El іshі

Дала өрттері дер кезінде ауыздықталды

Биылғы жылы жаз мезгілінің ыстық әрі жаңбырсыз құрғақ өтуіне байланысты далада өрт қаупі жиі-жиі туындап отырғаны белгілі. Апат айтып келмейді. Осындай кезеңде өрт қауіпсіздігін мейлінше сақтап, тосыннан туындайтын тағы да басқа апатты жағдайлардың алдын алуға дайын болуымыз қажет. Бұл жағдай өрт сөндіру және төтенше жағдайлар құрылымдарымен қатар тұрғындарға да тікелей қатысты болмақ.
Осы орайда ағымдағы жылдың 12 тамыз күні 14 сағат 04 минутта №7 өрт сөндіру бөлімінің 101 жүйесіне ауданға қарасты Нұрлыкент ауылдық округінде орналасқан «Нұрлы-Солар» күн электр стансасы ЖШС аумағындағы қураған шөптің жанып жатқаны туралы Сайлау Боранбай есімді азамат ұялы телефон нөмірі арқылы хабарлаған.
Оқиға орнына І-жүрістегі АЦ-5,5-40/2 5557 маркалы өрт сөндіру автокөлігі құрамында алты адамымен бірге жедел аттанады. Сонымен бірге төтенше жағдайға Нұрлыкент ауылдық округінен бес адам, бір жеңіл автокөлік, Қызыларықтан да бес адам, бір жеңіл автокөлік, Көкбастау округінен 10 адам, екі жеңіл автокөлік, Ақсай, Қарасаз ауылдық округтері мен Б.Момышұлы ауылынан қосымша адамдар мен көліктер көмекке келіп, өртті сөндіруге қатысқанын айта кеткен жөн.
Оқиға орнында, дәлірек айтқанда, «Нұрлы-Солар» күн электр стансасы аумағындағы қураған шөптің жанып жатқаны анықталып, өртті сөндіруге 1 «Б» оқпаны берілді. Дала өртінің жалпы көлемі 28 гектар аумақты шарпыған. Аудандық өрт сөндіру бөлімінің ресми мәліметі бойынша, аталған өрт оқиғасынан жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрт оқиғасының нақты себептері анықталып жатыр.
-12 тамыз күні Қошқарата ауылдық округінің Қызтоған ауылы маңында да құрғақ шөптің жану оқиғасы тіркелді. Оған да аталған ауылдық округтен 10 адам, трактор соқасымен, сондай-ақ Көлтоған ауылындағы №3 өрт сөндіру бекетінен төрт адам, бір арнайы техника қатысып, өртті дер кезінде сөндірді. Көкбастау ауылдық округінде де құрғақ шөптің жану оқиғасы орын алып отыр. Апатты жағдайлардың салдарымен күрескенше, оның алдын алуға бәріміз жұмылғанымыз абзал. Өрттің тілсіз жау екенін тұрғындардың бәрі жақсы біледі. Сөйте тұра қарапайым ережелерді сақтамайды. Осындай салғырттықтардың салдарынан ауыл тұрғындарының өзі зардап шегіп жатады. Жайылымдар отқа оранса, ауыл шаруашылығына да орасан зиян келеді. Ертеңімізді бүгіннен бастап ойланғанымыз жөн болар. Тұрғындарға кез келген жағдайда өрттің алдын алу жайын баса айтқым келеді,- дейді аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Берік Кайпов.
«Сақтансаң – сақтайды» демекші, сақтық шараларын сақтай білсек, ешқашан өкінішті жағдайларға ұрынбаймыз.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close