторы, КПС-2/4 шөп жинайтын, соқа, қопсытқыш, дән сепкіш техникалары бар. Иелігіндегі жерге бидай, жоңышқа егіп, мал шаруашылығымен де қоса айналысады.
Механизатор көктем шығысымен техникасын көктемгі дала жұмыстарына дайындайды. Егін алқаптарында жер жыртып, егін егеді. Жаз бойы аптап ыстыққа қарамай трактордың тізгінін қолына алып, шөп орып, шаруалардың қысқы азығын жинауға өз үлесін қосады. Күз келісімен диқандардың иелігіндегі қызу тірліктің басы-қасынан табылып, өнімді уақытында жинап алуға көмектеседі.
-Бір жерде тұрақты еңбек етсең, нәтижесі болады. Еңбек етпесе, ниеті түзу болмаса, адамның жетістікке жетуі мүмкін емес. Әр жерге бір барып, әр істің басын бастап, тастап кете бермей, бір салада тұрақты жұмыс істеген жөн. Өмірбақи осы трактордан түспей, соның арқасында аяқтан тұрдық. Әлі күнге дейін көктемнен бастап қар түскенше, еңбек етеміз. Жан-жақтан шаруалар шақырып, жер жыртып, дала жұмыстарын атқарамын. Әрине, оның да тілін білген дұрыс.
Біз мұнда алғаш келген жылдары ауылдан немістер көшіп кетіп жатты. Ауылдағы Найбауэр деген неміс ұлтының азаматы маған біраз дүниелер үйретіп кетті. Сонымен қатар, Диқан, Құдайберген деген ағалар да білгендерімен бөлісіп, кеңестерін берді. Ауылдағы Байұзақ Серкебаев та ағалық қамқорлығын аямай, артынан ерген інісіндей көрді.
Тракторды тізгіндеу оңай емес. Оған деген қызығушылық, бойыңдағы еңбекқорлық қасиеттерің жоғары болуы керек. Сондай-ақ, шыдамдылық пен төзімділік те қажет. Таңның атысы кештің батысы асқан сақтықпен трактордың рөлінде отырып, ыстыққа да, суыққа да төзесің. Әсіресе, жаздыгүні қиын.
Техника болған соң, бұзылады. Оны да жөндеп, дер кезінде жұмысқа қайта араласамыз. Көбінесе, көктем шығысымен бар техникаңды сақадай-сай етіп алу керек.
Біздің кезімізде жастар ауыл шаруашылығы мамандықтарында оқыды. Қазақ балалары техниканы үйреніп, біркісідей егін алқаптарында еңбек етті. Ал, қазіргі жастар мұндай қара жұмыстарға бара бермейді. Оның пайдасы қаншалықты екенін түсінбейді. Өзім тракторды тізгіндеуге асығып тұрамын. Үйде үлкен ұлым қасымда жүріп техниканың тілін үйреніп, талпынып жүр.
Жұмыс бабымен аудандағы ауылдарға көп барамыз. Бірде Талапты ауылына жолымыз түсіп, Шерағаңмен кездестім. Қолын алып, бірге дастарқандас болғанмын. Кездесу барысында түрлі келелі әңгімелер айтып, ойларымен бөлісетін. Шераға еңбек адамдарын, еңбекті жоғары бағалайтын. Бір кездескенімізде Шераға маған қарап: «Інім жаз бойы еңбек ет, қыста рақатын көресің» деген ағалық ақылын айтты. Қандай сөз десеңізші! Бірауыз сөзбен қаншама ойды жеткізді. Жұмысқа шыққан сайын ағаның сөздері ойыма жиі оралып, шындығына көзім жетіп келеді, – дейді механизатор.
Ол өмірлік жары Жанат Таутенова екеуі үш ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеуде. Жұбайы – ауылдағы Көктөбе орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі. Қыздары Арай – заңгер, Ақтөбе қаласында тұрмыста. Екі перзенттің анасы. Ұлдары Жасұлан Шымкент қаласындағы мемлекеттік халықаралық-техникалық университетін бітірген. Ал, ұлдары Ерасыл Алланың жазуымен жалындаған 23 жасында өмірден озған. Ал, кенжелері Ерұлан Көктөбе орта мектебінде 7 сыныпта оқиды.
-Жолдасым еңбекқор азамат. Жастайымыздан екеуміз өзіміздің, өзгелердің жерін жалға алып, картоп егетінбіз. Балалар кішкентай. Үйге тастап, Теріс ауылындағы еккен өнімімізді күтіп-баптауға кетеміз. Бірге малды мал базарға сүйреп апарамыз. Екеуміз бірімізге демеу болып, жұмысты таңдамадық. Осы күнге жеткеніміз еңбектің арқасы. Әсіресе, Бектастың техниканы тізгіндеп, еңбек етуінің арқасында жеттік. Шүкір.
Бектас озат механизаторлардың қатарында жүрді. Сол үшін басшылық марапаттар тапсырып, қаржылай сыйлықтар да берді. Бірге жұмыс істегендердің көбісі жан-жаққа кетіп қалды. Кезінде қолынан жарақат та алып қалды. Үйде жолдасымыздың тілеуін тілеп, еңбегі жана берсін деп тілекші болып отырамыз, – дейді жұбайы Жанат Таутенова.
Еңбек адамды абыройға жетелейді. Ауылдағы үлкенді-кішімен тіл табысып, еңбектің көзін тапқан Бектас Орынбасарұлы еңбекпен келген нанның тәтті екенін жақсы біледі. Ұрпағының жалғасы ұлдары кәсібін жалғастырып, техниканың тілін меңгеретініне де сенім білдіреді.
Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев