Qoǵam
Асқақтай бер, Нұр-Сұлтан!
Елордаға мен 2017 жылы «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі өткен жылы бардым. Елімізде осындай тарихи маңызды шара өтіп жатқанда біз қалай да барамыз деген мақсат қойып, сол мақсаттың жетегімен отбасымызбен бардық. Астананың келбеті, мәдениеті, тазалығы барлығы сөз жоқ тамаша. Балалардың алған әсері мүлдем ерекше. Көз алдарына елордада оқуды, жұмыс істеуді елестетіп, тамаша күйде үлкен арманмен, үмітпен қайтты.
Қаланың бұрынғы Ақмола болып тұрғандағы келбетін суреттерден көріп, таңқалдық. Адам сенбестей өзгерген. Жәй қарапайым, ескі қала рухы биік, мәртебесі асқақ, еліміздің астанасы деп мақтанышпен айтуға тұрарлықтай қалаға айналды.
Пароходпен Есіл өзенінің үстінде серуендеп жүрміз. Жанымызда Нұр-Сұлтанда тұратын досымыз дәл осы жердің бұрынғы жағдайы қандай болғанын айтып түсіндіріп жатты. Ол кезде бұл жерді қамыс басып кеткен, арасында сылдырап қана су ағып жататын. Ал, қазір өздерің көріп тұрғандай тамаша демалыс орны. Астанадағы әрбір көше, әрбір ғимарат, әрбір белгінің өзі үлкен еңбектің жемісі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алматыдан Ақмолаға алғаш көшіргенде осы өзеннің бойына келіп көз тастап тұрғанын халық көп байқайды екен. Ондағы Елбасының ойы – қайткенде де жоқтан бар жасап, жақсы жағына өзгерту.
Бас қаланы тамашалап жүріп Елбасының астананы көшірудегі толғанысы есіме түсіп, тебірендім.
Елбасының «Астананы Алатаудың бауырынан Арқаға ауыстыру мен үшін оңайға түскен жоқ. Бұл – болашағымызға керек, қызығын келер ұрпақ көретін шешім. Оны дұрыс түсінгендеріңізге ризамын.
Алматыда зиялы қауыммен кездескенде бұл шешімнің біздің ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысы бар екенін ашып айтқанмын. Мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз мекен еткен қасиетті қазақ жерінің бір бөлігі – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дарқан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетіндер бар кезде, солтүстіктегі шұрайлы өңірге көзінің сұғын қадайтындар бар кезде біз мына жылы жерде, әсем қала Алматыда тыныш отыра алмас едік. Біз Алатаудың бауырына сыймай кеткен жоқпыз, қайта жер жаннаты Жетісуды қимай-қимай кеттік, тарихтың қатаң талабы осындай болды».
Үлкен тәуекелге барып, зор рухпен салынған елордамыз бүгінде әрбір қазақтың мақтанышы. Мақтанышы ғана емес, түсіне, сезіне білген жанның ішкі мәдениетіне, рухына күш беретін және елімізді алға сүйреп бара жатқан локомотив. Нұр-Сұлтан – білімді де еңбекқор, талантты жастардың қаласы.
Астанада оқуды, жұмыс істеуді армандамайтын жас жоқ шығар. Сол арманның өзі кез келген жастың арманына қанат бітіріп, патриоттық рухын жани түседі.
Нұрсұлтандықтармен әңгімелесе отырып, Елордамыз тек көшесінің тазалығымен ғана емес, адамдарының жан тазалығымен де ерекшеленеді. Көшеде қарап отырған жанды көрмейсің, барлығы бір жерге асығып бара жатыр. Бір адам бір жерде емес, бірнеше жерде жұмыс істейді. Бір жерден бір жерге асығып жүрген халық. Бәрінен де қоғамның жегі құрты сыбайлас жемқорлықтың жоқтығы тәнті етті. Мектепте, оқушылар сарайында еңбек етіп, төрт ұл-қыз тәрбиелеп, үкіметтен орталықтан үш бөлмелі үй алған досымыз жұмысқа тұру үшін де, үй алу үшін де ешкімге пара бермей таза жолмен жеткенін мақтанышпен айтады. Қандай тамаша. Барлық жерде осындай әділдік болса, еліміз бұдан да үлкен жетістікке жетер еді.
Жас қаланың келбетіне қарап тұрып, Елбасының көрегендігін, халқымыздың кеңпейілділігін, дарқандығын көрдім. Елордамыз биіктей берсін. Лайым Алла тағала халқымыздың ауызбіршілігінен айырмай, әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»