El іshі

Менің Отаным – Қазақстан!

Қазақстан – менің туып-өскен шаңырағым, бойыма алғаш тәрбие мен тәртіпті қалыптастырған алтын бесігім. Қазақ халқы ежелден-ақ көптеген қиыншылық кезеңдерді бастан кешіргені белгілі. Дегенмен, құндылығы мен ұлттық нышанын сақтап, болашаққа арқау болып, бүгінгі «Қазақ Елі» деген атқа ие болып отыр. Мұны Отанымыз бен ондағы халықтың өзара татулығынан деп білуге болады.
Мен өз Отаныммен мақтанамын. Қазақ елінің бір перзенті болып бала күнімнен ырым мен тыйымды, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жетік меңгергеніме дән ризамын. Қарап отырсаңыз, қазақтың сыйластығы мен қонақжайлығы, ар-намысының биік болуы, жастардың жанып тұрған жалыны, өжеттілігі өзге халықтардан ерекшеленеді. Халқымның ертеден дана болып, үлкеннің сөзіне құлақ асып, баланы еңбекке ерте баулығаны да бар. Жылқы жануарын жанына серік етіп, мінсең – көлік, ішсең – қымыз қып бағалауы да тектен тек емес. Халқымыздың сүт, май, ірімшігі, сүт өнімдері, соның ішінде тек өзімізде бар құрт, қымыз, саумалы талай дертке шипа. Мұны да қазақтың даналығынан деп білемін.
Атап өтпеске болмас, еліміздің мақтаныш етер қасиетті жерлері де аз емес. Байқоңыр ғарыш айлағын алсақ, Азияның кіндігінде орналасқан керемет орын. Бұл аймаққа жұлдыздарға жол салу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келеді. Химиялық элементтерді алып қарасақ, Менделеев кестесінің 90%-ға жуық элементі Қазақстанда кездеседі. Алтын, күміс және басқа да пайдалы қазбалар кеңінен табылады. Мұнайға бай еліміз оны өндіруді қолға алып, пайдасын көріп отыр. Жазира жайсаң кең даламыздан емдік шөптерді табуға болады. Ақмола облысы аумағындағы Қорғалжын қорығы, бүкіл «Орталық Қазақстанның інжу-маржаны». «Қазақстан Швейцариясы» атанған жұмбаққа толы Бурабай көлі орналасқан. Қорғалжын қорығының атағы республикадан тыс жерлерге де мәлім, мұндағы көптеген сирек кездесетін құстар мемлекет қамқорлығына алынып, «Қызыл кітапқа» енгізілген.
Қазақтың абыройын асқақ еткен, ұрпаққа үлгі ғұлама Абай – қазақтың ұлы тұлғасы, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби, қазақтың ағартушысы Ыбырай Алтынсарин, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы бар. Сонымен қатар, Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов сынды тау шыңындай асқақ тұлғаларымыз бар. Әрине, барша қазақ мақтанышын атап өтер болсам, олардың есімдері қалың кітапқа да сыймас еді.
Өз Отаным жайында ой қозғағанда бойымды әлдебір сезім билеп, қуанышқа бөленемін. Туған жеріме деген сүйіспеншілігім зор. Менің Отаным экономикасы алға басқан, ұлтжанды, рухты жастары бар, дамыған, егеменді ел, ол – Қазақстан!

Еркеназ Қонысбай,
№2 Мыңбұлақ орта мектебінің
8 сынып оқушысы

Таңдаулы материалдар

Close