Qoǵam
Кодекс талаптарын сақтаған дұрыс
Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның алғашқы бірнеше қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналғаны белгілі. Бұл міндет мемлекеттік қызметшілерден жоғары нәтижені талап ететіні анық. Онда азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерінен бастап жаңа этикалық ережелерді енгізу міндетіне дейін қамтылған.
Мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату мақсатында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсанда №153 Жарғысы бекітілген.
Бұл ереже мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды және қоғам дамуына мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің осы әдеп кодексі Ата Заңымыз – Конституцияға, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ, олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді.
Жалпы аталған Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясындағы ұзақ мерзiмдi басымдықтардың бiрi ретінде кәсiби мемлекет құру міндетін атап айтуға болады. Елiмiздiң алдында тұрған стратегиялық мiндеттердiң сапалы iске асырылуы қай саланың болмасын даму көрсеткіштері мемлекеттiк қызметтің кәсiбилiгiне негiзделедi. Сондықтан, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет аппаратының кәсіби біліктілігіне, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік келбетіне зор мән берілуде. Оның нақты дәлелі – Елбасы ұсынған Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам» аясында, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдардың және мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінің қабылдануы болып табылады.
Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның айтқан әрбір сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Ел үшін жан аянбай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші қашанда елге сыйлы, басшылыққа қадірлі.
Мемлекеттік қызметші әрқашанда әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал. Мейлі, ол жұмыс барысында болсын, мейлі, ол демалыс күндерінде болсын, қонақта болсын, далада табиғат аясында демалғанда болсын, тіпті, жай үйінде қонақ күтіп отырғанда да.
Әр мемлекеттік қызметші аталған кодексте айтылғандарды басшылыққа алғаны абзал. Мәселен, кодексте мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлығына қойылатын талаптары халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеулерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген.
Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият сақтап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуы қажет.
Марат НАРЫМБЕКОВ,
аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы