El іshі
Сүт кластерінің көшбасшысы
Қазақстанның бүгінгі таңда алға қойып отырған міндеттерінің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Кәсіпкерлік ісі дамып, оның нарықтағы үлесі артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсара түсетіні сөзсіз. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы. Шағын және орта кәсіпкерлік жұмыссыздықты жоюда, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуде, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде және экономиканы тұрақтандыруда шешуші фактор болып табылады.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауының жаңа жағдайдағы экономикалық даму бөлімінде: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек. Өйткені нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші орта бизнестің өркендеуімен өлшенеді. Мұндай компаниялар ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа да бейімделуге тиіс. Олардың экспорттық әлеуетін арттыру үшін қолдауды күшейту керек.
Үкіметке шикізаттық емес орта кәсіпорындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Бұл идеядан нәтижеге дейін мақсатты түрде қолдау көрсету үшін қажет.
Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал жұмыспен қамтылғандардың саны 4 миллион адамға дейін көбеюі керек. Бұл осы саланы дамытуға бағытталған жұмыстардың басты нәтижесі болмақ»,- деп атап өтілген.
Осы орайда кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, аудан тұрғындарының елеулі бөлігін жұмыспен қамтып, ішкі және сыртқы нарықты барынша экологиялық таза сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан үлкен өндіріс ошағы – «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімді жұмысы туралы әңгімелегенді жөн көрдік.
«Бурное сүт компаниясы» ЖШС 1951 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Бурное ірімшік зауыты» кәсіпорнының негізінде құрылған. Бұл іргелі кәсіпорынды ел өңірлерінде білмейтіндер кемде-кем. Өндіріс ошағының ішкі және сыртқы нарықта ойып алар өз орны бар. Кеңес Одағы тұсында дәмі тіл үйіретін сары ірімшігімен даңқы алысқа тараған кәсіпорын аз ғана іркілістен соң 2014 жылдың 22 мамырында мемлекеттік тіркеуден қайта өтіп, жұмысы жандана бастады. Мұнымен бірге аудандағы сүт өңдеу ісінің де тамырына қан жүгіре бастағаны анық. Бүгінде серіктестікте 130-ға жуық адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы 80 мың теңгенің көлемінде. Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі мемлекеттің басым саяси бағыты болғандықтан, аталған серіктестіктің бұл маңызды мәселеге қосып отырған елеулі үлесін де айта кеткен жөн сияқты.
«Бурное сүт компаниясы» ЖШС ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша 4 880 тоннадан астам сүт өңдеп, 345 тонна қатты ірімшік, 40 тонна сары май, 3 143 тонна ультра жоғары пастерленген (қаптамадағы сүт) сүт өндіріп отыр. Кәсіпорында жоғары сапада өңделіп, өндірілген экологиялық таза сүт өнімдері еліміздің ең үлкен мегаполистері – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларымен қатар, Қызылорда, Байқоңыр, Қарағанды, Павлодар, Талдықорған және тағы басқа батыс өңірдегі қалаларға жөнелтіледі. Сонымен қатар, зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, Ресей Федерациясының да бірқатар өңірлерінде жоғары сұранысқа ие.
Серіктестік директоры Сыбанбай Арыновтың айтуынша, зауыттың сүт қабылдау мүмкіндігі тәулігіне 100 тоннаға дейін жетеді екен. Алайда кәсіпорын оның тек 30-40 процентіне ғана қол жеткізіп отыр. Ауданда сауылған сүт Б.Момышұлы ауылындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-мен қатар, басқа да сүт өңдеу цехтарына өткізіледі. Бірқатар ауылдық округтердің сүті облыс орталығына және өңірдің басқа да аудандарына тасымалдануда. Одан бөлек, Нұрлыкент ауылындағы «Гамбург» ЖШС-да сауылған сүт Меркі ауданындағы «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-на өткізілетін көрінеді. Жалпы Жуалының сүтіне деген сыртқы қызығушылық ауданда сүт кластерін дамытуға өз кедергісін келтіруде. Міне, аудан шаруашылықтарында өндірілген құнарлы сүттің елеулі бөлігінің сыртқа кетуіне байланысты «Бурное сүт компаниясы» ЖШС толық қуатында жұмыс істей алмай отыр. Әрине, бұл мәселе зауыттан шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға қолбайлау.
Зауыттың негізгі шикізаты сүт болғандықтан, кәсіпорынды қажетті сүтпен толықтай қамтамасыз ету мақсатында зауыт басшылығы былтырдан бері бірқатар жобаларды қолға алып отыр. Атап айтқанда, Қарасаз ауылдық округіне қарасты Жұрымбай ауылының маңындағы бұрынғы сүт тауарлы фермасының орнынан 800 бас сауынды сиырға арналған заманауи сүт тауарлы фермасының құрылысы басталды. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, қазіргі таңда ауылдық округ маңынан егістік жер алу мәселелері пысықталу үстінде екен. Бұл – ең алдымен мал азығы базасын құруға үлкен мүмкіндік бермек. Құрылыс аяқталған соң мұнда асыл тұқымды сиырлар әкелінеді деп жоспарлануда. Бұл жоба зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге өз септігін тигізетін болады.
– Биыл «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның құрылғанына 70 жыл толып отыр. Бұл – кәсіпорын үшін үлкен айтулы белес. Өздеріңіз білетіндей, кәсіпорында өндірілген сүт өнімдері елімізде ғана емес, Ресейде де жоғары сұранысқа ие. Менің осында басшылыққа келгеніме тоғыз айдай уақыт болды. Осы аралықта зауыттың жұмысын ілгерілету мақсатында бірқатар жоба-жоспарларды қолға алып жатырмыз. Осыған сәйкес жұмыс ауқымы кеңейіп, қосымша жұмыс орындары да ашыла бастады. Бізге кәсіби мамандар жетіспейді. Биылдың өзінде біз аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына 11 бос орынға жұмысшылардың қажеттігі жөнінде өтініш бердік. Былтыр кәсіпорынның ішінен құрт цехы іске қосылды. Оған да жұмысшылар қажет. Одан бөлек, сүт өңдеу цехына, ультра пастерленген сүт шығаратын цехқа қаптаушы, ораушылар және жүктиеушілер қажет. Жұмысшыларға айлық жалақыдан бөлек, заңды түрде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру және зейнетақы жарналары тұрақты аударылады. Басқа да әлеуметтік көмектер жасалады. Зауытқа ең керегі сүт шикізаты. Оны біз шаруалардан 120 теңгеден қабылдаймыз. Сондықтан осында жеткізілетін сүт қорын молайта түсу үшін аудандағы шаруалар және жеке кәсіпкерлермен, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшыларымен жиі-жиі бас қосып, келіссөздер жүргізудеміз,- дейді серіктестік директоры Сыбанбай Арынов.
Аудандағы ең үлкен кәсіпорындардың бірі саналатын «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның экологиялық таза сүт өнімдерін шығарудағы жетекші рөлі және тұрғындарды жұмыспен қамтудағы елеулі үлесімен қоса, компанияның баға саясатына да қосып отырған үлесін баса айтуымыз қажет. Себебі, зауыттың жанында ұзақ жылдан бері фирмалық дүкен жұмыс істеп келеді. Мұнда кәсіпорында өндірілген өнімдер ешқандай алыпсатарлардың араласуынсыз зауыттың өз бағасымен саудаланады. Қазір мұны ауданның тұрғындары жақсы біледі. Тұрғындар көбінде зауыт өнімдерін осы дүкеннен арнайы келіп сатып алуға тырысады.
Мысалы, майлылығы 2,5; 3; 2,6 процентті құрайтын термо қаптамадағы сүттің әр литрі 200 бен 220 теңгенің аралығында сатылады. Ал мұнда сары майдың және қатты ірімшіктің әр келісінің құны 2030 теңге, қойылтылған сүт (сгущенка) 400 теңге, ал құрттың келісі 1730 теңгені құрап отыр. Зауытта жалпы 15 түрлі сүт өнімі шығарылады. Сонымен қатар, «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ның ұжымы өз өнімдерін облыстың орталығы Тараз қаласында және Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ұйымдастырылатын азық-түлік жәрмеңкелеріне тұрақты түрде қатысып келеді. Міне, осындай жәрмеңкелерде Алматы және елорда халқы зауыт өнімдерін нарық бағасынан едәуір төмен бағаға сатып алуға мүмкіндік алып отырғаны анық.
Сүт кластерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Бурное сүт компаниясы» ЖШС бірқатар салалық марапаттарға ие. Мұның жарқын дәлелі ретінде серіктестік «WorldFoodKazakhstan-2014» және «WorldFoodKazakhstan-2015» көрмелерінде бірінші орынды жеңіп алғанын айтсақ болады. Онымен қоса, «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсында екінші орын, сондай-ақ, елордадағы көрме-конкурстарында зауыт өнімдері жоғары бағаланған. 2019 жылы «Сала көшбасшысы» марапатына ие болды.
Бір сөзбен айтқанда, серіктестіктің еліміздегі сүт кластерін дамытуға қосып отырған үлесі орасан.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»