El іshі
Ынтымағы жарасқан ауыл
«Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас» деп бабаларымыз бірлік пен тірлік қағидаларын өсиет етіп қалдырғандай, адам қай қоғамда өмір сүрсе де оның толыққанды өмір сүруі үшін бекем бірлік пен өзара сыйластық қағидалары ауадай қажет. Осы ретте дана бабалар өсиетін темірқазық етіп ұстанып, қағидалы сөздің мағынасына үңілмеске әсте болмайды. Қазақ атамыз осындайда: «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деп өскелең ұрпағына өнеге қалдырған. У ішсең руыңмен ішесің. Адассаң да көппен бірге адасып, көппен бірге даңғыл жол табасың. Бұған ешкім де қарсы дау айта қоймас. Қазақ елін алып бәйтерекке теңесек, еліміздің ырыс, ынтымағын арттырып отырған ауылдар мен аудандар сол бәйтеректің мәуелі бұтақтары іспетті. Қасиетті Жуалы жері де елдің ырысын еселеп, ынтымақ пен бірліктің ерен үлгісін көрсетіп келеді.
Қарасаз ауылдық округі халық саны және елді мекен саны жағынан аудандағы үлкен округтердің бірі саналады. Мал және егін шаруашылығы қатар дамып келе жатқан іргелі округтің тұрғындары кейінгі жылдары кәсіпкерлікке бет бұрып отыр. Соңғы бес жылдықтың өзінде ауылдық округтің орталығы саналатын Қарасаз ауылында мейрамхана, шағын маркет және супермаркет, жеке тіс емханасы, дәріхана, ветеринариялық дәріхана, құрылыс заттары дүкені, үш ағаш өңдеу цехы, жанар-жағармай құю және көлік жөндеу бекеттері, т.б. кәсіпкерлік нысандары салынып, іске қосылды. Округ шаруалары ақ егістің және бақша дақылдарының да егістік көлемін ұлғайтып отыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.
«Отанды сүю – иманнан» деген сөзді де халқымыз текке айтқан жоқ. Қарасаз ауылындағы жамағаты көп, алайда құлшылық ететін мешіттің тарлығы мен қолайсыздығы ауылдың иманы берік ақсақалдарының жанына батып жүретін. Ауылдың барлық тыныс-тіршілігі, ынтымағы мен бірлігі әлбетте, ең алдымен имандылықтан бастау алатыны сөзсіз. «Сабақты ине сәтімен» демекші, 2017 жылы белгілі кәсіпкер азамат Әбен Жұмашевтың және ауыл тұрғындарының атсалысуымен Алла үйі имандылықты басты шарт еткен жамағатқа есігін айқара ашты.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, осы ретте округтің тыныс-тіршілігі туралы ауылдық округ әкімі Бауыржан Тойшыбеков айтып берді.
– Бұрыннан ынтымағы мен бірлігі жарасым тауып, өзге ұлттардың да өкілдерімен бірге сыйластық-достық қарым-қатынаста тіршілік кешіп жатқан Қарасаз ауылдық округі бес елді мекеннен құралған. Мұндағы 74 аулада 3431 тұрғын бар. Округтің жер жағдайы мал және егін шаруашылығына бағытталғандықтан 234 шаруа қожалық тіркеліп отыр. Оның ішінде, Сейіт Жайықбаев және Әбілнұр Ахметов басшылық жасайтын «Жайық», «Ескендір» шаруа қожалықтарының еселі және өнімді еңбектерін ерекше атап өткім келеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге туыңды тік!» деп аталатын жоба туралы кеңінен айтылған болатын. Осы ретте ауылдан шыққан белгілі кәсіпкер және жоғары басшылық қызметте отырған азаматтардың өз туған ауылына деген перзенттік көзқарастары өте жақсы. Алдағы уақытта кәсіпкер азаматтарды ұйымдастырып аумағы 1,2 гектарды құрайтын округ орталығындағы саябақты қайта жаңғыртамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта саябақтың жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.
Одан бөлек, ауыл халқы көптен күткен ауыз су мәселесі де биылғы жылы өз шешімін таппақ. Ауыз су құрылысының жұмысын жүргізуге 427 миллион теңге бөлініп, мердігер компания анықталды. Құрылыс жұмыстары мамыр айының орта тұсында басталады деп күтілуде. Қарасу ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бес келушіге арналған медициналық пункт салынады. Сонымен бірге, Көктас ауылындағы Достық көшесіне асфальт төсеу және жарықтандыру жұмыстары басталып кетті.
«Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» деп дана бабаларымыз айтқандай, ауылдың ынтымақ-бірлігіне аузы дуалы, көкірегі қазына, жас ұрпаққа айтары бар қариялардың атсалысып отырғаны көңілімізге үлкен медеу. Атап айтар болсам, Қарасаз ауылынан жергілікті қауымдастық төрағасы Сағындық Тоқбергенов, округтің төбе биі Нұртаза Омаров және Рысбек Қазақбаев Ақбастау ауылынан Асан Борашев, Қарасудан Зебек Имантаев, Көктас және Жұрымбай ауылдарынан Саздыбек және Жоламан ақсақалдар округтің көркеюіне ақыл-кеңестерін аяған емес. Жанашыр осындай ағаларымыз бен аталарымыздың көрсеткен жолымен жүрсек, ынтымағымыз бен бірлігіміз, сыйластығымыз бен достығымыз арта береді деп сенемін. Қарасаз ауылында жыл сайын бүкіл ауыл болып, жиналып құдайы тамақ тарату дәстүрге айналған. Биыл да сол дәстүрдің ізімен тасаттық бердік. Бұл үрдіс өзге ауылдарға үлгі болады деп ойлаймын,- дейді Бауыржан Мырзайымұлы.
Тату елге қашанда тоқшылық пен тындырымды тірлік нәсіп болатыны белгілі. Ендеше, өңірімізде ынтымағы жарасқан ауылдардың қатары көбейе берсін, дегіміз келеді.
Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ,
«Жаңа өмір»