Qoǵam

Момыш бұлағы – қасиетті орын

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Патриотизм кіндік қаның тамған жерге, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбіне әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» делінген болатын. «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» демекші, қазақ халқының қаһарман ұлдарының бірі, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы өз туған жері қасиетті Жуалы жері туралы: «Туған жерім – Мыңбұлақ, арналы Ақсай, Ішсем суың татиды шекер балдай» деп жырлағанын білеміз. Бұдан өткен туған жерге деген перзенттік тілек болар ма?!

Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған жері – ол бұрынғы Орақ-балға ауылы болатын. Қазіргі Талапты ауылына барар күре жолға жақын орналасқан қасиетті мекенді қазір ел-жұрт Момыш бұлағы деп атайды. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, мұнда Орақ-балға ауылы 1970 жылға дейін тұрған. Кеңес Одағының саясатымен және шағын колхоздарды біріктіріп, ірілендіру мақсатында мұндағы жұрт Көлбастау ауылына көшірілген. Ескі жұрттың маңында орналасқан Момыш бұлағы 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген. Ауданның Көлбастау, бұрынғы Орақ-балға, Талапты ауылдарының Алатауға қараған оңтүстік беткейлері сансыз бұлақтарға толы. Сондықтан да бұл мекен Мыңбұлақ деп аталған. Айта кету керек, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Момыш бұлағына барар жолды нұсқайтын арнайы белгі қойылған болатын. Батыр туып-өскен қасиетті мекенді қадірлеп, оны кейінгі ұрпаққа ұлықтау мақсатында өткен жылы Момыш бұлағының басы қоршалып, стелла орнатылды.
«Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші, осынау сауапты істің басында ауданға белгілі азамат Аманжол қажы Дүрәліұлының жүргенін айтуға тиіспіз. Аманжол қарияның бастамасымен екі жыл бұрын бұлақтың басы тазаланып, біршама ретке келтірілді. Оған Мыңбұлақ ауылдық округінің және Қайрат, Б.Момышұлы ауылдарының қариялары үлесін қосты. Одан бөлек, өткен жылы бұлақтағы сайдың табанына бірнеше декоративті ағаштардың көшеттері отырғызылды. Олар бүгінде жайқала өсіп, жан-жағына көрік беріп тұр.
Жақында «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлының бастамасымен Момыш бұлағының маңына шырша ағашының және декоративті ағаштардың, сондай-ақ раушан гүлдерінің көшеттері отырғызылды. Осынау сауапты іске Аманжол қарияның отбасы мүшелерімен қатар аудандағы «Жасыл ел – Жуалы» мекемесінің жұмысшылары жұмыла ат салысты. Бұлақ басындағы сайдың және киелі орынға кіреберіс қоршаудың бойына егілген шырша және декоративті ағаштардың көшеттері ерекше көзге түседі.
– Бауыржан Момышұлы туып-өскен Момыш бұлағының аумағы екі гектарды құрайды. Заң жүзінде бұл жердің мемлекеттік актісі жасалды. Аудан әкімшілігі тарапынан бұлақтың жан-жағын қоршауға қаржы бөлініп, өткен жылы басталған қоршау жұмыстары биыл аяқталмақ. Осынау қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа қалдыру – бәріміздің азаматтық парызымыз. Мұндағы егілетін ағаштардың санын ұлғайту келер жылдары да өз жалғасын таппақ. Көпшілікке белгілі болса, 1992 жылы Халық жазушысы, жерлесіміз Шерхан Мұртазаның 60 жылдық мерейтойы Жуалы жерінде аталып өтті. Сол тойға Халық Қаһарманы, қазақ музыка өнерінің қайталанбас тұлғасы, композитор Нұрғиса Тілендиев келген екен. Сонда ол кісі Момыш бұлағының басына арнайы келіп, бұлақтан су ішіп тұрып: «Бауыржан көке, естимісің. Сенің кіндік қаның тамған қасиетті жерге мың тағзым! Сен басқан жерді мен де бастым, сен жұтқан ауаны мен де жұттым. Сен аунаған жерге мен де аунаймын» деп Момыш бұлағының басына қазақы дәстүр бойынша аунаған екен. Осы оқиғаның өзі-ақ Момыш бұлағының қасиетті екенін айғақтап тұрған жоқ па?! Менің алдағы жоспарым, бұлақ басына апарар екі шақырым жолға асфальт жабындысын төсеу. Бұл мәселені облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жақында ауданға жасаған сапары барысында айтқан болатынмын. Қорыта айтқанда, алты Алаштың арыс тұлғасына айналған, қала берді күллі әлемге ерлік даңқы жайылған Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Момыш бұлағын алыс-жақыннан туристер ағылып келетін қасиетті орынға айналдыруға күш салуымыз керек,- дейді Аманжол Дүрәліұлы.
«Ерлер туар ел үшін, ақсұңқар ұшар жем үшін» деген. Елдің болашағы, Отанның тыныштығы жолында бүкіл өмірін сарп етіп, ұрпаққа ұшан-теңіз ұлағат қалдырған Алаштың айбозы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлік істерін келер ұрпаққа жеткізу – қасиетті борышымыз болып қала бермек…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close