Жылдың ыстық мезгілінің келуімен бақша суы үлкен маңызға ие болатыны анық. Өйткені, кез келген тұрғын үй іргесіндегі жерге еккен дақылдарды жаз бойы күтіп-баптап, одан алған өніммен қыс азығын қамдағысы келеді.
Ережепбай Орыновтың аудан орталығындағы Жамбыл, Қонаев, Ақментей және Бәйтерек көшелерінде мұрап болып істегеніне 15 жылдан астам уақыт өтті. Әуелі, зейнетке шыққанға дейін сушылықты негізгі жұмысына қосымша алып жүрді. Одан кейін 3-4 жыл арада үзіліс болды. Енді, міне, көктем басталғалы көше тұрғындары оған қайтадан қолқа салып, мұрап болып жүрген жайы бар.
Бұл көшелерге ағын су Ақсай каналынан тартылған құбырдан тікелей түседі. Бүгінде ұзын ырғасы 60-қа жуық аула аяқ суды тұтынып отыр.
– Көмекшім Абай Асылбаев екеуіміз жұмысқа таң алакеуімнен кірісеміз. Арықтың басынан аяғына дейін күніне бірнеше мәрте жүріп өтеміз. Бұл шамамен бес шақырымдай. Қас қарайғанша біреуіміз арықтың басында, біреуіміз ортасынан аяғына дейінгі аралықта жүреміз. Арық басталған тұста шаруалардың гектарлап еккен жоңышқа алқаптары бар. Кейде суды арыққа жіберіп алып, орта тұсына барғанда, оның ағыны азайып қалып жатқанын байқаймыз. Содан кері қарай бірнеше шақырым өтіп, арықтың басына жүгіріп келуге мәжбүрміз. Шаруалар ағын суды өз алқаптарына жығып алып қояды. Оларға бұл бақшаға арналған су екенін айтып, түсіндіруге тура келеді.
Ауыл әкімдігі мен Ақсай өндірістік бөлімшесінің арасында су жеткізіп беру туралы шарт бар. Соған сәйкес суды жеткізіп беру тегін. Тұрғындар үшін бекітілген бір суғарудың құны – 1 000 теңге. Бұл – біздің еңбегіміз.
Негізінен бақшаларға көкөністер мен жеміс-жидектер егілген. Жекелеген аулаларда жеміс ағаштары да бар. Су беріле бастағалы бері төрт мәрте суғарып үлгергендер бар. «Су ақысы неге қымбат?» дегендерге «осыдан үш-төрт жыл бұрын 200-500 теңге аралығында еді. Қазір дүниенің бәрі қымбаттап жатыр. Ол кезде 200 теңгеге 4 келі қызанақ, 5 келі картоп алсақ, қазір бір келі де келмейді» дейміз, – дейді Ережепбай.
Ал Абылай хан, Сауранбекұлы көшелерінде жағдай басқаша. Мұнда мұрап болып істеп жүрген Қуантай Исаев ақсақал талай еңбектің арқасында келген арық суын пайдалануға келгенде, бақша иелерінің бәрі бірдей ықылас танытпай отырғанын айтады. Көктемнен бері бірнеше мәрте ескертілгеніне қарамастан, кей тұрғындар бақшасындағы арық жүретін жолды тазартпаған. Кей тұстарға құрылыс соғып тастаған.
– Судың да сұрауы бар ғой. Суды бергеннен кейін оның ақысын төлеу керек. Қазір ағыл-тегіл жатқан ешнәрсе жоқ. 1500 теңгені қымбатсынған кейбір тұрғындар бақшасын құдық суымен, құбырдан суғаруын жалғастыруда. Ағын су жіберілгелі төрт-ақ аула су алды. Қалғандары бақша екпеген немесе су алудан мүлдем бас тартып отырғандар. Бұлай бола берсе, суды қайтадан сайға жібереміз, – дейді ақсақал.
Ауыл әкімі Марат Қасымбековпен хабарласқанымызда, ол «Ақсай өндірістік бөлімшесі босатқан судың әр 100 литрі үшін пайдаланушы 8 000 теңге төлеуі шарт Мұны әр бақшаға шаққанда бір суғарудың ақысы шамамен 800 теңгені құрайды. Оған мұраптың маңдай тері, табан ақысын қосыңыз», – дейді Марат Сайлауұлы.
Р.S. «Қыс қамын жаз ойла» дегендей, қазір қысқы азықты нағыз қамдайтын шақ. Әрине, көкөністер мен басқа да жеміс дақылдарын өз аулаңда, өз қолыңмен өсіріп, жинап алғанға не жетсін?! Қырық түрлі сылтау айтып, бақшаңды жөнімен игермей, қылышын сүйретіп жеткен қыста оны бірнеше есе қымбат бағаға сатып жесең, кімге өкпелейсің?!
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»