El іshі

Мешіт күрделі жөндеуден өтуде

«Жуалы» мешітінің құрылысы сонау 90-жылдардың басында қараша жұрттың қарны аштау, қалтасы бостау кезінде көптің күшімен жүргізілген-ді. Атеистік саясат дәуірлеп, жұрттың иманға шөліркеген тұсында ауданда алғашқылардың бірі болып бой көтерген ғибадат үйі Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза секілді алыптар туған ауданға Алланың тәуелсіздікпен бірге берген тартуы еді.

Жаратқанға деген шексіз сүйіспеншіліктен, асыл дінімізге деген құрметтен біреу тоқтысын, біреу торпағын жетектеп келіп, бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылып, қалың ел сонда бір қайрат көрсеткен. Алматы мен Шымкенттің арасын жалғайтын күрежол ауылдың іші арқылы өтіп тұрғанда, намаз оқимын деген жолаушыға есігінің жабық күні болмаған. Тіптен, 2000-жылдардың бас кездерінде аудандық орталық мешіт болып тұрғанда, халықтың иманы мен діни сауатын арттыру, асыл дінімізді насихаттау бағытында өлшеусіз қызмет атқарған.
Міне, содан бері отыз жылға таяу уақыт өтті. Күмбезін күн, іргесін су мүжіген мешіт ғимаратының әбден тозығы жетті. Бүгінде оны күрделі жөндеуден өткізіп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оған еліміздің бірнеше өңірлерінен демеушілердің және мешіт жамағатының қаражаты жұмсалуда. Аудан тұрғындары да сауапты істен шет қалмай, өз үлесін қосуда. Нәтижесінде жиналған қомақты қаражат мешіттің күрделі жөндеу жұмыстарына толықтай жетеді.
Ғимараттың жөндеу жұмыстарын мешіт имамы Сейітқазы қажы Медетбек пен ақылдастар алқасының мүшесі, жеке кәсіпкер Әділхан Жолдасов қадағалауда. Бесаспап құрылысшы жігіттер күні-түні білек сыбана жұмыс істеуде.
Бүгінде мешіттің айналасы темір қоршаумен қоршалып, шатыры толығымен қалың темір шифермен жабылған. Төрт бұрышындағы мұнаралары қалпына келтіріліп, бояуы кеткен ескі күмбезін қаптайтын сары түсті темір Алматы қаласынан жеткізілуде. Сыртқы қабырғаларына көрші Қырғыз мемлекетінен әкелінген әрлеу плиталары жапсырылуда. Одан бөлек, терезелері мен намаз оқу бөлмесі, жылу жүйесі қалпына келтіріледі. Алдындағы қосалқы ғимарат бұзылып, орнына қайырымдылық ас-су дайындап, көпшілікке ұсынылатын асхана салынады. Сондай-ақ мешіт ғимаратынан имамның да бөлмесінің болуы қарастырылуда.
Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілгенде, мешіт ғимараты көз тартарлықтай сәнді де салтанатты болмақ.
– Бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары толық қарқынмен жүруде. Құрылысқа қажетті барлық материалдар бар. Осы ретте Алла үйінің бір кірпішін болса да қаласуға үлес қосамын деген азаматтарға айтар алғысымыз шексіз, – дейді мешіт имамы Сейітқазы қажы Әбдірұлы.

Таңдаулы материалдар

Close