Qoǵam
Елбасы еңселеткен Елорда!
Нұр-Сұлтан – мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы болып табылатын жас қала, арман қала. Еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы.
Шыңдары көкті тіреген асқақ Алатау баурайынан Ұлы даланың кіндігіне көшіріліп, ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем Нұр-Сұлтан – жаңа ғасыр ғажабынан жаралған жас қала.
Нұр-Сұлтан шығыс пен батыстың айшықтарын қатар бойына сіңіріп, үйлесімді ұштастырған Еуразия кіндігіндегі ең белсенді орталыққа, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналды.
Биыл елордамызға – 21 жыл. Осы уақыт аралығында Алаш жұртының ару астанасы төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті.
Елордамыздың туған күні қарсаңында жерлесіміз, Назарбаев университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Гүлтас Құрманбаймен әңгімелескен едік. Гүлтас Сайынқызы елордамыз туралы пікірін тебірене жеткізді:
-6 шілде – Елорда күні.
Барлық нәрсенің атасы, әкесі болатыны сияқты астанамыздың да атасы, әкесі – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Елбасының астананы Жетісудың бауырынан Арқаға ауыстырудағы басты мақсаты – елдің тыныштығы, амандығы сияқты бірнеше саяси мәселелер еді.
Астананы Ақмолаға көшіріп, алғаш «Астана» деп атын ауыстырғанда халық арасында қарсы болғандар болды. Барлық қиындық артта қалды.
Астанамыздың тез өркендеп дамуы, сәулетті архитектурасы, көптеген саяси жиындардың өтуі елімізді әлемге аз уақытта танытты. Сондықтан бұл – өте үлкен тарихи оқиға.
Елбасы наурыз айында өз өкілеттілігін тоқтатқаннан кейін Астананың атын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту туралы шешім шықты.
Біз тарихты 10 жылдық, 100 жылдық деп есептемеуіміз керек, мәңгілік тарих деп есептеуіміз қажет. Халқымыздың басынан қандай қиындықтар өтті. Халқымыз жылаудан, қайғыдан көз ашпады.
1991 жылы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді. Бұл күн – халқымыз үшін ең қуанышты, ең бақытты, керемет, нұрлы, тарихи күн. Сол күннен бастап Елбасы халықтың сенімімен елдің билігін қолға алып, әрбір қиындықты жүрегінен өткізіп, үлкен еңбекпен, өзінің дара саясаткерлігімен, көрегендігімен елімізді әлемге танытты. Яғни, елордамыздың өсіп-өркендеуінде Елбасының еңбегі өте көп. Еңбекті, тарихты жоққа шығаруға болмайды. Әлемде бірнеше мемлекеттің астанасы өздерінің ең алғашқы Президенттерінің есімімен аталады. Мәселен, Американың астанасы «Вашингтон» деп ең тұңғыш Президентінің есімімен аталады. Америка американдықтардың атақонысы емес, генацидтік жолмен алған қоныстары. Ал, Қазақстан – біздің атақонысымыз. Сондықтан бұл мәселеге адами, пенделік көзқараспен емес, азаматтық көзқараспен, терең санамен қарау керек.
«Нұр-Сұлтан» мағыналық жағынан да, оқылуы, айтылуы жағынан да тамаша. Мағынасына келсек, «Нұр» Алланың 99 есімінің бірі. «Сұлтан» осы елдің сұлтаны, басқарушысы бар деген мағына. Біздің ұрпақтарымыз ұялмай айта алатын ат.
Қазіргі таңда біздің жастарымыз өте сауатты, саналы. Небір мықты жастар шет мемлекетте «Болашақ» бағдарламасымен, өз мемлекетімізде керемет оқу орындарында білім алуда. Шет мемлекетте білім алып жатқан жастар міндетті түрде ол мемлекеттің жақсы жағын алып келетін болады. Сондықтан енді бір 50-100 жылда еліміз өте биік дәрежеде болады. Өнер, білім, мәдениет өркендеген заманда міндетті түрде халықтың, мемлекеттің болашағы жарқырай түсері даусыз.
Жалпы бас қаламыздың болашағы жарқын. Себебі, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең бірінші мүддесі – ұлттық мүдде. Сондықтан жарықтан қараңғы, жақсылықтан жамандық іздемейік. Барымызды бағалап, тәубе дейік. Еңселі ел екенімізді ұмытпайық. Жастарымыз аман болсын. Еліміздің мәртебесі асқақтай берсін!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»