El іshі

Ардагерлер «Жаңа өмірмен» бірге!

Қарасаз – аудандағы ең іргелі ауылдық округтің бірі болуымен қатар, халқының ынтымағы мен бірлігі жарасқан, ырыс пен береке қатар қонған аймақ.
Уыздай ұйыған ауызбіршіліктің арқасында ауылдағы жалпы қай сала болсын даму жолына түскен. Жер төсін емген диқан қауымы егіс алқаптарынан мол өнімге қол жеткізіп келеді.

Ел ырыздығы мен табысының еселеп артуына ардагерлер ұйымының да қосып отырған үлесі зор. Еңбек майданында ысылған, өмірден көргені мен түйгені мол аға буын өкілдері жастар тәрбиесіне тұрақты көңіл бөліп, имандылық пен адами қасиеттердің өнегесін көрсетуде.
Жақында редакциямызға округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сағындық Тоқбергенов бастаған бір топ ақсақалдар келіп, ауыл-аймақтағы жұрттың тыныс-тіршілігімен және жаңалықтарымен бөліскен-ді.
Әңгіме ауаны ауданның төл басылымына жазылу науқанына қарай ойысқанда Сағындық аға бұл мәселені өздерінің таяуда өткен жиынында қозғағанын, кеңес мүшелерінің бас-басына бір-бір газеттен жазылғанын айта келе, аға буын өкілдерінің қашанда басылымның тірегі болып қала беретініне сендірді.
– Өз басым жаңалықтың жаршысы болып жүрген «Жаңа өмір» газетін жарты ғасырдан бері үзбей алып оқимын. Ауданның әр өңірінде болып жатқан игі істер, барлық саланың тыныс-тіршілігі, тіптен кез келген жастағы оқырманға лайық ақпараттар, ақыл-кеңестерді осы басылым беттерінен табамыз.
Біз, ардагерлер, газеттің әр санындағы өзекті тақырыптарды қаузайтын мақалаларды талқылап отырамыз. Сондықтан да, біз, аға буын өкілдері әрдайым газетпен біргеміз, – дейді ауылдық округтің төбе биі Нұртаза Омаров.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close