El іshі
Ұлы ақынды ардақтау – асыл парызымыз
Қалың жұртшылықтың есінде болса, 2020 жылы ұлы ойшыл, қазақ халқының бас ақыны – Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толып, ақын тойы жыл бойына ұлттық мереке ретінде аталып өтілген болатын. «Талант – туады, өлмейді» демекші, ұлы ойшыл мерейтойының орны қазақ халқы үшін тіптен бөлек. Өйткені, әлемдік деңгейдегі данышпанның адамзатқа қалдырған телегей-теңіз рухани мұрасы, өміршең өнегесі мен тағылымы қазіргі ХХІ ғасырда да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Сол себептен де, ұлы ақын, ойшыл – Абай Құнанбайұлының есімін ардақтау ісі ұлтымыздың асыл парызы болуға тиіс.
Осыған орай ұлы ақынның 175 жылдығының құрметіне және 10 тамыздағы А.Құнанбаевтың туған күніне байланысты «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысының негізінде 10 тамыз – Абай күні мерекесі болып белгіленіп отыр. 2020 жылы бастау алған бұл атаулы күннің өз кезегінде ұлт руханиятындағы ұлық мерекелердің бірі екені даусыз.
«Таулар алыстаған сайын, биіктей береді» демекші, ұлы дала философы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының өмірден озғанына бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де, оның бейнесі туған халқына, туған ұлтына жақындай түсуде. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген кезеңде ұлы ойшылдың жауһар жырлары мен мазмұны терең ой-танымдарының құндылығы артып келеді. Бұл бүгінгі жаппай жаһандану дәуірінде де өте өзекті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында: «Абайды білу – өзіңді тану. Өзін-өзі тану және адамның тұрақты дамуы, ғылым мен білімнің басымдығы – жетілудің көрінісі»,- дей отырып, ақын мұрасының мәңгілік екенін баса айтып отыр.
Бүгін 10 тамызда қазақтың ұлы ақыны, хакім Абайдың туғанына 176 жыл толды. Абай Құнанбаев – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, данышпан-ойшыл. Ол өз шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау ете білген ұлы тұлға. Жалпы Абайдың қай күні дүниеге келгеніне байланысты кереғар пікірлер көп. Бірі ұлы ақынды 10 тамызда дүниеге келген десе, енді бірі 23 тамызда туған деген пікір айтады.
Дегенмен, ақын ескі жыл қайыру бойынша 10 тамызда туған. Не десек те, ұлыларымызға жыл он екі ай бойы тағзым етіп, шығармаларын ұлықтаудың еш сөкеттігі жоқ. Былтырдан бастап 10 тамыз – Абай күні болып мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Бұл күн елімізде жыл сайын халықтық мейрам ретінде аталып өтілетін болады. Ең бастысы, ақын тойы ел өңірлерінде елдік, халықтық мұраттарды кеңінен қамтып, жыр мерекесі ретінде де аталып өтілуде.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»