El іshі
Қателесуге болмайтын мамандықтың иесі
Бүгін біз әріптестерінің арасында беделді, тәжірибесі мол, бөлімге келген әрбір ана мен баланың жағдайына жанашырлықпен қарайтын, мамандығының нағыз иесі Гүлмира Дербісәлиева туралы әңгімелейтін боламыз. Оны алғаш көргенде-ақ, балалар медбикесі болу үшін жаралған ба деп ойлап қаласың. 12 жылдың ішінде жаңа туған нәрестелермен жұмыс істеудің, оларға күтім жасаудың қыр-сырын терең меңгерген.
Гүлмира Дербісәлиева 1984 жылы Қошқарата ауылдық округіне қарасты Қызтоған ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Осы ауылдағы С.Мұқанов атындағы орта мектепте 7 сыныпқа дейін оқып, 11 сыныпты Қошқарата ауылындағы Абай атындағы орта мектепте аяқтаған.
Гүлмира Жамбыл медициналық колледжінде жалпы медбике мамандығы бойынша оқыған. Бұл мамандық оның бала күнгі арманы еді. Өзінің айтуынша, бала кезде анасының көп ауырғаны оның жанына қатты батып, медбике мамандығын оқуды алдына мақсат етіп қояды. Бүгінде ол діттеген мақсатына жетіп, өз ісінің маманы атанып, аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде жаңа туған нәрестелердің медбикесі болып жұмыс істейді.
2003 жылы колледжді аяқтаған Гүлмира Манасқызы жуалылық Керімжан Баялиев есімді азаматпен танысып, отау құрады. Қазіргі таңда екеуінің Бауыржан, Жанерке, Жансерік және Асылжан есімді ұл-қыздары бар.
Алғашқы еңбек жолын 2007 жылы аудандық орталық аурухананың гинекология-патология егу бөлмесінің медбикесі болып жұмысын бастаған жас маман 2009 жылдан бері перзентханада жаңа туған нәрестелердің медбикесі болып жұмыс жасап келеді.
– Өз мамандығыңды игеріп, өз ісіңнің жемісін көргенге не жетсін?! Осы уақытқа дейін қызмет барысында небір қызық та қиын сәттерді басымыздан өткіздік. Жаңа туған нәрестелермен жұмыс істейтін болғандықтан, бұл жерде ең бастысы, ептілік, мейірімділік, жанашырлық қажет. Олардың әрқайсысына күтім жасап, уақытымен емін қабылдатып, аналарға ілтипат көрсетіп, ақыл-кеңес беру керек. Бұл жұмыстың барлығын және шын ниетіңмен жасауға міндеттісің. Себебі, кіп-кішкентай «періштелерге» қалай қабақ түйіп қарайсың? Әр мамандықтың өзінің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Бірақ мен өз ісімді ұнатамын. Сондықтан маған жас нәрестелердің медбикесі болу қиынға соқпайды. Жұмыс жасай жүріп көптеген қызықты оқиғаларға тап боласың. Осыдан 5-6 жыл бұрын қыс мезгілі болатын. Өздеріңізге белгілі, акушер-гинеколог Эсмира Мамедова екеуміз түнгі ауысымға бірге түскен болатынбыз. Сол түні бір жүкті әйел перзентхананың дәлізіне кіре салысымен босанып қалғаны есімде. Әйтеуір, біз сол мезетте жылдамдатып керекті медициналық құралдарымызды алып келіп әлгі әйелді аман-есен босандырып алған едік. Дені сау қыз бала дүниеге келді. Жаңағы босанған әйел қатты қуанып, «Сіздердің бар болғандарыңызға шүкір!» деп алғысын жаудырып, қызының есімін «Эсмира» деп қойған еді, – деген Гүлмира Манасқызы, бұл мамандық қателікті кешірмейтін, аса жауаптылықты қажет ететінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, ұжымдастарының өте ұйымшыл екенін және жұмысты жұмыла жасайтыны туралы да айтты.
Гүлмира Манасқызының мұндағы міндеті перзентханадағы ана мен баланың денсаулығы туралы жиі сұрап отыру керек. Сонымен қатар, ана мен сәбиге күтім жасау ережелерін, бала емізу, температура режімдерін сақтаудың маңыздылығын аналарға жан-жақты үйретіп, кеңес береді. Одан бөлек, баланы жиі тексеріп, егер де қауіпті аурудың белгілері анықталған жағдайда дереу учаскелік дәрігерге хабарлайды.
Осы ретте аталған аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі, осы салада 40 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер Замира Ашилова да кейіпкеріміз туралы пікір білдірген еді.
-Медицина қызметкері болу адамнан өте қарапайым, жүрегі таза, еңбегіне адал, халқына мейірімді, қызметі қолжетімді, білікті, тәрбиелі, мәдениетті болуды талап етеді. Әрбір науқасқа жеке тұлға ретінде қарау керек. Өз мүддесін науқастан жоғары қою қателіктерге алып келеді. Медицина өзгеше қиын сала, сондықтан бұл мамандыққа қиянат жасауға болмайды. Мұның барлығы – біздің өмірлік қағидаларымыз. Ал қоғам әрқашан дәрігердің орнын бөлек, мәртебесінің биік екендігін нықтап, еңбегін бағалап отыруы қажет. Бүгінде перзентхана бөлімінде үш акушер, екі медбике, алты тазалықшы және үш дәрігер жұмыс істейді.
Солардың бірі – жас нәрестелердің медбикесі Гүлмира Дербісәлиева. Ол ұжымда өзіндік орны бар ұқыпты, адамгершілігі жоғары, тәрбиелі маман. Қандай істі тапсырсаң да дөңгелетіп әкететін қасиеті тағы бар. Мәселен, аурханада түрлі байқаулар өткізілсе де Гүлмира алға суырылып шығып, перзентхана бөлімінің намысын қорғайды. Әуелетіп ән де салады, мың бұралып би де билейді. Жұмыстары оңай деп айта алмаймын, күн демей, түн демей шұғыл жұмысқа шақырып алатын кездер көп болады. Мұндайда сабырлық пен төзімділік, шыдамдылық танытып жұмысқа шақырған кезде лезде келеді. Мұның өзі Гүлмираның жауапкершілігінің жоғары екенінің бір белгісі болса керек. Бұл бөлімде жұмыс істейтін қыздардың барлығын бүгінгі күннің батыр арулары деп айтар едім, – дейді Замира Құдайбергенқызы.
Жұмыста абыройлы медбике, отбасында үлгілі келін, аяулы ана, ардақты жар. Осындай қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметті еш қиынсынбай алып жүрген арулар қай қоғамда да алдыңғы орында тұратыны белгілі. Ендеше медбике Гүлмира Манасқызына еңбекте табысты болыңыз, деп тілек білдіреміз!
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»