El іshі

Тәуелсіздікпен бірге түлеген Тәттібай ауылы

«Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рахат табылмайды.
Бұлдырасын сағымдай өткен бір күн,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы», деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, ауыл туралы, туған жері туралы толғанбайтын адам, қаламынан сыр шертпейтін ақын-жазушылар жоқ шығар, сірә. Алыптар да, батырлар да, ақын-жазушылардың да түп тамыры ауылда жатыр емес пе?!
Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханияттың темірқазығы, ұлттық құндылықтардың алтын бесігі, береке мен байлықтың бастауы болып қала беретіні анық. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтіндей бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті. Ел мерейін асқақтатқан егемендікке биыл ордалы отыз жыл толып отыр.

Осы ретте бүгін біз саф ауасымен, әсем де көзтартарлық ерекше табиғатымен, асқарлы тауымен ерекшеленетін және тәуелсіздікпен бірге түлеген ішкі істер генерал-майоры Тәттібай Дүйсебайұлы атындағы ауылдың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелейміз.
Жағалауы көк майсалы бұрынғы Амангелді ауылы – Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің және өзге де 13 орден-медальдің иегері, ішкі істер генерал-майоры, абыройлы тұлға Тәттібай Дүйсебайұлының есімімен аталған. Шақпақ ауылдық округіне қарасты бұл ауылды былайғы жұрт жылқышылар мекені, қымыздың отаны деп атаса, көнекөз қариялардың айтуынша, өткен ғасырларда-ақ осы ауылдағы ағайын Черняев (қазіргі Шымкент) қаласының базарларына жылқы апарып саудалайтын болғандықтан, «саудагерлер» ауылы деп те атаған көрінеді.
Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай сан рет түлеген ауыл бүгінде кеңге қанат жайып, дамып келеді десек, артық айтпаған болар едік.
Қазіргі таңда Шақпақ ауылдық округін Затыбек Пашенов басқарады.Әзірге аталған ауылға кіреберіс С.Нарбайұлы көшесінің жолы жөнделіп, жарықтандырылып, қақпа да заманауи үлгіде салынған.Әкім З.Пашеновтың айтуынша, бүгінде ауылда ауызсу жүргізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауызсуға республикалық бюджеттен 111 111,0 мың теңге қаржы бөлінген. Мердігер мекеме «Интеллект Азия» ЖШС жұмыс жасауда. Одан бөлек, округ әкімі ауылды өркендету жолында алға қойған жоспарларымен де бөлісті. Алайда бюджеттен қаржы қарастырылмағандықтан қалған үш көшенің жолын орта жөндеу жұмыстарының тоқтап тұрғанын айтады. Сонымен қатар, спорт алаңшасын салу да жоспарда бар.
«Су – тіршілік көзі» демекші, бұйыртса, жыл соңына дейін тұрғындар ауызсумен толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Бұл да болса ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш болайын деп тұр.
Қазақ халқы қашанда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақылды ұстанып өмір сүретіні белгілі. Десе де, күнделікті өмірдің күйбең тіршілігімен жүріп, ең қымбат байлығымыз саналатын – денсаулықты екінші орынға ысырып қоятынымыз да бар. Осыған орай қазіргі таңда ауылда 2019 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ауыл халқының игілігі үшін жұмыс жасауда. Фельдшерлік-акушерлік пункттің акушері Салтанат Қуанышева тұрғындардың денсаулығын басты орынға қоятын білікті маман. Оның айтуынша, бүгінде елдегі пандемиялық ахуалға байланысты екпе алуда ауылдың адамдары белсенділік танытуда.
Жалпы Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында 65 шаруа қожалық бар. «Рауан», «Қажыгелдин» және «Нұр», «Береке» шаруа қожалықтары тек өз тірліктерін дөңгелетіп қана қоймай, ауылдың біршама тұрғындарын тұрақты жұмыспен де қамтып отыр. Айта кету керек, округ тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – егін және мал шаруашылығы болып табылады. Одан бөлек, «Қымыз – қырық ауруға ем» дегендей бие байлап, қымыз өндіретін, қымыздың отаны саналатын ауыл да осы – Тәттібай ауылы.
Ауылда үш бірдей азық-түлік дүкені бар. Бауыржан Момышұлы көшесінде орын тепкен дүкенде жергілікті тұрғындарға қажеттінің бәрі табылады. Бексұлу Ақментаева арақ-шарап сатпайтын халал дүкеннің сатушысы ретінде ауылдағы ағайынға қызмет көрсетсе, жұбайы Құрманбек Райымбек мерзімді басылымдарды дер кезінде жеткізумен айналысады.Сонымен қатар Өскенбай Ережепов және Рая Таңатарова есімді жеке кәсіпкерлер өз істерін дөңгелетіп, халық игілігі үшін жұмыс жасап жатқан жайлары бар. Бүгінде дүкен иелері ауылдастарының жағдайына қарайлап, тауарды қарызға да беріп тұрады екен.
2008 жылы пайдалануға берілген №28 Амангелді атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрқасым Дербісәлиевтің мәліметі бойынша бүгінде оқу ордасында жалпы саны – 255 оқушы білім алады (15 оқушы даярлық тобында).41 ұстаз (оның ішінде – 36 жоғары білімді педагог, 5 – орта арнаулы білімді педагогог, 1- педагог-зерттеуші, 8 мұғалім жоғары санатты, 7 мұғалім І санатты, 7 педагог-сарапшы, екінші санатты мұғалімдер – 6, 9 мұғалім санатсыз, сондай-ақ 3 модератор) қызмет ететін мектепті биыл 11 оқушы бітірген.
Кез келген саналы адам үшін кітапхананың орны тым бөлек. Ендеше, кітапханаға көп көңіл бөлінуі, әсіресе ауылдық жерлердегі кітапахананың есігіне құлып салынбауы керек. Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы кітапхананың да өз оқырмандары бар. Мұнда мектеп оқушыларының өзге ауыл тұрғындары рухани байлықтарын молайтуға барлық жағдай жасалған. Кітапхана ішінен цифрландырылған ақпараттық орталық та ашылған. Кітапхана меңгерушісі Сандуғаш Дербісәлиева да келген ойлы оқырманға құнды кітаптарды оқуды ұсынып, сапалы қызмет көрсетуде.
Мұхит Жамалбековтың жетекшілігімен жұмыс істейтін ауылдық клубтың да жетістіктері жетерлік. Ауылдағы мәдени іс-шаралар, концерттік бағдарламалар тұрақты өтетін бұл шаңырақ облыстық байқаулардың жүлдегерлері атанған. Бұл да болса ауыл тұрғындары үшін абырой. Жалпы, мәдениет үйі – ауыл мақтанышы.
Аудан жұртшылығына белгілі болғандай, бұл ауылдағы тау бөктерінен туристік нысан ретінде «Қаралма» тау-шаңғы базасы салынып жатыр. Осы нысанның арқасында ауыл тұрғындарының біразы жұмыспен қамтылғаны белгілі. Ал егер, кешеннің құрылысы толық аяқталып, ашылар болса, одан әрі ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысы бұрынғыдан да жақсара түсетіні анық. «Қаралма» туристік кешенінің ауылдағы тау бөктерінде орналасуы генерал-майор Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының атын одан сайын асқақтатып тұрғандай.
Ауылда бүгінде имандылық үйі саналатын мешіт құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Ағайынның бірлігі мен ынтымағының арқасында тұрғындардан қомақты қаржы жиналып, құрылыстың асарлатып салынып жатқанына бірнеше айдың жүзі болды. Ауыл имамы Бауыржан Жалғасбаевтың айтуынша, мешітке қайырымдылық қорынан 70 пайыз көмек берілсе, құрылысқа қажетті қаржының 30 пайызы ауыл тұрындарынан жиналған. Сәтін салса, мешіттің құрылысы қазан айында толық аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар, Тәттібай мешітінің имамы Бауыржан Жалғасбаев мешіт құрылысына қол ұшын созамын деген азаматтарды игілікті іске атсалысуға шақырды.
Ауыл – халқымыздың алтын қазығы. Талай тау тұлғалы азаматтарды түлеткен киелі мекен. Міне, әйгілі ақбас Алатаудың қойнауындағы құт мекен – Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының еңкейген қарты мен еңбектеген баласына дейін еңбекқор.Біз, бұл мақалада олардың бірсыпырасын ғана жаздық. Еңбекпен есейген жұртшылықтың еліміздің тәуелсіздігін тұғырлы етуге де қосып отырған үлестері қомақты. Тәуелсіздікпен бірге түлеген, егемендікпен еңсе тіктеген Тәттібай ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі міне, осындай! Ауыл гүлденсе, бәріміздің гүлденетініміз анық. Ауыл жайлы әңгіме қозғап отырғанымыз да сондықтан болса керек.

Мақпал Саматқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close