El іshі

Егін мен мал шаруашылығын қатар дамытуда

 «Қожа-Ахмет» шаруа қожалығының жұмысы жүйелі

Аудан шаруалары шөп орағын сәтті аяқтап, ендігі кезекте егін орағына қызу кірісіп кеткені белгілі. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, қыстың қамын қазірден бастап жасамаса ертең кеш болады. Осы мақсатта аудан шаруалары уақытпен санаспай күндіз-түні еңбек етіп, егілген өнімді жинап алу үстінде. Қуаңшылыққа байланысты биыл ел өңірлерінде ақ егістен жиналып жатқан өнім өткен жылдармен салыстырғанда, едәуір төмен. Десе де, алқаптағы бар астықты шашпай-төкпей жинап алу шаруалардың алдында тұрған басты әрі межелі міндет.

Ауданда қызу жүріп жатқан егін орағының барысы, жалпы ауыл шаруашылығы саласында 2021 жылдың алты айында атқарылған жұмыстар туралы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтан сұрап білген едік.

-Аудан бойынша ауыл шаруашылығы жерлері 216 306 гектарды құрайды.Оның ішінде,  95 449 га егістік, (жалпы суармалысы 8 719 га, оның ішінде, суармалы егістігі  8460 га). Шабындық 2 046 га, жайылым  114  559 га, көпжылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 2 128 гектар.

Астық ору науқанына келер болсам, 2021 жылдың өнімі үшін егілген 39 173  гектар (2020 жылы 37 424 га) алқапқа орналасқан масақты дәнді дақылдарды ору жұмыстары басталып кетті.  Оның ішінде, күздік бидай 10 098 гектар, ал жаздық арпа 29 075 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге нақты орылғаны 34 655 гектар. Орташа өнімділік әр гектардан 12,0 центнерден айналуда. Жалпы түсімі 41 586 тонна. Аудан бойынша қолда бар 120 дана астық жинайтын комбайнның 102-сі қатысуда,- дейді Рақымғазы Нұрғазыұлы.

Бөлім басшысының айтуынша, ауданның агроқұрылымдары мен шаруашылықтарында бүгінгі күнге 627 дана трактор, 185 комбайн, 982 тіркеме бар. Барлығы 1596 дана. Үстіміздегі жылы 159 дана жаңа техника алу жоспарланған.

Бөлім тарапынан аудан шаруашылықтарына жаңа техникалар алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «Жуалы» несие серіктестігі, «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы және «ҚазАгроҚаржы» АҚ-на құжаттарын тапсырып, алғашқы төлемдерін төлеп, техникаларын алуда. Бүгінгі күнге 189 млн. 803 мың теңгеге 39 ауыл шаруашылығы техникалары алынған.Оның ішінде 30-ы трактор болса, тоғызы басқа да техникалар. Жоспардың орындалуы 2,4 %.

Жемшөп дайындау ісінде әлеуетті техникалармен қатар, жанар-жағармай мәселесі де маңызға ие екені белгілі. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше,ағымдағы жылдың күзгі дала жұмыстарына қажетті кепілдендірілген дизель отынын тарату қызметтерін «Ақ қайың» ЖШС атқарады екен. Күзгі дала жұмыстарына жоспар бойынша 1690 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген.Оның ішінде, шілде айына– 520 тонна, тамызда – 585 тонна, қыркүйекте – 325 тонна және қазанда – 260 тонна таратылмақ.Тарату бағасы дизель отынының бір литрі 168 теңгеден.

Ауданда ежелден атакәсіп пен егін шаруашылығымен айналысатын Жетітөбе ауылдық округінде биылғы жылдың өнімі үшін 1215 гектарға күздік бидай, 2888 га алқапқа арпа егілген. Қазіргі таңда округте егін орағы науқаны қызу жүруде.Жалпы 4103 гектардың  3118 гектары орылып, жоспар 76%-ке орындалып отыр.Егін орағына 31 комбайн қатысып, орташа өнімділік әр гектардан 10 центнерден айналуда.

Егін орағы туралы газетке материал әзірлеу мақсатында өткен аптада Жетітөбе ауылдық округіне арнайы барған болатынбыз. Аталған ауылдық округте тәуелсіздік жылдары еңсе тіктеген, жүйелі жұмыс жасау арқылы шаруасын шалқытып отырған шаруа қожалықтардың қатары көп деп айтуға болады. Олар округтің ғана емес, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосуда. Солардың қатарында саланың қыр-сырын жақсы білетін маман Мағзымбек Жақсылықов басшылық ететін «Қожа-Ахмет» шаруа қожалығы да бар.

«Қожа-Ахмет» шаруа қожалығының иелігінде барлығы 100 гектарға жуық егістік жер бар. Оның 60 гектарына «Бәйшешек» сұрыпты арпа мен мақсары дақылы егілсе, 40 гектарына мал азығына көпжылдық шөп, (жоңышқа, эспарцет) егіледі екен. Қожалық мүшелері жақында арпа алқабына орақ салғанын айтады.

-Шаруашылыққа өзім басшылық жасаймын, ал жұмыстарды негізінен балаларым атқарады. Шаруашылықтың жұмыстары өз деңгейінде жүруде. Қазір негізінен арпа орып жатырмыз. Өнімділікке келер болсақ, әр гектардан 10 центнерден айналу үстінде. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, биыл өнімділік өте төмен. Өйткені мұның бәрі еліміздегі қуаңшылыққа байланысты болып отырған жағдай,- дейді шаруа қожалық басшысы М.Жақсылықов.

Шаруа қожалықта көктемгі жер жыртып, егін егу, шөп шабу және егін орағы науқанында, төрт түлікті бағып, қарау кезінде қосымша жұмысшылар жұмысқа тартылады. Қазір арпа алқабында «Енисей-1200» маркалы комбайнмен бір жұмысшы астық бастыруда. Иә, қазіргі таңда ауыл-ауылдарда техниканың тілін меңгерген жастардың қатары өте көп. Олардың жұмыс жасауға деген құлшынысы аға буын өкілдерін қуантатыны белгілі.

Былтыр біз егін орағы туралы материал әзірлеу мақсатымен дәл осы Жетітөбе ауылдық округіндегі алдыңғы қатарлы шаруашылық «Ұлжан» шаруа қожалығында болғанымызда, аталған шаруашылықта 30-дан енді ғана асқан Рахат Қаржауов есімді жас механизатормен танысып, оның қажырлы еңбегіне сүйсінген едік.«Қожа-Ахмет» шаруа қожалығында да ауыл шаруашылығы техникаларын негізінен жас механизаторлар тізгіндеуде.

Мағзымбек ағаның үш ұлының да мамандықтары ауыл шаруашылығына қатысты емес. Бірі заңгер болса, енді бірі басқа мамандықты таңдаған. Алайда олар ауылда тұрған соң ағайынды азаматтар күш біріктіріп, әкелерінің бағыт-бағдары мен ақыл-кеңестеріне сүйеніп, шаруашылықтың жұмысын ілгерілетуге, дамытуға күш салуда.

Аталған шаруашылық жұмысының сан салалы екенін сөз басында айтқанымыздай, 2000-шы жылдардың басында құрылған «Қожа-Ахмет» шаруа қожалығы төрт түліктің басын көбейтумен де тұрақты айналысып келеді. 2005 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан сегіз миллион теңгеден астам несие қаражатын алып, оған «Ангус» тұқымды ірі қара малын сатып алып, бүгінде асыл тұқымды етті және сүтті сиырдың басын көбейтуде. «Ангус» тұқымды ірі қараның бұқалары етті әрі салмақты болып келеді екен. Ірі қараның аталық басы негізінен Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы асыл тұқымды шаруашылықтардан сатып алынған.

Қазір бұл шаруашылықта жылына 30 бастай ірі қара мал бордақыланып, семіртіліп, отандық ет комбинаттарына тұрақты өткізіліп отырады. Бұзаулар жыл он екі ай қорада ұсталып, оған құнарлы жемшөп беріледі. Содан болар, бұзаулар өте ірі әрі салмақты. Шаруашылықта одан бөлек, сүт бағытында да 30 бастай сауынды сиыр ұсталады. Одан алынған сүт күнделікті аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның сүт зауытына жөнелтіледі. Қазіргі таңда сиырлардан күніне 100 литрдей сүт сауылуда.

Шаруашылықта жыл сайын мал азығана 10 мың данадай тайланған шөп, одан бөлек, 25 тонна арпа туралып, дайындалады. Онымен бірге, дәнді дақылдарды ору кезінде арпа мен мақсары сабаны да мал азығы үшін таптырмас азықтың бірі ретінде жиналады. Ірі қаралар қыстың көзі қырауда негізінен заманауи жылы қораларда бағылады екен. Ол үшін шаруашылық мүшелері осыдан бірер жыл бұрын көлемі 30х11 метрді құрайтын екі бірдей қораның құрылысын жүргізіпті. Қазір бұл қоралар мал қыстату науқанында үлкен рөл атқарып отыр.

Мал азығын дайындау ісінде жаңа техниканың атқаратын жұмысы орасан. Осы орайда шаруашылық екі бірдей «МТЗ-952» маркалы доңғалақты тракторды лизинг жүйесімен несиеге алған екен. Қожалық басшысы жаңа техникаларды қомақты қаражатқа «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамынан, ал екінші тракторды соқасымен бірге сатып алғанын айтады. Лизинг жүйесінің тиімділігі сол, шаруа қожалық сатып алған техника құнының тек 75 процентін ғана төлейді. Ал Үкімет техника құнының 25 процентін инвестсубсидия ретінде қайтарып береді. Астық бастыруда әзірше «Енисей-1200» маркалы ескі комбайны іске жарап тұр. Одан бөлек, шөптайлағыш, екі трактор тіркемесі, «ГАЗ-53» жүк көлігі науқан кезінде тиімді пайдаланылуда.

Айта кету керек, шаруашылық басшысы биыл егістік алқабын жаңбырлатып суғару қондырғысын қомақты қаражатқа сатып алғанын, алайда жоңышқалық алқапты жаңбырлатып суғаруда қондырғының тиімділігін көрмей отырғанын айтады. Әрине, бұл да үлкен мәселе. Сонымен қатар, ШҚ басшысы М.Жақсылықов өз сөзінде, мал шаруашылығын дамытуда жайылымның тапшылығы тірлікке қолбайлау екенін де жасырмады. Айтса, айтқандай, шаруашылық өз иелігіндегі сауынды сиырдың сүтін молайту үшін бірер ай ірі қараны бөлек бағып көрген. Алайда бұрындары бос жатқан жайылымдық жерлердің өз «иелері» бар боп шыққан. Шаруашылық басшысы бір сөзінде жайылымдық жерлердің тарылуына сырттан әкелінетін жеке малдың нөпірін азайту керектігін және жайылымдардың көбісі жеке қолға өтіп кеткендігін айтып қалды. Жайылымдық жерлер қайтадан Үкіметке қайтарылса, бұл мәселенің ішінара болса да шешілетінін алға тартады шаруа азамат.

Біз әңгіме етіп отырған жетітөбелік «Қожа-Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мағзымбек Жақсылықов бұрынғы М.Горький колхозында комбайншы, жүргізуші, кейіннен гараж меңгерушісі, механик, инженер қызметтерін абыроймен атқарған тәжірибелі азамат. Отбасында адал жары Гүлжан Бердібаева екеуі үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде ұл-қыздарының барлығы өмірден өз орындарын тапқан. Ұлдары Әділет, Ақниет, Қожа-Ахмет шаруашылықтың жұмысын ынтымақпен атқарып отыр. Балалардың еңбекке бейім болып өскені әрине, ата-ананың ақылы мен өнегесі, сонымен қатар, отбасындағы түзу тәрбиенің жемісі болса керек.

 

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close