El іshі
Жастарға тың серпін берді
“Серпін” – сәтті басталған жобалардың бірі. Мемлекеттік “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша елімізде гранттар бөлініп, түлектер оқуға түсуде. Гранттың басым бөлігін оңтүстік қазақстандық жастар иемденіп, еліміздің солтүстік, шығыс және батыс өңірлеріндегі жоғары оқу орындарында оқуда.
2014 жылы бастау алған бағдарламаның басты мақсаты – еліміздің еңбек ресурстары басым келетін оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, жұмысқа орналастыру.
Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы орасан зор. Өйткені, түлектер мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін ұғынып, қалаған мамандық иесі атануда. Осы ретте, өткен жылы ауданымыздан “Серпін” бағдарламасы аясында жеті оқушы грантқа оқуға түскен.
Түлектер М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Қарағанды техникалық университетін, Қарағанды индустриялық университетін және Семей қаласындағы Ш.Құдайбердиев атындағы университетін таңдаған. Бұл жолы бағдарлама аясында №5 М.Ломоносов, №11 Т.Тастандиев және №4 Қ.Сағындықов атындағы ОМ-ның түлектері грантқа оқуға түскен.
Ал, биыл ауданнан 11 оқушы грант иегері атанған. Жастар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Қарағанды индустриялық университетін, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін, Көкшетау педагогикалық университетін таңдаған. Бұл оқу орындарында қазіргі таңда №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның, №5 М.Ломоносов атындағы ОМ-ның, №11 Т.Тастандиев атындағы ОМ-ның, №3 Қ.Қошмамбетов атындағы ОМ-ның оқушылары білім алуда.
Бағдарламаның жастарға берері көп. Оны бүгінгі жас түлектер де жақсы ұғынуда. Осы орайда, аудандық білім бөлімінен аталған бағдарлама аясында оқуға түскен оқушылардың тізімін алып, бірнеше жастарға хабарласқан едік. Олардың да өз айтары бар екен.
Олжас Жандосұлы, Нұрлыкент ауылының тұрғыны:
– Мен биыл ауылдағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепті бітірдім. Ұлттық бірыңғай тестілеуде таңдау пәнім математика болды. Өзім осы пәнді сүйіп оқимын. ҰБТ-дан 81 балл алдым. Содан жоғарғы оқу орнына түсу үшін ҰБТ-да жинаған балым жетпей қалды. Мамандық таңдауда қателеспеу керек екенін де жақсы білемін. Сол себепті өзім таңдаған мамандығым бойынша қандай оқу орнына түсу керектігін, қандай тиімді бағдарлама бар, грантқа қалай түсу қажеттігі туралы курсқа қатысып, білдім. Курстан “Серпін” бағдарламасы туралы ақпарат берілді.
Отбасыма және өзіме тиімді тұсын қарастырдым. Мемлекеттік бағдарлама жайында жақсы білгендіктен грантқа түсу үшін құжатымды тапсырып, конкурстың нәтижесін күттім. Содан Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті атандым.
Үміт Сүйіндік, Шақпақата ауылының тұрғыны:
-Мен қазіргі таңда Семей қаласындағы Ш.Құдайбердиев атындағы университеттің ІІ курс студентімін. Ветеринария мамандығы бойынша білім алудамын. Өткен жылы ауылдағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті бітірдім. ҰБТ-дан 52 балл жинадым. Негізгі қалауым мұғалім болу еді. Алайда уақытты босқа жібермей, тиімді әрі пайдалы бағдарлама арқылы оқуға бел будым. “Серпін” бағдарламасы арқылы туыс әпкелерім сонда оқып, бітірген. Туысым арқылы бағдарламаның жақсы тұстарын біліп, грант иегері атандым. Шәкіртақы тағайындалған. Мұғалімдермен де жақсы қарым-қатынастамыз. І курсты онлайн режімде тамамдадық. Биыл да денсаулығыма байланысты онлайн оқып жатырмын.
Нұршат Әмірбай, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
-Біздің ауылға ерікті жас Бағдәулет Сапарханов келіп, “Серпін” бағдарламасы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бағдарламаның тиімді тұсы мен мақсатын насихаттады. Түсіндірме жұмыстары арқылы түлектер толық ақпарат алды.
№11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің түлегімін. ҰБТ-дан 79 балл жинадым. Өзге қалалардағы жоғарғы оқу орындарына грнатқа түсу үшін жинаған балым жетпеді. Өзімнің қалаған мамандығым бойынша білім алғым келді. Содан “Серпін” бағдарламасымен грантқа түсу үшін құжаттарымды жинап, өткіздім. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ІІ курс студентімін. Мамандығым – педагогика және психология.
Жаңа білім беру бағдарламасы жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетуге және мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған. Арнайы квота бойынша білім алу үшін оңтүстік аймақтардан студенттер солтүстікке баруда. Бағдарламада студенттерге медициналық қызмет алу, жолақысы және жұмыспен қамтылуы қарастырылған. Бүгінгі күні бізге 50 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленуде. Жылына екі рет 13 мың теңгеден жолақысы түседі. Арзандатылған бағада жатақханамен қамтамасыз етілдік.
Міне, мемлекеттік бағдарламаның жастарға берері көп. Ең бастысы, түлектер өз қалаған мамандықтарымен білім алуда.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»