«Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ және «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның Жамбыл облысы бойынша Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры, аудан әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, облыстың Құрметті азаматы Шора Ысқақов «Спутник-V» вакцинасын салдырды. 74 жасқа келген ол екпе қабылдағаннан кейін ешқандай ауырсыну болмағанын және дәрігерлердің нұсқауымен ешқандай дәрі қабылдамағанын айтты. Тіпті екпеден кейін өзін бұрынғыдан да жақсы сезінетінін және дене жаттығуларымен тұрақты айналысатынын тілге тиек етті.
-Жуырда Түркістан қаласында Алтыншы шақырылған құрылтай өтеді. Одан бөлек, әр қалада қандастарымызды қолдау мақсатында семинар, конференциялар өткізіледі деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта, вокзал мен әуежайдың билетін сатып алар алдында екпе егілгені туралы анықтама сұрайтыны белгілі. Осыған байланысты мен де вакцина алуды жөн санадым. Айта кету керек, туыстарымның бірде біреуі коронавируспен ауырған жоқ. Бірақ, барлығы отбасының, жақындарының қауіпсіздігін ойлағаннан кейін жаппай екпе ектіруге кірісті. Сондықтан мен де барлық аудан тұрғындарын екпені еш қорықпастан қабылдауға шақырамын. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздегеніміз абзал, – дейді қазыналы қартымыз.
Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»