El іshі

Алқап басынан ескен еңбек әуені

 

Өтеновтар әулеті Нұрлыкент ауылына көшіп келгелі бергі уақытта негізінен диқаншылықты кәсіп көзіне айналдырып келеді. Ерте көктемнен бастап үй іргесіндегі 10-15 соттық жерлеріне қырыққабат, қызанақ, ащы бұрыш, тәтті бұрыш, баклажан, пияз, болгар бұрышы, тағы басқа көкөністердің көшетін егіп, баптаумен айналысады. Әулеттің ортаншы ұлы Мұзаффар ағаның айтуынша, жыл сайын 600-700 мыңға дейін көшет дайындап, оны ауыл тұрғындарына, қала берді аудан орталығындағы сауда орындарына апарып саудалайды екен.

Одан бөлек, ағайындарымен бірігіп Б.Момышұлы ауылының маңынан («Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолының бойы) 10 гектардай жерді жалға алып, оған қырыққабат, қызанақтың бірнеше түрін егумен айналысады. Ала жаздай еңбектеніп, өндірген өнімдерін аудан, облыс орталықтарына апарып саудалайды. Кейде алымсақтар қырыққабатты алқап басынан жүк көліктерімен келіп алып кетеді. Әрине, бұл үлкен еңбек. Өтеновтар отбасы бұл тірлікпен 10-15 жылдан бері тұрақты айналысып келеді екен.

Бұл отбасы жылдағы дәстүрмен биыл да жылыжайға көкөніс көшеттерін отырғызып, оны күтіп-баптады. Бау-бақша дақылдарының көшеттерін сатылымға шығарып, аз болса да пайда тапты. Сатудан бөлек, алқапқа өздері де көшет отырғызып, қазір оны отбасы мүшелерімен бірге күтіп, баптап, қарау үстінде.

– Бұл біз үшін отбасылық кәсіп. Өздеріңіз білесіздер, ауылда мал мен жерден басқа жұмыстың, табыстың көзі жоқ,- деп бастады әңгімесін Мұзаффар диқан алқапқа су салып жатып. – Бақташы қорасындағы малының амандығын тілесе, біз де еккен егініміз бен бау-бақшалығымыздан мол өнім алуға ниет етіп, ол үшін күндіз-түні жұмыс істейміз.

Ағайынды Өтеновтар жалға алған 10 гектар алқапқа жыл сайын негізінен қырыққабат егеді. Атап айтқанда, «Ринда», «Бухарест», «Заказ» сұрыптары осында жерсіндірілген. Оның ішінде «Ринда» тұқымы қырыққабаттың басқа сұрыптарына қарағанда, ерте өнім береді екен. Қырыққабаттың бұл түрі негізінен еліміздің бірқатар өңірлеріне жөнелтіледі. Мысалы, Жуалының құнарлы топырағы мен салқын самалды ауа райы жағдайында өсіп-жетілген қырыққабаттың осы түріне өз облысымызбен қатар, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай облыстары қызығушылық танытуда.

Жер тиісті өңдеуден өткен соң, алқапқа бір ай бұрын қырыққабат сұрыптары отырғызылды. Оның жанында екі гектарға картоптың «Гала» деп аталатын сұрыпты тұқымы егілген екен. Қазір алқап басында шөп жұлып, кетпендеу және суғару жұмыстары атқарылып жатыр. Әрине, аз адаммен көп тірліктің бітпейтіні белгілі. Жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтау үшін диқандар отбасы Нұрлыкент ауылынан қосымша жұмысшылар жалдайды. Алқап басында күн сайын он шақты жалдамалы жұмысшы еңбек етуде. Оларға күндігіне ақы төленеді.

Бау-бақша дақылдарының ішінде қырыққабат суды көп қажет етеді екен. Ойдағыдай өнім алу үшін күтіммен қатар, мол су қажет. Алқапты баптап жатқан диқандар суғару барысында қырыққабатқа минералды тыңайтқыш беруді де ұмытпай, оны ағын сумен бірге ендіру үстінде.

Алқап басындағы жұмыстарға Мұзаффар аға басшылық жасап жүргенімен, қай тірлік болсын, өзі де қарап тұрмай кірісіп кетеді. Біз алқап басына барғанымызда, ол кісі қырыққабатқа су салу үшін әрбір жүйекке тыңайтқыш шашып жүр екен. Ал күйеубаласы Бекбол егілген өнімді дәрілеу үстінде. Сонда құрт-құмырсқа, басқа да бақша зиянкестері жоламайды дейді олар.

Ал,Мұзаффардың інісі Мүсілім Өтенов негізінен мұнда сушы қызметін атқарады екен. Ол алқапқа екінші суды салып жатыр. Қырыққабатты жиі-жиі суғару керектігін әңгіме арасында айтқанбыз. Алайда судың аз келуіне байланысты мұндай мүмкіндік жоқ. Оның үстіне жол-жөнекей суды рұқсатсыз бұрып алатындар тағы бар. Диқандар «Ақсай» су шаруашылығы мекемесімен келісімшартқа тұрып, тиісті мөлшердегі суын алып отыр. Оған төленетін ақысы да қомақты. Сондықтан суды келген мезетте уақтылы пайдаланбаса болмайды. Ол үшін күндіз-түні алқаптың басында болуың қажет. Тәжірибелі сушы мұны өте жақсы біледі.

-Қазір алқап басында шөп жұлумен қатар суғару жұмыстары жүріп жатыр. Әрине бұл мол өнім алудың бірден бір кепілі. Біз осылай таза өнім өндіруге күш салудамыз. Жерге де мейіріммен қарамаса болмайды,- дейді Мұзаффар диқан.

«Баптай білсең, жер жомарт» деген рас-ау. Жерге маңдай термен қоса, мейірімін төгіп қарап жатқан Өтеновтар әулетінің өнімді тірлігіне қарап-ақ, күзгі жиын-терім кезінде өнімнің мол болатынын бағамдауға болатындай… Біз де алқап басынан ескен еңбек әуеніне елітіп, қуанып қайттық.

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close