Qoǵam

АӘК тағайындаудың жаңа тәсілдері түсіндірілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында Үкімет алдына атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тетігін, оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке деген ынтаны қамтамасыз ету мақсатында түзету, сондай-ақ табысы төмен отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы енгізудің қажеттігі туралы нақты міндет қойды. Бүгінде елімізде атаулы әлеуметтік көмек көрсету және көпбалалы отбасыларды қолдаудың жаңа тәсілдерін халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы мақсатта ауданымызда Б.Момышұлы ауылдық әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органдармен бірлескен, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мәселелері бойынша түсіндіру кеңесі өтті. Оған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Жанәділ Құрбанов, ауылдық округтердегі аталған көмекті тағайындау мақсатында құрылған учаскелік комиссия мүшелері және атаулы әлеуметтік көмекке ниет білдіруші жандар қатысты.
Жиынды аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов ашып, жүргізіп отырды. Керімхан Әуесбекұлы күн тәртібіндегі мәселе бойынша, яғни 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап енгізілген атаулы әлеуметтік көмек тетігінде оң және теріс фактілердің орын алғанын айта келіп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген атаулы әлеуметтік көмектің бағытына және тағайындау тәсілдеріне, учаскелік комиссияның жауапкершілігіне тоқталды.
-Атаулы әлеуметтік көмектің басты бағыты – халықты еңбекке ынталандыру.
Атаулы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс:
Бірінші, АӘК тоқсан сайын тағайындау тәртібін қайтару, яғни шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау. Бұл АӘК алушылардың табысын жасыру мүмкіндігін асыра пайдалану жағдайларын барынша төмендететін болады.
Екінші, барлық отбасы мүшелеріне АӘК орта табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төлеу.
Үшінші, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шаралардан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылатын болады.
Төртіншіден, учаскелік комиссиялар жұмысын күшейту. Яғни, учаскелік комиссияның қорытындысына АӘК алуға мұқтаж емес отбасыларға тағайындаудан бас тарту негіздерін толықтыру ұсынылды,- дей келіп, Керімхан Әуесбекұлы учаскелік комиссия мүшелерін АӘК тағайындау жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Сөз кезегін алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Жанәділ Аманәліұлы 2019 жылы АӘК тағайындауды тексеру, бақылау нәтижесінде кездескен кемшіліктердің бірқатарын алдағы уақытта қайталанбасын деген мақсатпен мысалға келтірді. Жауапты комиссия мүшелерін АӘК тағайындау, яғни үлкен жауапты істе әдеп нормаларын сақтай отырып, ешқандай құқық бұзушылықтарға жол бермей, мемлекет қаржысын талан-таражға түсірмей және сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, мұқият болуды түсіндірді.
Сонымен бірге жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылды. Сұрақ қоюшылар ауданымызда көмекке мұқтаж отбасыларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық қор құрылса деген ұсынысын жеткізсе, бірі кейбір ауыл тұрғындары өзінің қорасындағы малын түрлі жолмен жасыруға әрекеттенетіні жайлы айтты.
Бірінші ұсынысқа аудан әкімінің ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімшесінің бас маманы Еркебұлан Қамбарбеков ауданда қайырымдылық қордың құрылғандығы және қор тарапынан өткен жылы көмекке мұқтаж төрт отбасыға үй берілгендігі, алдағы уақытта қордың мүмкіндігіне қарай басқа да шаралар ұйымдастырылуы мүмкіндігін жеткізді. Ал екінші сұрақ бойынша аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов пен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов учаскелік комиссияға ауылдың белсенді азаматтарын тату арқылы жұмысты тиімді ұйымдастыру және күшейту қажеттігін айтты.
Жиын соңынан аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев әлеуметтік сала қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тілесе, Еркебұлан Бекұлы алдағы уақытта да мәселеге қатысты мекемелер бірлесіп, бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктерін жеткізді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close