Qoǵam
Құрметті оқырман қауым!
Сәуір айының 15-нен бастап жылдың екінші жартыжылдығына газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. Газет-журнал қай қоғамда болсын өзінің құндылығын жоғалтпайтын дүние.
Бүгінгі қоғамда әлеуметтік желі ақпарат алуға қаншалықты ыңғайлы болып тұрғанымен газет-журнал, кітап оқып есейген аға буын, орта буын үшін газетті қолға алып, оның иісін сезініп оқығанға ештеңе жетпейді.
«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» дейді Міржақып Дулатов. Сондай-ақ, «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген тамаша тәмсіл бар.
87 жылдық шежіреге айналған Жуалының қасиетті қара шаңырағы талай жауапты кезеңдерді, ғажайып тарихи оқиғаларды, сондай-ақ небір қиын-қыстау сын сәттерді бастан кешіргені мәлім.
Әрине, газет жасау, газет шығару оңай шаруа емес. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін үлкен жауапты жұмыс. Газет тізгінін ұстаған басшыдан бастап, тынымсыз қалам тербеген қосшыға дейін маңызды да ортақ іске шын ынта-жігермен жұмылғанда ғана оқырманға мазмұнды дүние жол тартады.
Аудандық газеттің шығармашылық ұжымының басты мақсаты – оқырманға барынша мазмұнды дүние сыйлау.
Аудандық газеттің әрбір саны – ауданның тарихы.
ХХІ ғасыр – ақпараттық технологиялар ғасыры. Яғни, компьютерді айтпағанның өзінде, қолыңыздағы телефоныңыз арқылы-ақ кез келген уақытта интернеттен өзіңізге керек ақпаратты ала аласыз. Алайда оның барлығы пайдалы ма? Әрине, пайдасынан зияны көп. Жеткіншектеріміз интернеттен тек қана құнарлы, пайдалы қорекпен ғана қоректеніп жүр деп айта алмаймыз. Интернет тіпті қарусыз соғыс сияқты.
Ал, газет-журналда негізсіз, нақты дерексіз, жас ұрпақты шатастыратын дүние жарияланбайды. Әрине, қазіргі заман талабына сай шығып жатқан түрлі сары басылымдарды айтпағанда.
Газет-журналдың басты мақсаты – мемлекеттің жан-жақты дамуын насихаттай отырып, оқырманның рухани өсуіне, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға қызмет ету. Сондықтан да газет-журналдың алдына қойылған жауапкершілік жүгі қай кезде де ауыр.
«Жаңа өмір» газетінің ойлы, жанашыр оқырмандары көп. Олар газетті оқып қана қоймай, үнемі ой бөлісіп, өздерінің де еңбектерін жолдап отырады. Бұл – біздің газет үшін үлкен мақтаныш. Газеттің оқырмандары негізінен жоғарыда айтып өткенімдей, аға буын, орта буын өкілдері. Жастар да бар. Бірақ олардың үлесі аз. Сондықтан жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, газет оқуға тарту мақсатында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – тұмарым!» атты шығармашылық байқауды ұйымдастырудамыз. Бүгінгі таңда редакцияда байқауға арнайы жолданған шығармалар мен өлеңдер жинақталуда. Алда байқау ережесіне сай белгіленген уақытта жинақталған еңбектерді қазылар алқасының зерделеуіне ұсынатын боламыз. Жеңімпаз атанған шығарма, өлең авторлары демеушілер тарапынан дайындалған сыйлықтарға ие болады.
Газет-журнал оқыған адам сауатты сөйлей де, сауатты жаза да біледі. Яғни, газет оқу адамның мәдениетін өсіреді. Сондықтан газет-журнал оқитын жандардың қатарының көп болғаны жалпы ел үшін маңызды. Себебі, мәдениетсіз халықтың бірлігін, мемлекеттің тұтастығын, қоғамның жалпы ішкі ырғағы, үйлесімнің бұзылмауын сақтау қиын. Рухани өмірі кемелдікке көтерілмеген мемлекет ешқашан мұрат-мақсатына жете алмайды.
Өзінің жанын нұрландыруға, көкірегін сәулелендіруге уақыт тауып, жағдай жасай алмаған адам халықтың мұңын түсінеді, қамқор болады дегенге сену қиындау. Яғни, әдебиеттің, өнердің, оның ішінде сөз өнерінің ұлттың кемелденуінде алар орны ерекше.
Кез келген газеттің тірегі – оқырманы. Ордалы оқырманы бар газеттің болашығы да зор. Газеттің болашағы, жағдайы қалың оқырманы, ауылдағы ағайынның таным-түсінігіне, жағдайына байланысты.
Сондықтан құрметті патша көңілді оқырман қауым!
Сіздерді аудан тұрғындарының төл басылымы «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетіне жазылуға шақырамыз!
Құрметпен,
Перизат Шымыртайқызы,
басылымның Бас редакторы