El іshі
Үй іргелік жерлер тиімді пайдаланылуда
Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Бәйтерек ауылында Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасының аясында еңбек етіп жатқан еңбекқор отбасылар баршылық. Олар пилоттық жобаның бірінші бағыты бойынша үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануда.Соның бірі Сайдуали Досымов үй іргесіндегі 10 соттық жерге 1300 түп қызанақ егіп, тамшылатып суғару арқылы ылғалды үнемдеу технологиясын қолдануда. Бұл отбасы тек қызанақ егумен шектелмей, картоп, жүгері, құлпынай, таңқурай отырғызған. Міне, осындай үй іргесіндегі бақшада әкелі-балалы болып, таң атқаннан кеш батқанға дейін қызу тірліктің басы-қасында жүреді.
Сайдуали аға Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы Жоғарғы Шыршық ауданынан атажұртқа қоныс аударып, көшіп келген. Ол өмірбойы ауыл шаруашылығында жұмыс істеп, зейнетке шыққан азамат. Өмірлік жары Қызылгүл Әміреқұлова екеуінің бір ұл, үш қызы бар. Қыздары Рано мұғалім, Роза және Гүлжан дәрігерлер. Ұлы Мадияр әкесінің жолын қуып, ауыл шаруашылығына ден қойған.
Досымовтар отбасының ауласынан еселі еңбектің әуені еседі. Аулаға кіреберістен оң жаққа 18 түп алма ағашымен бірнеше түп алмұрт, шабдалы отырғызып, жоңышқа сепкен. Ал, сол жағына сары өрік, қара өріктермен қоса, жаңадан құлпынай, таңқурай көшеттеліп отырғызылған. Есік алдында бау-бақша үшін арнайы қазылған құдық та бар. Құдыққа жалғанған шлангілер бірден бағбанның бақшасына қарай тартылған.
-Бұл ауылға көшіп келгеніме үш жылдың жүзі болды. Ең бірінші атажұртқа ұлым отбасымен қоныс аударса, қыздарым Ташкентте қалды. Міне, содан бері осындай тірлікті қолға алып, күнімізді көрудеміз. Биыл қызанақты екінші жыл егіп отырмыз. Қызанақтың «Линда» деп аталатын тұқымын Тараз қаласындағы агродүкеннен сатып алып келдік. Есік алдына кішігірім жылыжай салып, соның ішінде көшетті өсіріп алдық. Ол үшін алдымен дәнін сеуіп, күтімін жасап, содан кейін барып жерге қондырдық.
Қызанақты 25 сәуірде ектік. Жапондық «Линда» сортты қызанақтың 2000 түбінен 1300 түбі өнді. 15 шілдеге қарай жиын-терім болады деп күтіп отырмыз. Жақсы өнім алу үшін де жерге жақсы күтім жасау керек. Тыңайтқыштар сеуіп, құнарландырып отырса, жерден жақсы өнім алуға болады.
Қызанақты да дұрыс күтім жасап, суғару керек. Ішіндегі арам шөбін жұлып, түбін қопсытып тұрған жөн. Құдықтан тартылған суды жүйекке бөліп, әр түптің басына шлангі қойып, тамшылатып суғарып жатырмыз.Оны таңертең және кешкі салқынмен екі мезгіл суғарған жөн. Күн ыстықта су жіберсең, қызанақ ауырып, жапырақтары сарғайып кетеді. Тағы бір ерекшелігі, қызанақты күн салқында еккен дұрыс. Күннің көзі жақсы түсуі үшін бақшадағы алма ағаштарын кесіп тастадық.
Тамшылатып суғаруды Ташкентте жұмыс істеп жүргенде көргенмін. Егемендік алған соң Свердлов колхозында Израильдің технологиясымен тамшылатып картоп, көкөністерді суғарғанбыз. Оның қаншалықты өнімге пайдасын, үнемділігін, өнімнің жақсы шығуын өз көзіммен көріп, тәжірибе алдым. Сол тәжірибені қазіргі таңда қолданып, пайдасын көрудеміз. Үйде қарап отыруға болмайды. Отбасының қамы үшін бірге қимылдап, еңбек етудеміз. Өткен жылы да қызанақты егіп, қаржы жиналып, бір сиыр сатып алдық. Биыл да өөінімізді аудан төңірегінде саудалайтын боламыз. Көбінесе, ауыл тұрғындарынан артылмайды, – дейді Сайдуали аға.
* * *
Досымовтардың үй іргесіндегі бақшасын көрген соң, ауылдағы көпбалалы Шынтаевтар отбасына да атбасын бұрдық. Отағасы Ермекбай Шынтаев өз күшімен үш соттық жерге жылыжай салған екен. Ауылдағы қандас ағайын отбасының нәсібін осы жылыжайдан көріп отырған жайы бар.
Ерлі-зайыпты Шынтаевтардың еңбек күні таңғы сағат 6-дан басталады. Сол уақыттан жылыжайда екеуі еңбек етеді.
Тәуекелге бел буған соң, нәтижеге жету керек. Ол үшін ерінбей еңбек етіп, еккен өніміңе күтім жасаған абзал. Ауладағы жылыжайды салу үшін бір миллионға жуық қаражат жұмсалған. Әрине, бұл отбасыға мұнша қаржы аз қаржы емес. Дегенмен сенім деген ұлы күш жетелеп, тәуекелге бел буып отыр. Ол жылыжайды көршілес Түркістан облысының Шымкент қаласынан алып келген. Әрбір керекті нәрселерін мұқият орнатып, сапалы өнім алу үшін күш жұмылдырылған. Жылыжайдағы жайқалып өскен қиярды олар бүгінгі таңда жинап, саудалап та үлгерген.
Ермекбай аға отбасымен Өзбекстанның Сырдария облысынан 2005 жылы осында көшіп келген. Ол өзбек елінде көбінесе диқаншылықпен айналысқан. Тарихи отанына оралған соң құрылыс саласында, яғни Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында еңбек еткен. Соңғы жылдары Шымкент шаһарында «Асар» мөлтек ауданында жылыжайда жұмыс істеп келген. Сонда көрген-білгенін ауылға әкеліп, өзі осы іске кіріседі.
Көпбалалы Шынтаевтардың отбасында үш ұл, ұш қыз дүниеге келген. Тұңғыштары Ерқан – Ақтөбе ауылдық дәрігерлік амбулаториясында лаборант болып жұмыс істейді. Қыздары Мақпал – психолог, тұрмыста. Ұлдары Мейірхан Алматыда авиациялық академияның ІІІ курсын бітірген. Әсет, Мадина, Әдемі деген перзенттері бірінен соң бірі өсіп келеді.
-Отбасым үлкен. Жұбайым жұмыссыз. Бала күтімімен үйде болып, перзенттеріміздің тәрбиесімен айналысты. Балаларымыздың алды қазіргі таңда жұмыс істейді. Ал, бізге дүниеге әкелген балаларымызды қатарынан қалдырмай, жеткізуіміз қажет. Сыртта жүріп, өмірбойы жұмыс істей беруге де болмайды. Сондықтан Шымкенттегі жылыжайдағы тәжірибемді ауылға әкелуді көп ойландым. Ойлана келе, нар тәуекел деп өз қаржыма жылыжай салдым. Алғаш бастамам – қияр егу.
Ауылда тек мал мен егін шаруашылығымен айалысса аласың. Ал, мынадай табиғи таза өнімді өзіңен шығарып, сауда айналымын кеңейтуге болады. Сауда болған жерде тұрындардың да табысы артары сөзсіз.
Қиярдың түріктің «Миннель» сортын Шымкент қаласынан алып келдім. Ондағы агрономдарға қиярдың дәнін алып барып, олар бізге көшетін шығарып берді. Үш жапырақ болып шыққанда әкеліп, жерге қондырдық. Топырағы да өзгеше болады. Жылыжайдағы қиярдың орнына тыңайтқыштар сеуіп, құнарлы етіп әзірледік.
Жылыжайдың темірлері бөлек, үстіндегі жабылған полиэтилен үлдірі де арнайы жылыжайға арналған. Мұнда бітпеген әлі де жұмыстар бар. Қыстың күні де өнім алу үшін дайындық жасауымыз қажет.
Көшетті мамырдың 20-сында жерге қондырдық. Қияр 35 күнде пісіп дайын болады.
Қиярға арналған дәрі, дәрумендер бар. Оларды агрономдардан кеңес алып, уақтылы сеуіп тұрамыз. Шымкент қаласынан арнайы алып еккен соң, олар үнемі хабарласып тұрады. Егер де қияр ауырып, өспей жатса, өздері келіп көріп, кеңестерін айтып кетеді. Жалпы қиярды өсірген адам уақытты жоғалтпауы керек.
Қиярды бір жылда екі рет егіп, өнім алуға болады. Үздіксіз төрт ай өнім береді. Қиярды 40 сантиметр арақашықта еккен дұрыс. Күтімі де ерекше. Оның мұртшаларын жұлып, өскіндерді алып тастау керек. Күнара суғару керек. Біз қиярды ауладағы құдықтан су тартып, тамшылатып суғарып отырмыз. Әр 12 күн сайын дәрілеп тұрамыз. Оны тіркеп жазып отыратын арнайы дәптер де бар.
Жиын-терім кезінде де қиярды 10-12 см-ге дейін өскенде, жинаған дұрыс. Егер өсіп кетсе, қияр ұрықтанып, жарамсыз болып қалады. Өскен сайын өскінін жоғары қаратып, жіпке орап отырамыз. Жапырағын, мұртшаларын басып кетуге де болмайды. Сарғайып өнім бермей қалуы мүмкін.
Қиярдың 1000 түбін отырғызып, бүгінгі таңда күніне 60-80 келі қияр жинаудамыз. 1 түп алты келіден береді. Келісін 100 теңгеден аудандық орталық базарға өткізудеміз.
Қияр өте аурушаң болады. Оны өсіру сонысымен қиындау. Мұқият, уақтылы күтімін жасап тұру қажет.Егер осыны егіп, жақсы өнім алсақ, қызанақты егу оңайырақ болады екен. Бір жылыжайға тек бір көкөністі егу керек. Араластырып егуге болмайды. Өйткені, біріндегі ауру екіншісіне жұғып, әбігерге салады.
Жалпы жылыжайдың пайдасы өте көп. Тек онымен дұрыс жұмыс істеп, ішіндегі керек заттарын қондырып алу керек екен. Бізге әлі күзге, қысқа қарай ауа айналымы үшін желдеткіш орнатып, ішіне жылу жүргізу керек, – дейді Ермекбай Шынтаев.
Жаңашылдықты ауылға әкелген қолынан іс келетін азамат алдағы уақыттаҮкімет тарапынан көмек болатын болса, жылыжайдың ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Үй іргесіндегі басқа да жерлерге тағы да жылыжай салып, қызанақ, тәтті бұрыш егуді қола алуға ниетті. Иә, өз күшімен қолдағы барымен тәуекелге барған азаматқа көмек-қолдау керек-ақ. Ауылдың дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосуды мақсат тұтуда. Қолынан іс келетін еңбекқор жанға көмек болып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»