El іshі
«Даңқ» залына саяхат жасады
Мектеп оқушылары қазіргі уақытта қоғамның толыққанды мүшесі және болашақта өз ортасының жетекші тұлғасы болатындықтан олардың бойына патриоттық тәрбиемен қатар, мұражай арқылы пәнаралық білім негізін қалыптастыру – бүгінгі педагогтардың міндеті.
Өз өлкеңнің тарихын біліп, тек сүйсініп жүру жеткіліксіз, оларды сақтап, қорғап, насихаттау қажет. Өткеннен қалған зор тарихи-мәдени құндылықтарымыз жас ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзіне айналуы тиіс. Ал тәрбие құралы ретінде мұражай жұмыстарын да қолдануға болады. Мұражай тарихқа деген қызығушылық туғызып, бұрынғының естелігін сақтауға ұмтылдырады. Ал тарих туған жерден басталады, сондықтан әр тұрғын өзі тұрған елді мекен жері мен азаматтарының тарихын білгені жөн.
Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуына орай ауданға қарасты №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан «Даңқ» залына саяхат сабағын ұйымдастырды. Ондағы басты мақсат – Бауыржан Момышұлының биік тарихи тұлғасын тереңірек тану, оның өнегелі ерлігін бүгінгі ұрпаққа барынша үлгі ету және насихаттау.
Саяхаттаушы топ ең алдымен «Мәңгілік алау» және Бауыржан Момышұлының ескерткішіне тағзым жасап, Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің есімдері жеке-жеке жазылған тақтайшалармен танысты.
«Данқ» залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы екен. Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғадағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдыңа алып келеді. Атап айтсақ, 1941 жылға арналған қабырғада «Барбаросса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқасының, генерал-майор И.Панфиловтың, «Отан ана», Б.Момышұлының, Н.Белашевтің және басқа да барлығы 100-ден астам фотосурет пен 200-ден аса құжат қойылған.
Саяхаттаушы топ нысанның екінші қабатына көтеріліп, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығымен танысты. Мұнда батырдың балалық шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелеген, шығармашылық қырын айшықтауға басымдық берген екен.
Экскурсия соңында мектептің тарих пәнінің мұғалімі Махмұтжан Мамытов қорытындылай келе: «Бұлардың барлығының басында Баукең тұрады. Өйткені Баукең жер жүзіне белгілі тұлға. Қаһармандығымен, батырлығымен аты шыққан кісі. Сондықтан біз Бауыржан Момышұлы туралы ерекше айтуымыз керек. Біздің тағы бір мақтан тұтатынымыз, өзіміздің Жуалы өлкесі Баукеңнің кіндік қаны тамған жері. Бұл жерде шындықтың шырақшысына айналған азамат, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза дүниеге келген. Сондықтан кейінгі жас ұрпақ осы екі тұлғаның есімдерін ерекше атаймыз», – деді.
Саяхат сабағынан оқушылар ерекше әсер алып, соңынан естелік суреттерге түсті.
Руслан Сайлаубаев,
№22 Б.Момышұлы
атындағы орта мектептің
директоры