Qoǵam

Ауылға деген оң көзқарас

Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Осы ретте ынтымағы жарасып, берекесі тасыған Қошқарата ауылдық округі аудандағы ең шалғай елдімекендердің бірі саналады. Кеңес Одағы тұсында бұл ауылдағы шаруашылықтың шалқығанын былайғы жұрт жақсы біледі. Танымал тұлғаларды түлеткен қасиетті ауылда тұрғындар игілігі үшін қазір де бірқатар шаруалар қолға алынып, атқарылып жатыр. Мәселен, өткен жылы «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде ауылдық округке қарасты Қызтоған ауылының Тесіктас көшесін жарықтандыруға 1 400,0 мың теңге бөлініп, жарықтандыру жұмыстары толықтай аяқталып отыр.
Салық түсімдері есебінен Қошқарата ауылы жастарының спортпен шұғылдануына мол мүмкіндік беретін жобалық құны 1 500,0 мың теңгені құрайтын «STREET WORKOUT» спорт алаңшасы орнатылып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді.
Жол жөндеу жұмыстары біздің округте бұрыннан бері қалыптасқан күрделі мәселе болатын. Осы орайда өткен жылы жалпы құны 6 727,0 мың теңге қаржыға Ақтасты ауылының Ақтасты көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталды. 2500,0 мың теңге қаржыға Ақтасты ауылына түсетін бұрылыс жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, тұрғындардың көптен бергі тілегі болған Ақтасты ауылына жобалық құны 25 000,0 мың теңгені құрайтын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында медициналық пункттің құрылысы аяқталып, халық игілігіне есігін айқара ашып отыр. Қошқарата ауылдық округінде орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орынның құжаттары заңдастырылып, «Жасыл ел-Жуалы» мекемесінің теңгеріміне берілді.
«Қошқарата» балабақшасына ауыз су құбырын тарту және күрделі жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы қарастырылып, мұндағы жұмыстар да толығымен аяқталып отыр. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бизнес Бастау» жобасы бойынша тоғыз азамат оқып, олар 26 600,0 мың теңге несие алғанынан хабардармыз.
Округтегі «Роман» шаруа қожалығы жалпы құны жеті миллион және «Мұрат» шаруа қожалығы төрт миллион теңгеге «Нива эффект» (гидроход) комбайнын сатып алды. «Ислам» шаруа қожалығы 8 миллонға «МТЗ-852» тракторын өз қаражатына алып отыр.
Соңғы жылдары ауылға деген көзқарас жақсы жағынан өзгеріп отыр. «Өткен жылға өкпем жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, бұйыртса, келер жылы округімізде үш көшеге жарықтандыру, бір көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Бір қуантарлығы, Қошқарата ауылына тұрғындар көптен күткен ауыз су жүйесі тартылады деген жағымды жаңалық бар. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінбек. Осы ретте, ауыл тұрғындарына, ондағы әлеуметтік жағдайларға шын мәнінде көңіл бөліп отырған ел Үкіметінің басшыларына, аудан басшыларына округ тұрғындарының атынан алғыс білдіремін.

Жорабек ШЫРШЫҚБАЕВ,
Қошқарата ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close