Соңғы кездері елімізде орын алып отырған оқыс оқиғалардың жиілеп кеткені кім-кімнің де қабырғасына бататыны белгілі. Елдің есінде болар, осыдан біраз уақыт бұрын Астана қаласында бір отбасының бес бірдей перзенті газдан тұтанған өрттен қаза болды. Одан соң іле-шала Қызылорда облысында да дәл осыған ұқсас жағдай тіркелді. Қауіп қайдан демеңіз? Өзімізде күнделікті тұрмыста қолданып жүрген энергия көздерін дұрыс пайдаланбаудан, қауіпсіздікті сақтамаудың салдарынан адам өміріне қауіп төнуде. «Сақтансаң, сақтайды» деген.
27 ақпан күні Тараз қаласында қалың елдің қабырғасын қайыстырған оқыс оқиға орын алды. Оқиға сол күні таңғы сағат 6-дан 21 минут өткенде облыс орталығындағы №9 «Мыңбұлақ» шағын ауданындағы 62 үйде болып отыр. Анықталған мәліметтер бойынша, оқыс оқиға 2-ші қабаттағы 49 пәтерден шыққан. Алдын ала болжам бойынша жарылыс газ жабдықтарының абайсыз пайдалануынан туындаған.
Апат айтып келмейді. Қиыншылықты ешкім сұрап алмайды. Оқыс оқиғадан зардап шеккен отбасылардың қатарында біздің ауданға қарасты Қайрат ауылының қадірменді қариясы Арапбек Сағынбековтың де отбасы бар. Таратып айтсақ, Арапбек ақсақалдың қолында тәрбиеленіп отырған 2001 жылы туған немересі Айжан Еркінбекқызы өткен жылы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Жақында ғана бұл отбасы Тараз қаласындағы №9 мөлтек ауданының 62 үйінен пәтер сатып алған екен. Арапбек ақсақал оқыс оқиға орын алған күні екі немересімен осында болған. Өкінішке орай, жарылыс дәл екінші қабаттағы осы отбасыға тиесілі 49 пәтерде болған. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді халқымыз. Оқыс оқиғаның салдарынан Арапбек Сағындықов пен 2000-шы жылы туылған немересі Аружанның денелерін қатты күйік шалған. Тағдырдың жазуы болар, жоғары оқу орнына түсіп, енді ғана үлкен өмірге қадам басып, желкілдеп өсіп келе жатқан Айжан Еркінбекқызы қайтыс болды. Бүгінде Арапбек Сағынбекұлы мен үлкен немересі Аружан облыс орталығындағы қалалық ауруханада ем алуда.
Қайғылы оқиғадан қайтыс болған Айжан Еркінбекқызының денесі жұма күні өзінің туған ауылына жеткізіліп, арулап жер қойнына тапсырылды. Марқұммен қоштасуға, қара жамылған отбасына көңіл айтуға келген кісілердің қарасы қалың болды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасымен оның орынбасары Тимур Жанке, сонымен бірге аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов Арапбек Сағынбековтың отбасының қайғыларына ортақтасып көңіл айтып, жаназа намазына қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке облыс орталығында көпбатты үйде болған жарылыстан зардап шеккен отбасылардың барлығына Үкімет тарапынан барлық қажетті көмектер көрсетілетінін жеткізді.
Оқыс оқиғаның орын алуына орай ауданда 1 наурызға жоспарланған мерекелік іс-шаралардың барлығы уақытша тоқтатылды.
Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ,
«Жаңа өмір»