Qoǵam
Егемен елдің ертеңі жарқын
Тәуелсіздік! Бұл қандай ұлағатты сөз десеңізші. Дәл осы қасиетті сөздің астарында талай қазақтың шерлі үні бар. Қаншама ғасырлар бойы ата-бабаларымыз бен аналарымыздың арпалысымен аса қиыншылықпен келген Тәуелсіздікке қол жеткізген біз бақытты халықпыз. Іргесі берік елміз. Енді ешқашан біздің кеудемізден ешкім итеріп, кемсітіп, жүрегімізге жара сала алмайды. Шүкір, осындай бейбітшілік пен аялы аспанның астында еркін, асыр салып, жүгіріп, еркін ойнай аламыз. Ағаштар мен гүлдер де барлығы бір әсем күлтеге оранып, көркем шұғыла сәулесіне боянғандай. Қазақ елі міне бүгін тәуелсіз, еркін ел.
Зұлмат соғыс, бәрі-бәрі ұмытылып, келмеске кетті. Ата-бабаларымыз жаумен күн-түн демей, арыстанша арпалысып, азаттықтың жолында үлкен ерліктер көрсеткені тарихтан мәлім. Аналарымыз бен әжелеріміздің көзі жастары көлге айналғанын да білеміз. Азаттық үшін арпалысқан батыр бабаларымыз мәңгі жадымызда жаңғыра бермек. Қанша бауырларымыздан айырылсақ та құлап тұрып құламадық, жылап тұрып жыламадық. «Бір жамандық артынан, мол жақсылық келеді» демекші, қаншама азаматтарымызды жоғалтсақ, оның өтеміне мәңгілікке азаттық оралды. Бесік жыры мен ертегі қайта айтылып, сәбилер тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп өсіп, көк туымыз заңғар биікке көтерілді. Бұл да азаттықтың ақ таңына, жұмақ жырына айналды.
Қазіргі азат заманның арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, азат ойлы рухты жастарына бабаларымыз қорғаған байтақ өлкемізді мәңгі жайнатып, әр тасына құрметпен қарайық дегім келеді. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған арманын орындау үшін алда әлі талай асулардан өтеміз. Өскелең ұрпақтарға үлгі болатын мына біз. Қазақ еліне тұтқа болатын да мына біз. Біз өзгерсек мына әлем де өзгереді. Сонда ғана мәңгілік елге айналамыз.
Нұршат Әбзелбек,
Күреңбел орта мектебінің
7 «Ә» сынып оқушысы.
Күреңбел ауылы