Qoǵam

Ауызсумен қамтудың үлесі артып келеді

 

Халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспейтін мәселе. Себебі, таза суды тұтынумен бірге тұрғындардың да денсаулығы жақсы болады. Ауызсумен қамту стратегиялық мәселе болғандықтан, тәуелсіздік жылдарында елді мекендерге ауызсу құбырларын тарту арқылы бұл мәселе өз шешімін тауып келеді. Дегенмен, әлі күнге таза суға жарымай отырған ауылдар да бар. Жуалы ауданында да жыл санап ауыз сумен қамту үлесінің артып келе жатқанын байқауға болады.

Үкімет басшысы Асқар Мамин бұл мәселе туралы: «Халықты таза ауызсумен жабдықтау мәселесі Үкіметтің стратегиялық міндеті және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Әр әкімдіктің елді мекендерге тиісті инфрақұрылымды жеткізу бойынша нақты жоспары болуы керек» деп атап өткен болатын.

Осы орайда 2020 жылы ауданына қарасты бес елді мекеннен жалпы ұзындығы 118 шақырым болатын ауызға су жүйелерінің құрылысы басталған болатын. Аталған құрылыстар жылы 2021 жылға өтпелі. Атап айтқанда, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы, Ертай, Көлтоған, Қошқарата ауылдарында былтырдан бері су жүргізу жұмыстары жүруде. Жұмыстар толығымен аяқталған кезде ауданға қарасты аталған елді мекендердің 1212 ауласы мен 6707 тұрғыны орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.

Соның ішінде, аудандағы шалғай елді мекендердің бірі – Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған және осы округке қарасты Ертай ауылдарында ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізілуде.  Көлтоған ауылындағы ауызсу құрылысын мердігер «Ақмешіт-Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) жүргізуде.  Аталған құрылыстың техникалық қадағалаушысы – «ЗКА Проект» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы – «ГорСтройДизайн» ЖШС. Елдімекен бойынша 250 ауладағы 1271  тұрғын орталықтандырылған ауызсумен қамтылады деп күтілуде.

6 шілде – Елорда күні мерекесінің қарсаңында Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында ауызсу құрылысының ашылуы болды. Жалпы құны 564 миллион теңгені құрайтын ауызсу жүйесінің құрылысын мердігер «Ақмешіт-Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. 2020 жылы республикалық бюджеттен 220, 868,0 мың теңге бөлінсе, биыл 344 миллион теңге қарастырылған. Соның нәтижесінде құрылыс толығымен аяқталып отыр.

Жалпы су өткізгіш жүйесінің ұзындығы 25,19 шақырымды құрайды. Мердігер мекеменің прорабы Ержан Таңатаровтың айтуынша, құрылыстың басында екі сусорғы станциясы мен екі резервуар салынған. Су 150 метр тереңдіктен бұрғыланған. Құбыр тарту жұмыстары аяқтап, ендігі кезекте суесептегіш құралдарын орнату жұмыстары атқарылуға тиіс.

Құрылысқа тапсырыс берген мекеме аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков биыл ауданда атқарылатын инфрақұрылымдық жобалардың негізінде бес ауылға ауызсу берілетінін, сонымен қатар, жалпы аудан бойынша тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету үлесінің 54 процентке жетіп отырғанын қуанышпен хабарлады. Бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы жылдары да жалғаса беретініне біз де сенімдіміз.

Сонымен, мереке қарсаңында Көлтоған ауылындағы ауызсу жүйесінің қолданысқа берілу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қатысты. Анар Садыққызы көп жылдан бері ауызсудың азабын тартып келген көлтоғандық тұрғындарды ауылға ауызсудың берілуімен және ел өміріндегі маңызды мереке Елорда күнімен құттықтады. Таза суға қол жеткізген ауыл тұрғындарының үйлеріне барып, қуанышымен бөлісті.

Ауылға таза судың келуіне қуанышты жанның бірі Абай көшесінің тұрғыны Эльмира Телиева.

-Елорда күні мерекесінің қарсаңында ауылға ауызсудың берілгеніне отбасымызбен қуаныштымыз. Отбасында жолдасым екеуміз үш перзент тәрбиелеп отырмыз. Бұдан бұрын ауызсуды алыстан тасып ішуші едік. Ауласында құдығы бар үйлер судан қинала қоймайды. Дегенмен, оның санитариялық талаптарға сай келетінін немесе ішуге жарамды екенін ешкім білмейді. Ендігі кезекте таза ауызсуды тұтынатын болдық,- дейді ол қуанышын жасыра алмай.

Ауылға ауызсудың келгеніне қуанышты жандардың қатарында Көлтоған ауылы Д.Қонаев көшесінің тұрғындары, ардагер ұстаздар – Мақсатбек Байболов пен Әлия Жақсыбекованың отбасы да бар. Олар бұған дейін жерасты суын пайдаланып келген екен. Бірақ, оның сапасы тереңнен шығарылған таза ауызсуға жетпейтінін айтады.

-Әрине, ең біріншіден ауылға ауызсу құбырының тартылғанына қуаныштымыз. Кеңестік кезеңде ауылда екі мәрте құбыр тартылған. Белгілі себептерге байланысты су жүйесі істен шығып қалды. Жуалыдағы қатал ауа райы біз тұратын Көлтоған ауылында да байқалады. Бұрын тартылған су құбырлары жерге таяз көмілгендіктен, қыстың күндері мұз боп қатып қалатын. Сөйтіп, қанша жылдан бері ауызсудың азабын тартып келдік. Мердігер мекеме құрылысты сапалы атқарды деп есептейміз.

Ауызсу мәселесі бұрыннан бері аудан әкімі қатысатын түрлі жиындарда ұдайы көтеріліп келген еді. Аталған мәселе былтыр оң шешімін тапты. Бұған ауыл тұрғындары қуанып отыр. Тілегімізді ескерген аудан, облыс басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Елорда күні қарсаңында ашылып жатқан ауызсуымыз құтты болып, тұрғындардың игілігіне ұзақ жылдар қызмет етсін,- дейді М.Байболов.

Ауызсу мәселесі бойынша бүгінгі күнге аудан көлеміндегі 49 елді мекенде 10 373 аула болса, оның 25 елді мекені және 5305 ауласы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Су құбырының жалпы ұзындығы 321,2 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 10 елді мекенге (4562 тұрғын, 817 аулаға) 100,62 шақырым болатын ауызсу құбыры тартылды. Нәтижесінде ауызсумен қамтамасыз ету үлесі халық санына және аула санына шаққанда 51 процентке жетті. Жалпы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған 5305 ауланың 2437 ауласына суесептегіш құралдары орнатылған және орнату жұмыстары жалғасын табуда.

Сондай-ақ, Қоңыртөбе ауылына ауызсу құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар (ЖСҚ) әзірленіп, облысқа бюджеттік өтінім тапсырылған. Ал бұдан бөлек, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тарапынан  жеті елді мекенге, атап айтқанда, (Бәйтерек, Жаңаталап, Ақтоған, Кәріқорған, Тасбастау, Рысбек батыр, Ақтөбе) ауылдарына ауызсу жүйесінің құрылысын жүргізу үшін  жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, сараптама қарауына ұсынылғанын айта кеткіміз келеді.

***

Кәсіпкерлік нысандары ашылды

6 шілде – Елорда күні мерекесіне орай Шақпақ ауылдық округінің орталығы Шақпақата ауылында «Samurai» ЖШС-ның сүт өңдеу цехының ашылуы болды.

Цехты жергілікті жеке кәсіпкер Нұрбақыт Тілегенов ашып отыр.  Жоба құны-100 миллион теңге. Жылдық қуаттылығы 4000 тоннаны құрайтын цех жеке қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні мұнда Түркия мемлекетінен 25 млн. теңгеге қондырғылары сатып алынып, орнатылды. Қазіргі уақытта сынама өнімдері шығарылуда.

Өндіріс ошағын ашудағы мақсат – аудандағы негізгі азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру.  Ауыл тұрғындары үшін табиғи сүт өнімдерін (табиғи ірімшік және сары май, құрт, қаймақ, брынза)  өндіру.

***

Елорда күні қарсаңында Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында «Бақдәулет» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің (АШӨК) сүт өңдеу цехы іске қосылды. Жобаның құны 200 млн. теңге болса, жылдық қуаттылығы 2000 тонна.

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close