Qoǵam

ҚҰРБАН АЙТ – ҚҰТТЫ МЕРЕКЕ

Мұсылман жұртшылығының асыға
күткен қасиетті мерекесі – Құрбан айт биыл
11 тамыз күні басталады. Біз осы ретте
Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық
орталық мешіттің бас имамы, ауданның
бас имамы Нұрлан Әмірбаевқа жолығып,
«Құрбан шалудың үкімі мен шарттары
қандай, мерекені қалай өткізген жөн?» деген
сауалдар төңірегінде тілдескен едік.
– Құрбандық шалудың мақсаты не?
– Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл
мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін
құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың
құрбандығының қабыл болғандығы айтылады.
Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу
Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері
арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып,
Ибраһим (Оған Алланың сәлемі болсын) мен
Исмаилдың (Оған Алланың сәлемі болсын)
дәуірінен бүгінгі біздің дәуірімізге дейін келіп
жетті.
Құрбан – араб тілінде «жақындау», яғни,
жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып,
Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді.
Ал шариғаттағы мағынасы «шарттарымен
санаса отырып, құлшылық ниетімен мал
бауыздау» дегенге саяды. Құрбан шалудың
мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін,
құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы
білген жөн. Мынау кең-байтақ ғаламды
жаратқан құдіретті Ие жер бетіндегі саналы
пенделерін бекерге жаратпаған. Олардың
қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол
көрсетіп дін жіберген. Қасиетті кітабы Құранда:
«Мен жындар мен адамдарды (Мені танып),
маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым»
деп білдірген («Зариат» сүресі, 56-аят). Демек,
құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің
жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап
жинау.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана
шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын
пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға
жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ,
пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы
мен жомарттығы да сыналады.
Мұсылман адам қара бастың қамын
ғана ойламауы тиіс. Өзім ғана ішсем, жесем,
өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса
ол болсын деген түсінік оған жат. Өйткені
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі
мен сәлемі болсын) «Көршісі аш кезде өзі
тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген
жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы
мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар
бір дене тәрізді, бір жері ауырса, басқа
мүшелірінің де мазасы кетіп, ұйқысы қашады»
деген хадистері күллі мұсылман жұртшылығын
бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық
жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы
нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға
шақырады.
– Құрбандық шалудың нендей үкімдері
бар?
– Жағдайы бар адамға Құрбан айтта
құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында
уәжіп. Оған аят-хадистерден мынадай дәлелдер
бар: Алла тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз
оқы және құрбан шал», – деп бұйыруы құрбан
шалудың уәжіптігін білдіреді («Кәусар» сүресі,
2-аят). Пайғамбарымыздың (Оған Алланың
игілігі мен сәлемі болсын) «Құрбан шалыңдар!
Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті»
деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес.
Өйткені, хадисте айтылған «сүннет» жол деген
мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде
міндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнің (Оған
Алла разы болсын) жалғаса келген жолы деген
мағынаны меңзейді.
– Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?
– Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға
құрбан шалу уәжіп: біріншісі, мұсылман болуы,
екіншісі, ақыл-есі бар және балиғат жасына
толуы, үшіншісі, Құрбан айт кезінде жолаушы
болмауы және төртіншісі, негізгі қажеттерден
тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.
Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки
соның құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты
сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап
мелшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт
емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде
ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін
соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға
болады. Мұндай байлық мөлшері қолында
жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет
болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық
шалуына рұқсат.
Мұсылман адам амалымен жете алмайтын
сауапқа ниеті арқылы жетеді. «Әркімнің ісі
ниетіне қарай бағаланады. Мүмінге ниеттенген
нәрсесінің сауабы беріледі» және «Мүміннің
ниеті амалынан қайырлы» деген секілді хадистер қай істе де мұсылман баласын
ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті
құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар:
«Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен
де құрбандық шалар едім», – деген ниетте
болса, мейірімді Раббымыз оған да құрбандық
шалған жанның сауабындай сауап жазады.
– Қ ұ р б а н д ы қ қ а қ а н д а й ма л д а р
ш а л ы н а д ы ж ә н е ол а рд ы ң н е н д е й
ерекшеліктері бар?
– К е з к е л г е н м а л қ ұ р б а н д ы қ қ а
жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын
малдың ерекшеліктері мынадай болуы
қажет: құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе
секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз,
тауық, түйетауық, елік секілді аң-құстар
құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық
ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып
табылады. Өйткені мұнда мәжусиларға (отқа
табынушылар) еліктеушіліктің нышандары
бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері
де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
Тағы бір ескеретіні, Құрбандыққа
жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар
болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы
бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса,
құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті
түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі
жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа
шалуға болады.
Сонымен қатар құрбандық мал сау, етті
және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның
бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі
келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
Қ ұ р ба н д ы қ м а л ғ и ба д ат р ет і н д е
бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла
пенделердің құлшылығына да, құрбандық
шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың
бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары
мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат
– Алла тағаланың разылығына бөлену.
Мал шал-ғанда пенделердің ниетінің негізге
алынатындығы Құран Кәрімде былайша
баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті
де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді.
Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге
ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет»
(«Хаж» сүресі, 37-аят).
– Малды құрбандыққа жарамсыз ететін
кемшіліктер бар ма?
– Малды құрбандыққа жарамсыз ететін
кемшіліктер мыналар: екі немесе бір көзінің
соқыр болуы, бауыздалатын жерге өздігінен
жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем
болуы. Екі құлағының не бір құлағының
басым бөлігінің жоқ болуы, тістері түгелдей
немесе бір бөлігі түсіп қалған болуы. Қос
мүйізі немесе бір мүйізі түбінен сынып
қалған болуы, желін ұшының түсіп қалуы,
құйрығының жартысы немесе үштен бір бөлігі
кесілген болуы, жілігі майсыз, көтерем не ауру
болуы, тумысынан құлағы мен құйрығының болмауы, жетекке көнбейтін және үйірге қосуға жарамайтындай немесе жем беруі қиын тентек болуы, ауру екендігі анық белгілі болуы.
Құрбандық шалуға ниеттенген адамның, сатып алған малында жоғарыда аталған кемшіліктер сатып алғаннан кейін пайда болса, орнына басқа мал алып бауызда-ғаны абзал. Алайда жағдайы төмен жандарға сатып алған құрбандық малында жоғарыда аталған кемшіліктер пайда болса, орнына басқасын алудың қажеті жоқ. Алған малын құрбандық ретінде бауыздай беруіне болады. Тіптен осындай кемістігі бар малды сатып алып құрбан ретінде бауыздауына да болады. Себебі, жоқ-жітік жанға құрбандық шалу – нәпіл ғибадат болып саналады. Ал нәпіл ғибадаттар үшін дінімізде кеңшілік пен жеңілдік бар.
– Құрбандық шалудың нендей жөн-жоралғылары бар?
– Мұсылман – Алла тағалаға толықтай мойынсұнған жан. Сондықтан да Раббысына жасайтын ғибадатын өз ойынша емес, Алланың белгілеген ережелері негізінде жасайды. Бұл жайлы Құран Кәрімде: «Кімде-кім Алланың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса, күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан» деп айтылады («Хаж» сүресі, 32-аят). Сондықтан да Алла тағала мән берген нәрсеге біздің де көңіл бөлуіміз өте маңызды.
Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «…Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисінің астары терең.
Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны мұстахаб (ұнамды іс). Дегенмен өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады. Құрбандық шалатын жанның мұсылман болғаны абзал.
Құрбандық шалған кезде төмендегі жайттарға да назар аударған жөн: құрбан шалынатын жердің таза болуы, құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару, құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу, құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күтіледі. Құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек.
– Құрбандықты қай уақытта шалу қажет?
– Ғибадат Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.
Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес», – делінсе, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.
– Құрбандық шалған адамдардың арасында «құрбандықтың еті мен терісін не істейміз?» деген сауалдар жиі туындап жатады. Бұған не дейсіз?
– Бай болсын, кедей болсын, Құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Алла тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».
Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Ал сатылса, оның ақшасы кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды.
Хазіреті Әлидің (Оған Алла разы болсын) былай дегені риуаят етілді: «Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз» деді». Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады.
– Бірігіп құрбан шалуға бола ма?
– Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шала алады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбандық шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
– Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеміз?
2019 жылғы 11 тамыз күні еліміздің барлық өңірлеріндегі мешіттерде Құрбан айт намазы оқылады. Сондай-ақ, осы айтулы күн Мемлекет басшысының Жарлығымен демалыс күні болып белгіленгені мәлім. Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, қолынан келсе, көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйластықтарын барынша арттырады.
Аудан мешіттерінде Құрбан айт намазы сағат белдеуіне сәйкес сағат 07.10-да оқылады.
– Мағыналы сұхбатыңызға Алла разы болсын!
Сұхбатты жүргізген
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close