Qoǵam

Көкейдегі сауалдың жауабы алынды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастамасымен аудан әкімдігі Мыңбұлақ ауылдық округі №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесін» өткізді.
Шараға аудан әкімдігіне қарасты бөлімдердің мамандары, аудандық орталық аурухананың, халыққа қызмет көрету орталығының, мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жәрмеңкені Мыңбұлақ ауылдық округінің әкімі Ғабит Үмбеталиев ашып, сөз кезегін аудан әкімдігі ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің бас маманы Еркебұлан Қамбарбековке берді.
– Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың көкейіндегі жүрген сұрақтарына жауап беру, дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Осы ретте тұрғындардың аудан орталығына бармай-ақ осындағы мамандардан керекті мағлұматтар алу үшін осындай ауқымды шараны ұйымдастырып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі ХХІ ғасыр техника мен технологияның қарыштап дамыған заманы болып отыр. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтер саны арту үстінде. Ол қызметтерді үйде отырып алуға да болады. Міне, сіздер осы қызметті өз бетіңіше жасауға да болатынын меңгерсеңіздер, нұр үстіне нұр. Сондай-ақ, бүгін аудан әкімдігі бөлімдерінің мамандарына көкейдегі сұрақтарды қойып, жауаптарын алуға болады. Ендеше, іске сәт!», – деді ол.
Шара барысында тұрғындар өз сауалдары бойынша тиісті бөлім мамандарына жүгінді.
Аудан әкімдігінің білім, ветеринария, экономика және бюджетті жоспарлау, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімдері, АХАЖ және аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық орталық аурухана, ХҚКО, жұмыспен қамту орталығының мамандары және тағы да басқалар ауылдық округ тұрғындарына кеңес берді.
Аталған іс-шара барысында әлеуметтік көмектер, құрылыс, салық, жұмыспен қамту бойынша қызметтер тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие болды.
Жәрмеңкеде ХҚКО-ның жер кадастры және тіркеу бөлімінің басшысы Абдулла Егеубаев жиналғандарға бөлім тарапынан көрсетілетін қызметтерге кеңінен тоқталды. Ал, халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Ерасыл Үшкеев «электронды үкімет» порталымен жұмыс жасауды келуші Айымжан Сахиеваға үйретіп, қызмет көрсетті.
Тұрғындардың ішінде Балжан Бүркіт және Майрамкүл Жұрқабаева аудан әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің маманына «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы аясында сұрақтарын қойып, қажетті мағлұматтарын алды. Ал, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне және аудандық орталық аурухананың қызметкерлеріне ауыл тұрғыны Әлия Кедербаева бес жасар баласының мүмкіндігі шектеулі екенін айта отырып, қоларба қалай алуға болатынын сұрады. Сондай-ақ тұрғындар арасында халықты жұмыспен қамту орталығына және ХҚКО-ның әлеуметтік қамтамасыз ету бөліміне зейнетке шығу, әлеуметтік жәрдемақылар жөнінде көптеп сұрақтарын қойып, қызметтеріне жүгінді.
Шараны аудан әкімдігі ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық бөлімшесінің бас маманы Еркебұлан Қамбарбеков қорытындылады.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close