El іshі
Азық-түлік бағасына зерделеу жүргізілді
Жалпы нарық заманында баға саясаты аса маңызға ие. Сондықтан оның ішінде, халық күнделікті көп тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасына зерделеу жасап отыру мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру облыс басшыларының назарында бақылауда тұр.
Себебі, жылда қайталанатын «дәстүр» бойынша әсіресе Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасының да құбылып шыға келетіні белгілі. Осының алдын алу үшін бағаға тұрақты бақылау аса қажет шаруа. Бұл ретте, аудан әкімдігінің жанынан құрылған топ мүшелері сауда орындарын тұрақты аралауда.
Атап өтерлігі, осыдан біраз уақыт бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстағы басқарма басшылары және лауазымды тұлғалар қатысқан үлкен жиында өңірдегі азық-түлік бағаларының ала-құла болып отырғанын, сондықтан азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жөнінде шұғыл тапсырма берген болатын.
Біздің ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру бойынша биыл аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында әлеуметтік азық-түлік дүкені ашылып, тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Аудан басшыларының айтуынша, бұл облыстағы 13-ші әлеуметтік дүкен екен.
Аталған дүкенде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарлары нарық бағасынан бірнеше есе төмен бағамен сатылуда. Әрине, бұл әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған, күнкөрісі төмен және асыраушысынан айырылған табысы аз отбасылар үшін өте тиімді болуда. Мұны осында келіп, сауда жасап жатқан бірді-екілі тұрғындардың да өз аузынан естідік.
Атап айтсақ, әлеуметтік дүкенде бірінші сұрыпты ұнның бір келісі 125 теңгеден, құмшекер – 220, күріш – 240, перловка – 175, сұйық майдың литрі (өсімдік майы) 560, жұмыртқаның бір данасы 30 теңге, сонымен қатар, көкөністерден, пияз – 50, сәбіз – 100, картоп – 85, қырыққабат – 200, асхана қызылшасы – 305, асхана редкасы – 270 теңгеден саудаланып жатыр. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, әлеуметтік дүкенде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының барлығы бар деп айтуға болады. Сатушылардан сұрағанымызда, азық-түлік тауарларынан тек қана қарақұмық жоқ болып шықты. Аталған өнім тұрғындар тарапынан сұранысқа ие тауар болғандықтан, таусылып қалғанға ұқсайды. Айта кету керек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары негізінен облыс орталығындағы тұрақтандыру қорынан тұрақты түрде жеткізіліп отырады.
Кеше аудан әкімінің орынбасары Жарқынбек Шоғалов бастаған негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түліктік емес тауарлары және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты штабтың мүшелері әлеуметтік дүкенге арнайы барып, негізгі азық-түлік бағаларына зерделеу жасады. Сонымен қатар, тауарлардың Үкімет бекіткен шекті бағадан асып кетпеуіне көз жеткізіп, дүкеннің өкілдерімен және тұрғындармен сөйлесіп, пікір алмасты.
Қазір Жаңа жылдың алдындағы қарбалас кезең болғандықтан, аудан тұрғындары мерекелік дастарқанның сәнін келтіру үшін базарға, дүкендерге барып азық-түліктің қамын жасайтыны белгілі. Сондықтан да азық-түлік бағасына зерделеу жүргізу жұмыстары маңызды болып отыр деуге болады. Негізгі азық-түлік тауарлары, азық-түліктік емес тауарлары және ақылы қызметтерге бағаны тұрақтандыру жөніндегі тұрақты штабтың мүшелері сауда орындарын тұрақты аралап, бағаларды зерделеп отыруға уағдаласып, тарқасты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»