Qoǵam

«Желтоқсан ардагері» белгісі табысталды

«Жуалы Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелері мен Желтоқсан оқиғаларына қатысқан бір топ азамат таяуда аудандық орталық кітапхананың білім орталығында басқосу өткізді.
Жиынды «Жуалы Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Смайыл Көбесов ашып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде азаматтардың барлық санаттарының мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін ескеретін еститін мемлекет құру жолындағы бастамалары мен талпынысын мақұлдай келе, осы ретте өзінің таяуда Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің республикалық құрылтайына барып қатысып келгенін еске салды. Ол өзі басшылық ететін қоғамдық бірлестіктің басты мақсаты етіп мүшелерінің құқықтық-әлеуметтік және қаржылық мәселелерін шешуді, оларды әлеуметтік және құқықтық қорғауды қамтамасыз етуді, әлеуметтік қорғалмаған азаматтар үшін сервистік қызметтер, қорғалмаған тұрғындардың азаматтық қалыптасуына, өзін-өзі танытуына жағдай жасауды және өңірдің әлеуметтік іс-шараларына белсене қатысуды қойып отырғанын атап көрсетті.
Бірлестік сондай-ақ қоғамда болып жатқан өзгерістерге, халықтың әлеуметтік проблемаларына қатысты өз ой-пікірлерін батыл білдіріп, атқарушы билік алдына талап қойып, оның шешілуіне қол жеткізуге күш-жігерін жұмсайтын болады. Смайыл Көбесовтің айтуына қарағанда, бүгінде жергілікті жерлерде мал басының артуына байланысты жайылым тарылып отыр. Оны шешуге жергілікті атқарушы органдар мүдделілік білдірмеуде. Жер қатынастары, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту салаларында қызмет алу кезінде тұрғындардың қарапайым құқықтары жиі бұзылуда. Сондықтан бірлестік бұл мәселені де басты назарында ұстайтын болады.
Жиында алда келе жатқан Желтоқсан көтерілісінің 33 жылдығына орай, ауданда оған қатысқан азаматтардың тізімдерін түгендеу, оларды әлеуметтік қолдау және көтермелеу шаралары жүргізілуі қажет екендігі көрсетілді. Қоғамдық бірлестік мүшесі Алдабек Нұрлыбаев, Желтоқсан оқиғасына қатысқандар Нұрбек Сарыбаев, Шолпан Сәбденбекова, Нұрғали Есмұратов, Ләззат Әшірбекова және басқалар оңтүстік астанада жастар толқуы болған күндері өздері куә болған оқиғалар мен жайттар туралы әңгімеледі.
Смайыл Көбесов ауданда «Желтоқсан қаһармандары» тақтасын ашуды ұсынды.
Шара соңында аудандық мәслихаттың хатшысы, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ерғали Тілеубеков Райгүл Әуелбекова мен Шолпан Сәбденбековаға «Желтоқсан ардагері» белгісі мен куәлігін табыс етті.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close