Qoǵam
Болашағымыздың жарқын кепілі
Дана халқымызда: «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген сөз бар. Замандар өтіп, зымыран жылдар жылжыған сайын соған сәйкес адамзаттың өмір сүру қағидалары да өзгеріп отыратыны белгілі.
Бүгінгі заманның беталысы бәсекеге қабілетті, даму жолы нық, әрі болашағы айқын елдердің алға озып шығуына барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Біздің де басты мақсатымыз – Қазақ елін әлемдегі дамыған «озық отыздыққа» оздырып, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, рухани жағынан да жетілдіру екені белгілі. Заманның қай сынағына да лайықты төтеп беру үшін елдегі әрбір мәселе мемлекет назарынан тыс қалмауы қажет деп білемін. Соңғы жылдары қолданыстағы әліпбиді ауыстыру жайының қоғам талқысына түсуі де заман талабынан туындап отырғаны ақиқат. Сондықтан тәуелсіздігімізді алғалы бері тілге тиек болып келе жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесі күні кеше ғана өз шешімін тапқандай. Себебі, мұндай тағдыршешті шешімнің ел деңгейінде қабылдануы жаңа заманның көшінен қалмаудың талабынан туындап отыр. Өткен жылы ел өмірі халық тағдыры мен ел дамуына бағытталған маңызды шараларға, саяси оқиғаларға толы болғаны белгілі. Осы жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиінің жаңа редакциясы туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасы осынау мәселе жөнінде біраз жылдан бері ой толғап жүргенін айтты. Сонымен бірге Тұңғыш Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз»,- дей келе осынау ауқымды жұмыстарға қажетті дайындықты қазірден бастау керектігін де атап өтіп, ел Үкіметіне нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ Елбасы 2012 жылы желтоқсанда жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында да: «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп мәлімдегені де қалың бұқараның жадынан шыға қойған жоқ. Бұл 2025 жылдан іс қағаздар, мерзімді басылымдар, оқулықтар латын әліпбиіне көшіріле бастайды деген сөз. Сондықтан алдағы уақытта ел азаматтарына жаңа әліпбиді меңгеру қажеттігі туындайды. Өйткені, ел тағдырын айқындайтын әліпби ауыстыру мәселесі болашағымыздың шамшырағы, келешегіміздің жарқын кепілі екені даусыз. Сонда ғана халықаралық қауымдастықта қазақ тілінің де көкжиегі кеңейе түспек. Бұл ұлттық бірегейлікті қалыптастыруға да үлкен септігін тигізеді. Ал ұлттық бірегейлік – елдегі тұрақтылықтың кепілі. Қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің, оның төл этникалық санасының ұшталып, нығаюының нәтижесінде болашағы ортақ, бәсекелестікке қабілетті қазақстандық ұлт қалыптасады. Ұлттық бірегейлік мәселесі рухани жаңғыру бағдарламасынан кейін ғана пайда болған жоқ. Ол ел тәуелсіздігін алып алға қадам басқан сәттен бастап билік басындағылардың стратегиялық және тактикалық ұстанымы мен саяси көрегендігінің нәтижесінде үнемі назарда келеді.
Халқымыздың аяулы ақын ұлы Жұбан Молдағалиев: «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген, Жөргегімде таныстым мұң тілімен» деп жырлағанындай, дәуірдің талай сынықтарына қаймықпай қарсы тұрған халықтың алдында әлі де атқарылатын маңызды шаруалар жеткілікті. Қашанда рухы биік елді жау да, дау да ала алмайды. Бұл қашанғы өмір шындығы. Ұлттың рухани тұрғыдан жаңғыруы үшін ең алдымен рухымызды көтеру керек. Рух ұлттық кодымызды тапқанда, тарихымыздың тамырларына жақындағанда ғана көтерілмек. Бұл жөнінде де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында кеңінен толғап жазылды. Таяу жылдарда ұлт болып ұйысып атқаратын жұмыстар да атап көрсетілді. Мақаланың қорытындысында жаһандық үрдістердің төрге озып отырғанын, осы тұрғыда жаңа заманға сәйкес жаңғыру міндеті әлем елдерінің алдында тұрған ұлы міндет екені де назарға алынды. Ұран тасталды, бағыт-бағдарлар белгіленді. Сан салалы жұмыстар атқарылып та жатыр. Алда тек қана рухани тұрғыдан жаңғыру жұмыстарын жеделдетіп қолға алуымыз бәрінен маңызды болмақ. Жаһандану заманында өзінің ұлттық келбетін сақтап, бірегейлігін жоғалтпай, оны нығайта түскен ұлттың ғана болашағы жарқын болары сөзсіз.
Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» аудандық бөлімшесі меңгерушісінің
міндетін атқарушы