Qoǵam

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ – ЖУАЛЫМ

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап өтті. Осы орайда, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйытқы болуымен, ауданның тарихи орындарымен және тұлғаларымен таныстыру мақсатында белсенді, ерікті жастармен «Тарихы терең – Жуалым» атты танымдық топсаяхат өтті. Іс-шара Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылына барар күрежолға жақын орналасқан Момыш бұлағына атбасын бұрудан басталды. Алдымен ауданның бір топ белсенді жастары бұлақ басына келіп, батыр рухына тағзым жасады. Олар қасиетті Момыш бұлағынан су ішіп, дұға-тілектерін айтты. Сонымен қатар, бұлақ басындағы сайдың және киелі орынға кіреберіс қоршаудың бойына егілген шырша мен сәндік ағаштардың көшеттерін суғарып, айналасын қоқыстан тазартты.
– Құрметті жастар, бүгін біз Жуалы жерінің қасиеті орындарының бірімен танысуға келіп отырмыз. Бұл даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған жер. Ол бұрынғы Орақ-балға ауылы болатын. Қазіргі таңда Талапты ауылына жақын орналасқан жерді ел-жұрт «Момыш бұлағы» деп атап кеткен. Сонымен қатар, аталған бұлақ «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» еніп отыр. Барымыз – байлығымыз. Осындай киелі орындардың бар екенін әрдайым біліп жүруіміз керек. Туған өлкенің тарихын, тарихи тұлғалардың мекен еткен жерін білмеуіміз біз үшін сын болмақ. Алдағы уақытта да аудан жастарына Момыш бұлағы туралы айтып жүру біздің азаматтық парызымыз деп есептеймін. Осынау қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуде бәріміз үлесімізді қоссақ, нұр үстіне нұр. Мен жастарды бұлақтың басына келіп, айналасына көріктендіру, көгеріштендіру, тазалық жұмыстарын жасап тұруға шақырамын, – деді «Жастар ресрустық орталығы» директорының міндетін атқарушы Мейіржан Телеушов.
Батырдың туған жерімен жете танысқан жастар ендігі кезекте Көкбастау ауылдық округіндегі Жылқышытөбе қалашығына аттанды. Мұнда олар көне қала жұртында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарын, табылған тарихи жәдігерлерді таңданыспен көріп шықты. Мұндағы жұмыстардың барысы туралы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Тәлеев кеңінен айтып, келушілерді қазба жұмыстарының барысымен таныстырды.
– Бұл жер осыдан екі мың жыл бұрын тұрғызылған қалашық екен. Мұндай пайымға жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының нәтижесінде келіп отырмыз. Қазір мұнда қаланың қабырғалары аршылып жатыр. Бұл кешен екі қабатты деп жорамалдап отырмыз. Қазу барысында байқағанымыз, қала жұртының шатыры қазақы киіз үйінің төбесіне көбірек ұқсайды. Кейбір қабырғалары бұзылмай сол күйінде сақталған. Қалыңдығы екі метр, кей жерлерде үш метрге дейін жетеді. Тарихи орынның бірі ретінде «Жылқышытөбені» келешекте туристік орталыққа айналдыруға болады. Себебі, қалашық тарих қойнауынан сыр шертеді, – деген ол қазба жұмыстары жайында кеңінен әңгімелеп берді.
Жұмыс барысымен танысқан жастар Дөкей Тәлеевке өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close