Qoǵam
Қазақы тәрбие жат ағым жетегіне жібермейді
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы өзінің қара сөздерінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» деп ұлағатты сөз айтты. Сондықтан, жан дүниесі рухани бай жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлу қажет.
Ұлттың ұйытқысы, салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, қоғамның іргетасы, әрбір ошақтың шырағы ол – ата-ана. Мектеп жасындағы баланың жан-жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі – ата-ана. Ең алдымен ата-ана баланың Интернетті пайдалану мәдениетін қадағалап отыруы керек. Жас жеткіншектер жеке тұлға ретінде толысып, дамып, өмір туралы түсініктері қалыптасу кезеңінде отбасы мен оқу орны бірлесе отырып жүйелі, дұрыс тәрбиені беруге жағдай жасауы керек.
Бүгінгі күні білім бөліміне қарасты білім мекемелерінде тәрбиеге бағытталған «Шаңырақ» қауымдастығы, қыз бала тәрбиесімен айналысатын «Қыз Жібек», ер балалар тәрбиесімен айналысатын «Бозбала» клубы, «Жас Ұлан» мен «Жас Қыран» балалар ұйымы, «Адал ұрпақ» клубтары бала тәрбиесіндегі маңызды орындарды алады. Діндердің шығу тарихын білу мақсатында мектептерде 8, 9 сынып оқушыларына арналған «Мектептегі діни сауаттылықты қалыптастырудың негіздері», «Зайырлылық және дінтану негіздері» курстарынан тарих пәнінің мұғалімдері дәріс беруде. Жамбыл облысы әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының теолог маманы Рамазан Әбделиевті шақырып, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіліп, қазіргі жастар арасындағы мәселелер және оны шешу жолдары үнемі талқыланып отырады.
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қазіргі таңда ислам атын жамылған түрлі жат ағымдар жастарымыздың санасын улауда. Жат ағымның алдын алу мәселесінде еліміздің ұстанымы айқын, біздің ел күшпен емес, біліммен, идеологиямен жеңуді көздейді. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев қазақ елінің тарихында дәстүрлі дінді ұстанған зиялы қауымның болғандығын үнемі ескертіп, олардан үлгі алу қажеттігін айтатын. Осы қазақы тәрбиенің ұлт болашағының санасына сіңіру үшін егемен ел атанған мемлекеттің азаматтары үшін бұл қажеттіліктің өзіндік ерекшеліктері бар. Сол себепті, қазіргі таңда болашақ жастардың дінге қатынасы көкейтесті мәселеге айналуда.
Бүгінде жат ағымдардың жетегінде жүрген қанша адамның өмірі қор болғанын ешкім айта алмайды. Сондықтан, жат ағымның жетегіне ермей, сақ болайық, жас өркен!
Жамбыл облыстық білім басқармасының Жуалы аудандық білім бөлімі