El іshі
Ұлттық құндылықтар насихатталды
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында бастау алған «Қазақ елі» онлайн эстафетасын мекеменің мамандары мен дәстүрімізді кеңінен насихаттауға ниетті жастар жалғастыруда.
Эстафетаның мақсаты – салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жастар арасында кеңінен насихаттауға, салт-санамызды жаңғыртуға, құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарымызды кейінгі ұрпаққа дәріптеуге шақыру.
Аталған онлайн шараға 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты.
Эстафетаның шарттары бойынша видеороликте талапқа сай алдымен өздерінің жасаған жұмыстарын таныстырып, (құрт жасау, қымыз дайындау, жүн түту, ет тағамын әзірлеу, тары-талқан әзірлеу, бауырсақ пісіру, ұршық иіру, ши тоқу, құрақ құрау т.б) соңында эстафетаны келесі адамға немесе ауылдық округке немесе жеке тұлғаға жолдайды.
Түсірілген видеоның уақыты 4 минуттан аспауы тиіс.
Эстафетада Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Аружан Қуанышбай қазақ әжелерінің аманатына айналған «Сегіз көз» құрақ құрау өнерін көрсетіп, эстафетаны Күреңбел ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Үміт Ысқақоваға жолдады. Ү.Ысқақова қазақ халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын кеңінен насихаттай отырып, қымыз әзірлеуді көрсетті. Яғни, бие байлап, қымыз дайындаумен қосымша айналысатын жас келін киікотымен күбіні ыстау, қалай дұрыс қымыз дайындау қажеттігін ұсынды. Қымызсыз қазақ асханасын елестету мүмкін емес. Бұл ғажайып сусын қазақтың барлық салтанатты думандарында бірінші кезекте беріледі. Әсте ата-бабамыз адамның қабілетін ең алдымен оның қымыз әзірлеуіне қарап бағалаған. Қымыз – халықтың қасиетін, мырзалығын, дастарқан берекесін білдіретін ырыс белгісі. Халқымыздың ғасырлар бойы үздіксіз пайдаланып келе жатқан ұлттық сусыны.
Келесі онлайн эстафета «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің этномәдени бірлестік жұмысын үйлестіруші маманы Судаба Металимоваға жолданып, ол қазақ халқының қонақжайлығын назарға алып, қонақ келсе ең алдымен дастарқанға қойылатын бауырсағымызды әзірлеген болатын. Қазақта «Ас атасы – нан» деген сөз бар, яғни астың, дәмнің үлкені – нан. Бала ақ пен қараны ажыратып танымай тұрып-ақ оған оң қолына нан ұстауды, нанды баспауды, жерге тастамауды үйретеді. Бауырсақ – қазақ дастарқанының басты наны. Дастарқаныңыз берекелі болсын десеңіз, үйіңізге ырыс кірсін десеңіз, отырған адамдардың ықылас-пейілі өз шаңырағыңызға аусын десеңіз алдымен дастарқаныңызға нан қоюды ұмытпаңыз.
Одан кейін эстафета Б.Момышұлы ауылында орналасқан «Қамқор» қайырымдылық дүкенінің қызметкері Роза Бәтейге жолданды. Ол қазақ халқының сүт өнімдерінің бірі, дәруменге бай құрттың әзірлеп, жасалу жолымен бөлісті.
Ұлттық құндылықтарға арналған келесі эстафетаны Б.Момышұлы ауылының жастар ісінің нұсқаушысы Элмира Сүйінбаева қабыл алып, қазақ келініне тән инабаттылық, ибалылық секілді асыл қасиеттерді және қазақ келінінің біркүндік қонақ күту әдебімен таныстырды. Жас келін қазақ халқының сыйлы, құтты қонағына берілетін табақ тарту жоралғысын көрсетті. Қазақ сыйлы қонағына ет асады. Ел азаматтарына ұсынатын кәделі әрі орны бөлек тағамдарының бірі кәделі – ет. Халқымыз аса құрметті, ардақты, ел сыйлайтын қонағына тай немесе құлын сояды. Егер олардың саны көп болса, ірі жылқы, оның ішінде кемінде сере қазы шығатын қысыр бие сояды. Осындай жайттарды ескерген ол қонақтарға еттің табаққа дұрыс салынуын көрсетті.
«Қазақ елі» онлайн эстафетасы аясында Жетітөбе ауылдық округіндегі Т.Әкімов атындағы орта мектептің белсенді оқушысы Самал Шайқабас бауырсақты әзірлеудің өзгеше әдісімен бөлісті.
Сондай-ақ, Қошқарата ауылының белсенді оқушылары Жансая Елтаева мен Айсұлу Андасбек тары мен талқанның дайындалу әдістерін көпшілікке тарту етті. Тары мен талқан ата-бабамыздың ең қадірлі тағамы десек болады. Сөктің тағамдық қасиеті мен түрлері түрлі ауруларға ем екендігін жастар айтып өтті.
Осындай ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін, берер тәлім-тәрбиесі мен әдеп-ибасы мол шара барысында жастар арасында салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау мақсатында «Қазақ елі» эстафетасы әлі де жалғасын табатын болады. Себебі, ұлттық құндылықтарымыз арқылы біз рухани жаңғыруға жол бастайтын боламыз.
Элмира МҰХИТҚЫЗЫ,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Б.Момышұлы ауылы жастар
ісі жөніндегі инспекторы