El іshі

Қазына қазанын толтыруға сүбелі үлес қосуда

Елімізде салық органдарын қайта құру тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономикаға көшумен сабақтаса жүргізілді. Сөйтіп, Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы 9 шілдедегі Жарлығымен Қазақ КСР Басты мемлекеттік салық инспекциясы құрылды. Биылғы жылы салық қызметінің құрылғанына 28 жыл толып отыр.

Жалпы, 1991 жылға дейін салықтар бөлу-фискалдық функциясын орындағанын, өндіріс тиімділігінің өсуін, жаңа технологияларды енгізуді, тауар өнімін шығаруды ұлғайтуды ынталандырмағанын атап өту қажет. Салық төлеуші жұмысының тиімділік дәрежесіне қарамастан салықтар бюджетке автоматты түрде аударылған болатын.
Біздің еліміз АҚШ, Ұлыбритания, Германия және басқа да дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп көрді. Бұл зерттеулер салық жүктемесі салық төлеушінің тиімділігі және табыстылығымен мөлшерлес болуы тиіс екенін көрсетті. Біздің алдымызға нарық талаптарына сай өндірісті дамытуға мүмкіндік беретін Салық кодексін әзірлеу нақты міндеті қойылды. Осылайша ТМД елдері арасында алғаш рет Қазақстанда 1995 жылғы 24 сәуірде Салық кодексі қабылданды. Бұл салық салудың кеңестік жүйесінен айтарлықтай ерекшеленетін жаңа жүйе құруға бағытталды. Жаңа құжат бойынша салық пен алымдар саны 55-тен 11-ге дейін қысқарды. Қазіргі қолданыстағы салық заңнамасында сабақтастық сақталғанын, яғни ел экономикасын дамыту үшін жағдай жасайтын 1995 жылғы салық салудың барлық базалық қағидаттары сақталғанын атап өткен жөн.
Салық реформасы жүргізілгеннен кейін бюджет түсімдері айтарлықтай артты. Алайда, мемлекеттік қазынаны толықтыру кезінде біз салықтық әкімшілендіру қиындықтарына тап болдық. Ел енді ғана тәуелсіздік алған уақыт, экономикалық дағдарыс күшейіп, инфляция бір жыл ішінде 200 % -ға жетті. Соған қарамастан, еліміздің салық жүйесі жылдан-жылға жетілдіріліп отырды. Бұл істе бай кәсіби тәжірибесі бар салық қызметі органдары ардагерлерінің еңбегі зор.
28 жыл ішінде республикада оң саяси және экономикалық өзгерістермен қатар салық салу жүйесіне байланысты мәселелердің ауқымы өзгеріп, айтарлықтай реформаланды. 2014 жылы 14-ші тамызда Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды, оған салық және кеден қызметтері біріктірілді. Бұрын екі комитет қазынаны толықтыру мәселелері бойынша белсенді іс-қимыл жасаса, қазір комитетке біріктірілген қызметтің тиімділігі артты. Салық қызметінің ардагерлері Мемлекеттік кірістер комитетін құру жөніндегі жаңалықты қуана қабылдады. Жұмыс бизнестің дамуына кері әсерін тигізбейтін өркениетті тәсілдерді ескере отырып тиімді әрі үйлесімді түрде жүргізілетініне сенімдіміз.
Салық және кеден ақпараттық жүйелерін біріктіру Қазақстан аумағында импорттан немесе өндірістен бастап түпкілікті сатуға дейінгі тауар қозғалысының толассыз мониторингін жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мұндай жүйе көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартуға, сондай-ақ тауарларды жеткізудің барлық тізбегін бақылай отырып, ел бойынша тауарлардың бағасын белгілеуді талдауға мүмкіндік береді. Тағы бір жетістік ретінде үлкен деректер массивін талдау негізінде жүргізілетін және салық төлеушілерді санаттауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйені атауға болады. Осындай бағалаудың нәтижелері бойынша парасатты салық төлеушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Бүгінде мемлекеттік кіріс органдары уақытпен бірге дамып, нарық сын-қатерлеріне батыл жауап беретін кәсіби қызмет. Салық декларацияларының 85 %-дан астамы электронды түрде ұсынылады, мемлекеттік қызметтің 90 % -ы онлайн түрде көрсетіледі.
Бүгінде елімізде салық жүйесінде әлемде бар ең озық заңнамалық құрылымдар қолданылады. Егер салық жүйесінде енгізілген заманауи құрылымдар туралы айтатын болсақ, еліміз әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр.
Соңғы жылдары әкімшілендіруде талдау мен инновацияға, бизнесте түсінікті және ашық іскерлік орта құруға баса назар аударылуда. Осылайша МКК бақылау жұмысының тұжырымдамасы қайта қаралды, талдау бөлігіне және жаңа ақпараттық технологияларды енгізуге басымдық берілді. Бұл бизнесті тексеруді азайтуға және бақылау-қадағалау қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Жалпы адал салық төлеушілерге қатысты әкімшілік жүктемені адал емес салық төлеушілерді бақылауды күшейту есебінен төмендету мәселесі шешілді.
Мемлекеттік кірістер комитеті қызметкерлерінің күш-жігерінің нәтижесінде 2018 жылы бюджеттің барлық деңгейі бойынша кірістер жоспары асыра орындалды.
Биыл жылдың 14 тамызында Мемлекеттік кірістер комитетінің құрылғанына бес жыл толды. Жалпы мемлекеттік орган қызметкерлері мемлекеттік қазынаны толтыруға сүбелі үлес қосуда.
Осыны ескере отырып, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бірқатар қызметкерлері, атап айтқанда, осы саланың ардагері 19 жыл бойы мінсіз қызмет етіп келе жатқан Нұрғали Әбдәліұлы Ералиев Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Мінсіз мемлекеттік кірістер жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқандары үшін Еркін Смағұлов аудан әкімінің, Қуаныш Шәбденов аудандық мәслихаттың және Ерлан Оспан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Алғысхаттарымен марапатталды.

Дәулет ЖІГІТЕКОВ,
Жуалы ауданы бойынша мемлекеттік
кірістер басқармасының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close