El іshі

Мәуесі таңдай қақтырар құлпынай мен таңқурай

 

үй іргесіндегі бақшалардың сәніне айналады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында халықтың тұрмыс жағдайын  түзеу үшін өңірлерде «қарапайым заттар экономикасы» саясатын қалыптастыруды тапсырған-ды. Оған іле-шала облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тау етегіндегі алқаптарда алма мен алмұрт, құлпынай мен таңқурайды молынан өсіріп, табыс көзіне айналдыру туралы бастама көтерген еді.

Әсіресе, суы көп, күн шуағы молынан түсетін біздің  таулы өңіріміздегі құнарлы, түгін тартсаң, май шығатын қара топырақты алқаптарымызды алма мен алмұрттың, құлпынай мен таңқурайдың, басқа да жеміс-жидектердің  кіші отаны деп ауыз толтырып айтуға толық негіз бар.

Қарасаз ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Жанар Нұрмұратқызының  айтуына қарағанда, округке қарасты бес елді мекендегі 780 аула бар болса, ондағы 107 гектар үй іргелік телім, яғни бау-бақша мен қора-қопсылық жер болып есептеледі. Қазір тұрғындардың нақты пайдаланып отырғаны – 69,6 гектар, бұл дегеніңіз 65 ауланың шарбағына көк-сөк егіп, пайдаға асырып отыр деген сөз.

Бұл ретте қарасаздықтардың әлі де тартыла түскені жөн сияқты.

Ауыл тұрғындары, ерлі-зайыпты Павел және Надежда Подстречныйлардың үй іргесіндегі жиырма бес соттық жерінен бос орын таппайсың. Бейнебір Ботаника бағын аралап жүргендей күй кешесіз… Әсіресе, дәмі тіл үйіретін құлпынай мен таңқурай ерекше бапталады. Бақшаның оң жақ жиегін ала, ені бір метр етіп отырғызылған таңқурай шарбақтың аяғына дейін ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Желкілдеп, пісіп-жетілген құлпынай да бақшаның сәніне айналғандай. Одан бөлек, әр тұста қияр, орамжапырақ, қызылша, аскөк, асқабақ, картоп, баклажан, бұрыштың бірнеше түрі, қызанақ, сәбіз, бұршақ секілді дәруменге бай көкөністер мен жеміс-жидек жайқалып тұр. Дәл ортада қиярдың өркен жаюы үшін ағаш қадаларды жіппен шандып байлап, тор жасап қойған.

Ауыл мектебінде ұстаз болып жұмыс істейтін Надежда Николаевна бақша өсірумен негізінен ері Павелдің айналысатынын айтады. Бақша иелері ағын судың резерв көзі ретінде сорғы суын да пайдаланады. Сорғы суы бастырманың үстіне орнатылған темір ыдысқа жиналып, жылытылады. Әрі қарай жылы су әр танапқа өз ағынымен резеңке шлангалар арқылы беріледі. Жеміс ағаштарынан алма, алмұрт, бәкене бойлы шие бар.  Кіреберіс аулада жүзім жайқалып тұр.

Үйде бағылатын мал мен құстардың азығы үшін бір шаршы танап шабындыққа қалдырылыпты. Одан бір мәрте шөп орылып, жинап алыныпты. Павел өткен күзде бір асқабағының 51 келі тартқанын, оны үйге арнайы арбамен жеткізгенін айтады.

Сағындық Тоқбергенов пен Есімхан Сеңгірбаевтың бақшалары да ұқыптылығымен көзге ұрып тұр. Жолда көлденең жатқан шыбықты не арам шөпті таппайсың.

Саналы ғұмырының елеулі бөлігін құқық қорғау органдарындағы қызметке арнаған Сағындық аға мен өмірлік жары Дина апай бақша баптағаннан жалықпайды. Көлемі шағын болғанымен, отбасының бар керегіне жарайды. Піскен жемістерді базарға апарған не көршілеріне саудалаған емес. Жылда көшетін қазып, таныстарға өсірсін деген ниетпен таратып беріп отыратын әдеті бар.

Бұл отбасы құлпынайды он жылдан бері өсіріп келеді. Дәл қазір жапырақ жайып, мәуелері уылжып піскен құлпынай жемісін алақанат торғайдан қорғау үшін танаптың екі қапталына қада қағып, ұзына бойына керілген жіпке компьютер дискілерін байлап қойыпты. Желмен тербелген, әрі күн сәулесінен жарқылдаған дискілердің жыртқыш құстардан қорғауға септігі тиетін көрінеді. Немерелерінің жегенінен қалған жемісті тосапқа қайнатып, қысқа сақтап қояды. Сырттағы бала-шағалары келіп, алып кетеді екен.

Есімхан Сеңгірбаевтың бақшасы Павел және Надежда Подстречныйлармен іргелес болып шықты. Оларды көршілері бақша егуден «социалистік жарысқа» түскен деп қалжыңдайды. Есімхан бау-бақшалық жерге ерте көктемде және күзде төрт машина қара шірік сіңіреді екен. Қара күзге дейін жеміс салатын құлпынайды осыдан үш жыл бұрын Сағындық Тоқбергеновтен алып отырғызыпты. Қазір түптері нығайып, үлкейіп, жеміс салып тұр. Бірнешеуін үзіп алып, аузымызға салдық. Дәмі бал татып тұр.

Танаптарға бөлінген дақылдар уақтылы суғарылады, арасында шөп-шалам жоқ, қамқор қолмен күтім жасалатыны көрініп тұр. 21 қатарға картоптың екі сұрыпы отырғызылыпты. Жалпы егілген қай дақыл болса да, жақсы түп алып тұрғаны байқалады. Бақшада 24 түп алма, үш түп черешня ағаштары жеміс салып тұр.

Шақпақ ауылдық округіне қарайтын бес елді мекендегі 772 ауланың үй іргелік бақша жерлерінің 70 проценттен астамы пайдаланылады, қалғанында жоңышқа, эспарцет секілді көпжылдық мал азығы  өсіріледі.

Шақпақата ауылындағы Нәдір Шахвазовтың отбасы бақшада пісіп-жетілген құлпынай жүйегінен алғашқы жемісін жинауға кіріскен. Отырғызғалы үш жылдың жүзі болған жидек биыл бітік өнім салыпты. Әр түбінде уылжып піскен мәуе самсып тұр. Жүйек басында келіні Нона мен немересі Ислам жүр.

– Құлпынайды мәпелеп өсіру қандай жауапты жұмыс болса, оны зиянкестерден қорғай білу де соншалықты қажет. Әйтпесе, көздің жауын алатын жеміс әп-сәтте ірілі-ұсақты құстардың олжасына айналады. Сондықтан да біз пісуге таянған кезде әр тұстан «қарақшы» орнатамыз.

Құлпынай – негізінен ылғал мен күн көзін молынан сүйетін дақыл. Жүйекті күнара мол ағын сумен суғарамыз. Пісуге таянғанда әр түп өсіп-өну үшін мұртшалар тастайды. Оны дер кезінде қиып тастап отырмаса, бар қуатты мұртшалар алып қойып,  негізгі түптің жеміс беруіне мүмкіндік бермейді, – дейді Нона.

Құлпынайдан сәл әріректе таңқурай гүлдеп тұр. Құлпынай да, таңқурай да гүл ашып, түйнек салғаннан кейін қара күзге дейін үздіксіз жеміс береді.  Бақшада там-тұмдап сәбіз, қызылша, картоп, қияр, қызанақ, бұршақ егілген. Жеміс ағаштарынан алма, алмұрт, шие, черешня бар.

Бүгінде ауылдарда ауласын табыс көзіне айналдырмаса да, отбасының қажетіне жаратып отырған осындай отбасылар көп-ақ. Олар бақшадан алған өнімдерді ешқайда апарып өткізіп, пұл етпесе де, үй-ішінің, бала-шағасының ішім-жеміне жарайтынына сенімді. Оны сатып алуға отбасы бюджетінен артық теңге шықпайды. Дегенмен де, баптай білгенге бақшаның да табыс көзіне айналатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Абылайхан СӘРСЕН,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close