Qoǵam
Іскерлік пен кәсібилік – басты талап
Мемлекетіміз алдына қойған мақсаттарының сапалы орындалуы мемлекеттік қызметтің кәсібилігіне негізделеді, сол себепті елімізде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігіне және моральдық-әдептік келбетіне үлкен мән берілуде.
Жаңа Әдеп кодексінің мақсаты халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларын алдын алу. Бұл мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың бұрынғыға қарағанда күшейгенін білдіреді. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.
Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Ел үшін жан аянбай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші қашанда елге сыйлы, басшылыққа қадірлі.
Мемлекеттік қызметші Әдеп кодексінің талаптарын әрдайым ұстануы тиіс. Жұмыс барысында болсын, қызметтен тыс уақытта болсын, жай үйінде қонақ күтіп отырғанның өзінде де әдеп кодексінің талаптарын естен шығармауы тиіс. Себебі, халық мемлекеттік қызметшілерді үлгі тұтады, соларға қарап бой түзейді. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің, ел алдындағы адамның ішкен-жегені де, киім кигені де әдепті көрінуі керек. Қалай болса солай киіну, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстамау да мемлекеттік қызметшіге үлкен сын болмақ. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өзіне-өзі есеп беріп отыруы қажет. Әр мемлекеттік қызметші аталған кодексте айтылғандарды басшылыққа алғаны абзал.
Мәселен, кодексте мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлқына қойылатын талаптары халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеулерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген.
Кодекстің «Қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарты» атты үшінші бөлімінде, мемлекеттік қызметшілер жұмыстан тыс уақытта қарапайым болуы, қоғамда белгіленген жалпы моральдық-әдептілік нормаларын сақтауы, заңнама талаптарын бұзбауы қажет деп көрсетілген.
Бұдан бөлек қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен және өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған. Яғни, «олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпауы тиіс, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс» делінген.
Сондықтан, мемлекеттік қызметте биік абыройға ие болам деген мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» мұқият ұстануы қажет.
Бектархан СҮЛЕЙМЕНОВ,
Жетітөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы