Аграрлық сала қашанда ел экономикасында маңызды орын алады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің» негізі атты Жолдауында жан-жақты айтылған. Онда: «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс. Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет» делінген. Осыған сәйкес, сала жұмысын ширату, оның дамуына күш салу – біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Ауданда ауыл шаруашылығы жерлері 213 151 гектарды құрайды, оның ішінде 97 315 га егістік жер, суармалысы 8377 га. Шабындық 3690 га. Жайылым 106 860 га, көпжылдық екпелер 265 га, басқа да жерлер 5021 га.
Өткен 35 524 гектар алқапқа масақты дәнді дақылдар егілді. Оның ішінде күздік бидай 9615 га, жаздық арпа 25 909 га. Орташа өнімділік гектарына 23,3 центнерден айналып отыр. Алынған өнім көлемі 82 770 тонна. Сонымен қатар, майлы дақылдар мен бақша өнімдерінің де түсімі ойдағыдай болды. Күзгі дала жұмыстары бойынша 2020 жылдың өнімі үшін күздік бидай егу 9 615 гектар жоспарланып, жұмыстар толықтай орындалды.
Мал азығын дайындау жұмыстарына келетін болсақ, пішен дайындау 144 843 тоннаға жоспарланып, нақты дайындалғаны 146 320 тонна (101 пайызды) құрады. 11020 тонна пішендеме, 12 080 тонна сүрлем және 14 240 тонна сабан дайындалды. Жанар-жағармай туралы кепілденген дизель отынын Жуалы ауданына таратушы операторлар болып «Орсо Энергу» ЖШС және «Ауыл мұнай» жеке кәсіпкерлігі белгіленіп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 2360 тонна жанар-жағармай бөлінді. Жыл қорытындысында барлығы 4358 тонна жанар-жағармай алынып, таратылды.
2019 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымының жоспары 25 833 млн теңге. Нақты орындалатыны болжаммен 25 833 млн теңге 103,8 пайыз. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылатын инвестиция жылдық қорытынды бойынша жоспар 254,5 млн теңге болса, бүгінгі күнге орындалғаны 202 млн. теңге. (80 пайыз)
Ал ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі жылдық қорытынды бойынша жоспар 800 млн теңге. Нақты орындалғаны 802 млн теңгені құрап, жұмыстар 100 пайызға орындалып отыр. Егістік алқаптарынан мол өнім алу үшін минералды тыңайтқыштың атқаратын рөлі зор. 2019 жылы минералды тыңайтқыш алу бойынша жоспар 2948 тонна болып белгіленді. Бүгінгі күнге жеңілдетілген бағамен 111 шаруа қожалық 3010 тонна минералды тыңайтқыштар алып, жалпы 19 750 гектар егістік алқаптарына пайдаланды.
Жыл санап төрт түліктің де басы артып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мүйізді ірі қара 44 295, қой-ешкі 189 295, жылқы 10 366, құстар 78 859 басқа жетіп отыр. Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі ет өндіру сойыс салмақпен есептегенде одан да ойдағыдай өнім алу жоспарлануда.
Сиыр еті экспорты жоспар 50 тонна. Бүгінгі күнге Қошқарата ауылдық округіндегі Ақтасты шаруа қожалығы 151 бас МІҚ малын Қырғыз Республикасына өткізіп, оның сойыс салмағы 50,2 тоннаны құрады. Тиісінше, жоспар 100 пайызға орындалды.
Бордақылау алаңдарына бұқашық өткізу жоспары жыл қорытындысымен 1600 бас болып, жоспар толық орындалып отыр. Қозы етін экспорттау жоспарын да ілгерілеу бар. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша МІҚ аналық басын импорттау бойынша жылдық жоспар 435 бас. Бүгінгі күнге «Сыбаға» және «Игілік бағдарламалары арқылы нақтысы 1153 бас ірі қара алынды. Қой малын сатып алу жоспары да орындалып отыр. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері өндірген сүт өнімінің жылдық жоспары 4000 тонна болса, нақты өндірілгені 4100 тонна. Ет өнімі бойынша жылдық жоспар 350 тонна артығымен орындалды.
Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жоспары 5 пайыз. Орындалғаны 5,7 пайыз. Өткен жылы 423 млн теңгеге 37 жаңа «МТЗ» маркалы тракторлары, 1 жүк тиегіш, 21 дана ауыл шаруашылығы тіркемелері сатып алынды.
400 бастан асатын сүт тауарлы фермасын құру жоспары бойынша үстіміздегі жылы Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС 1200 басқа арналған озық үлгідегі сүт тауарлы фермасының құрылысын жүргізіп жатыр. Одан бөлек, аталған ауылдық округтегі алдыңғы қатарлы «Төлеген» шаруа қожалығы Симментал тұқымды 64 бас асыл тұқымды МІҚ малын алып, өз қаржысына 200 басқа арналған ферма соқты.
Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі. Осы ретте элиталы тұқым алу жоспары 7 пайыз, І-репродукциялы тұқымдар алу 30 пайыз. Биылғы жылы барлығы 398 тонна элиталы тұқым сатып алынып, жоспар сапалы орындалды. Су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жоспар 100 гектар болатын. Өткен жылы Қызыларық ауылдық округінде орналасқан «Дархан» шаруа қожалығы 22 млн теңгеге жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнатып, көпжылдық шөп алқабын суғарды. Одан басқа 2018 жылы «Жаңа-Талап» шаруа қожалығы 100 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғыларын орнатқан болатын. Ауданда барлығы 1543 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғылары орнатылып, ауыл шаруашылығы дақылдары суғарылуда. Мұндай жаңа технологиялардың да ауыл шаруашылығы саласының алға жылжуына, шаруалардың мол өнім алуына тигізер пайдасы орасан.
Алдағы уақытта да аудан шаруаларымен бірлескен жұмыстарды жүйелей отырып, ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыруға күш салатын боламыз.
Рақымғазы ҚҰНИЯЗОВ,
аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы