Qoǵam

ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰТҚАСЫ БІЗГЕ АМАНАТ

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
Тәуелсіздік. Осынау тарихқа тұнған ұлы сөзді естігенде «Мен қазақпын!» деген әрбір жанның жүрегінде үлкен сезім орнайды. Себебі, сонау алмағайып кезеңдерде қазақ халқы үшін қымбатқа түскен, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың аңсаған арманы болған осы тәуелсіздік еді. Біз бұл кезеңді көрмесек те, қазақтың таңғажайып тарихын, деректерін оқу арқылы білеміз. Бұл қол жетпес бақытқа жету жолында Алаш ардақтыларының басын бәйгеге тіккені, әсіресе 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасына қатысқан қайсар жастардың ұмытылмас ерліктері көз алдымызға елестейді.
Тұңғыш рет қолымызға тиген тәуелсіздіктің асыл құсын қолдан ұшырып алмай берік ұстау бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан, егеменді еліміздің қазіргі өскелең ұрпақтарына тәуелсіздіктің тарихын тереңірек түсіндіру, қастерлете білу баршамыздың міндетіміз болуы тиіс.

Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. 30 ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар.
1991 жылы ел тәуелсіздігін алған кезде халық болып қана қуанған жоқпыз. Қазақ елінің өз алдына республика болуын қалаған әрі ең бірінші болып мойындаған ел Түркия мемлекеті болатын. Бұл тәуелсіздікті бір ел ғана емес, бүкіл ел болып қолдайды деген сөз. Ал іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай өмір сүруі үшін ерен еңбек керек. Ол оның ішкі және сыртқы әлемі, экономикасы, деген секілді көптеген құндылықтарға келіп тіреледі. Аталған құндылықтарды отыз жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз астанасын да бекітті. Тіпті, бүгінде ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласы арман қалаға айналды. Апортына бүкіл ел сүйсінген Алматының өзін мәдениет пен әдебиеттің, руңханияттың ордасына айналдырды.
Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ. Дәл сол секілді тірлік кешу ортасы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес.
Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн.
Тәуелсіздік таңы атқанына міне 30 жыл толып отыр, осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді. Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады. Экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы қарым-қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды.
Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктер пайда болды. Қазіргі таңда спорттан ұйымдастырылатын олимпиада, спорттық ойындарда қазақстандық бауырларымыз жоғары орындардан көрініп, ел беделін көтеруде, еліміздің Әнұраны бүкіл әлем алдында жиі ойнатылып Қазақстан деген мемлекет күннен-күнге жаңа белестерден көрінуде. Елбасының бастауымен Астананың (бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы) негізі қаланып, бүгін адам танымастай өзгеріске ұшырады, әлемдегі мемлекеттермен келісімшарттар жасалатын, жиналыстар өткізілетін заманауи шаһар қалыптасты.
Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы ескен осы кезеңнің баянды болатынына кәміл сенемін.
Тәуелсіздік деген ұлы жеңіске қол жеткізуде әлі де жаңғырып тұрған кешегі Желтоқсанның да септігі аз болған жоқ – студент жастардың көшеге шығып үндеуі және егемендік үшін зардап шегуге дайын екендігін көрсете білуі барша халыққа сенім мен жігер берген болатын. Қазіргі таңда Тәуелсіздік – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.
Қазақ халқында «Жақсылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» – деген даналық сөз бар. «Жанашырлыққа – жан риза» дегендей, сауабы мол іске атсалысу әрбір азаматтың азаматтық парызы. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жан-жақты жүзеге асыру мақсатында “ЖОМАРТ ЖҮРЕК” акциясының негізінде мектебімізге 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында 1989, 2001 жылғы түлектеріміз мектеп фойесіне «Аквариум», дәлізге арналған кілемшелер тарту етті. Түлектерге шын жүректен алғыс айта отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз. Сондай-ақ акция әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз. Тәуелсіз еліміздің жасампаз ұрпақтары мәңгі жасай берсін!
Мектебімізде Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімдерін, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгіні мен болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау салтанатты іс-шарасы өткізілді. Шара барысында озат оқушылар ұйым антын қабылдап, мектеп директоры З.Сегізбаева жалынды шәкірттерге тілегін білдіріп, бүгінгі жас азаматтарды еліміздің нағыз патриоттары, өзгерістерден қаймықпайтын, еңбекқұмар, білімге құштар, өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылатын, өршіл, қайсар етіп тәрбиелеуді, дәстүрімізді, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарымызды қастерлейтін рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыруды көздейтін ұйымға енулерімен шын жүректен құттықтады.
Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс.

Айсұлу Арыстанова,
№17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.
Қызыларық ауылы

Таңдаулы материалдар

Close