Qoǵam
Таулар алыстаған сайын биіктей түседі
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегіндегі ерекше көкейге қонғаны: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дейтін пайымы. Сонымен қатар «Тау алыстаған сайын биіктей беріп, тұлғалана түседі» деген тұғыры мықты тұжырымды сөз бар. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес, оның түпкі орамында елге танымал, ғұмыры үлгілі болған азаматтар туралы әспетті ой жатыр.
Күлпан Бегайдарова бүкіл ғұмырын білім саласына арнаған жан. Ол 1947 жылы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1962 жылы сол ауылда 9 жылдық мектепті бітіріп, Жамбыл педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1966 жылы оқу орнын тәмамдайды. Жас маман еңбек жолын бұрынғы Гагарин атындағы орталау мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Білімін жетілдіру мақсатында 1967 жылы Шымкент педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, Күлпан Арыстанқызы балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде өзіндік сүбелі үлесін қосты. Жоғары білім иегері атанған ол 1972-1973 жылдары Герцен атындағы орта мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
Отбасылық жағдайына байланысты 1974-1976 жылдары Қаратау қаласына қоныс аударған жайы бар. Сол жердегі XXII партсъезд атындағы орта мектепте, одан кейін 1976 жылы Жуалыға оралып, бұрынғы Ленин атындағы орта мектепте қызмет етті.
– Ұстаздық еткен жанның жүрегі кең болса, ең бастысы бала жанын түсіне білсе, оның еңбегінің еш кетпесі анық. Мен балаларға бар білгенімді үйреттім. Оларды түсінуді, жан дүниесін байытуды, жаман әдеттерден аулақ болуды негізге ала отырып еңбек еттім. Бала мұғалімді тұлға ретінде сыйлай білуі, құрметтеуі керек. Оның берген білімін шәкірттері өмірінде пайдалана алса, ұстаздың жеткен жетістігі саналады.
«Үлкен бір жұмысты сәтті орындаудың бір ғана жолы бар. Ол істі жан-тәнімен сүю қажет» демекші, адам баласы өмірде жемісті ғұмыр кешуді әрі бақытты болуды армандайтыны шындық. Табысты жұмыс жасасам, аңсаған арманыма жетсем деп тілейді. Алға қойған мақсаттарының орындалуын көксейді. Ол осы үшін әрекет жасайды, еңбек қылады. Шәкірттердің әр жетістігіне қуану мен өз еңбегіңнің жемісін көру – ұстаз үшін үлкен бақыт, – дейді ардагер ұстаз.
Жас маман 1977 жылы аудан әкімдігі білім бөлімінің әдістемелік кабинетіне бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша әдіскер болып жұмысқа қабылданады. Осы жұмыста жүріп аудан мектептерінде аталған пәндерді оқытуда тиімді әдістемелік көмек көрсете білді. Оның мұғалімдермен бірлесе шығармашылық жұмыс істеу, әдістемелік жұмыстарды жетілдіру бағытында атқарған жұмыстары ескеріліп, 1980 жылы «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» белгісімен марапатталды. Еңбегі бағаланған қызметкер 1981-1984 жылдары білім бөлімінде кадрлар жөніндегі инспектор қызметінде де жемісті жұмыс атқарды.
Білікті маман қай кезде де сұранысқа ие болатыны белгілі. Осы орайда Күлпан Арыстанқызы 1984 жылы бұрынғы Киров атындағы орта мектепке директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып ауысып, осы білім ошағында ұстаздық ете жүріп пән мұғалімі ретінде аттестациядан өтіп, нәтижесінде «Методист-мұғалім» белгісін алады.
Сонымен қатар ол әр жылдары аудандық білім бөлімі методикалық кабинетінің меңгерушісі, білім бөлімінің бас маманы болып қызметтер атқарды. Білім саласында елеулі жұмыстар атқарғаны және ұзақ жылғы қызметіне байланысты 1997 жылы облыстық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
-1998 жылы облыста аудандық білім бөлімдері жабылып, бұрынғы Крупская атындағы базалық орта мектепке директордың әдістемелік жұмыс бойынша орынбасары болып жұмыс атқардым. Ал 1999 жылы Жамбыл облысында ҚР «Тіл туралы» Заңын жүзеге асыру мақсатында Тіл басқармалары ашылып, аудандық Тіл басқармасының басшысы етіп тағайындалдым. Бұл қызметте жүргенде аталған Заңды іске асыру жөнінде көптеген іс-шаралар, бағдарлы жұмыстарды жүзеге асырдым. 2000 жылы ауданның мемлекеттік мекемелерінде іс жүргізудегі облыста алғашқылардың қатарында мемлекет тіліне көшіруге үлес қостым. Бұл қызметте 2004 жылға дейін жұмыс атқардым,- деп өткен күндерін еске алды.
Еңбегіне қарай құрметі. Осы саладағы еңбегі үшін екі рет аудан әкімінің және облыстық тіл басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Мұны ардагер ұстаздың қоғамдық жұмыстарға белсене араласқанын, ауданның көркеюіне, дамуына қосқан үлесінің бағаланғаны деп білеміз.
Ұзақ жылдар бойы білім бөлімінде еңбек еткен оны 2004 жылы мекеменің басшылығына тағайындайды. Осы жылы ауданда алғашқы рет мектеп бітірушілер Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, сынақ кезеңіндегі жауапты жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастырып, жүзеге асырған болатын.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, білім саласын дамытуға арнаған Күлпан Арыстанқызы 2005 жылы зейнеткерлік демалысқа шығып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты ардагер.
Ардагер еңбек демалысында болса да, негізгі жұмыстарды атқара жүріп, үнемі қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүреді. Еліміз үшін маңызды кезеңдердің бірінде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі болды. Зейнетке шыққан соң да бұл жұмысты біраз жылдарға дейін атқарып келді. Сонымен қатар, аудандық «Әжелер – асыл жандар» әжелер ансамблін ұйымдастырушылардың бірі бола жүріп, жастар тәрбиесіне, салт-дәстүрді дәріптеуге көңіл бөліп, оны көпшілік арасында насихаттауға, ауқымды шаралар өткізуге атсалысты. Осы ретте Күлпан Арыстанқызы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай Жуалы ауданының «Құрметті азаматы» атағына ие болды.
– «Туған жерге туыңды тік!» дейді дана халық. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бірнеше ұтымды сөздерімен айқын айтып өткен болатын. Мақаладағы менің жаныма жақын болған тұсы «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек». 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» деген сөздері. Яғни, тіл жанашыры ретінде бұл ойларға келісемін. Қазақ тілінің мәртебесі әрдайым биік болуы керек. Оны қазіргі ұрпақ сезіне білуі тіис. Әрбір азамат туып-өскен өлкесінің дамуына сүбелі үлес қоса білуі керек. Біз сол туған жеріміз, еліміз үшін еңбек еттік, шүкір ол еңбегіміз бағаланды,- дейді ол сөзінде.
Ауданның қадірменді қариясының отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиеленіп, олардың әрқайсысы өмірден оз орындарын тауып, бір-бір шаңырақтың иелері болып отырған жайлары бар. Саналы ұрпақ өрбіткен Күлпан Арыстанқызы ұл-қыздарынан алты немере сүйіп отырған бақытты әже.
Қазіргі таңда ол еліміздің тыныштығы мен жарқын болашағына тілеулес әжелердің бірі.
Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»