Qoǵam

Сөз асылын жинаған кітап

Жақында Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде Жоламан Елеусінұлының «Сөз асылы – халықта» атты кітабының тұсаукесері болды. Шараға автордың замандастары мен оқушы жастар шақырылды.

Кешті ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Жанар Нұрмұратқызы ашып, Жоламан Елеусінұлының өмір және еңбек жолына тоқтала келе, шығарманың жас ұрпаққа беретін тәрбиелік мәні мен өнегелі тұстарына тоқталды.
Еңбек ардагері, аудандық билер кеңесінің мүшесі Жоламан Елеусінұлы 1945 жылы Өзбек КСР-і Бұхара облысының Шафрикан ауданы Кульхавли ауылдық кеңесіне қарасты Төртқұдық ауылында дүниеге келген. Ол Бұхара педагогикалық институтының жағырапия факультетін тамамдағаннан кейін ұзақ жылдар ауыл мектебінде ұстаздық етеді, кейіннен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді.
Саналы ғұмырының 51 жылын еселі еңбекке арнаған Жоламан қария 1996 жылы атамекенге, Жуалы ауданының Қарасаз ауылдық округіндегі Жүрімбай ауылына қоныс аударады. Келе салысымен, жұмыс талғамай, ауылдағы «Бірлік» өндірістік кооперативіне жұмысқа араласады. Кәсіпорында еңбекті нормалаушы, диспетчер секілді жұмыстар атқарады. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген, олардан 17 немересі және екі шөбересі бар.
Сөз реті келгенде автор кітапты жазуға түрткі болған жайттармен бөлісті.
– Мен өзім өскен қазақ ауылында ұлы тұлғалардың қанатты сөздері мен ақын-жыраулардың өлең-жырларын жастайымнан тыңдап, кітаптардан оқып, жадымда тоқи бердім. Кейіннен оларды қағазға түсіріп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, өнеге болсын деген оймен осы кішкентай кітапты бастырып шығардым. Хакім Абай айтқандай, «бұл шығармадан керегін алар, болмаса ол өз сөзім» дегендей, кітапта жинақталған аты иісі Алашқа мәшһүр болған көрнекті ақындар мен жыраулардың өсиетті сөздері кім-кімге де ой салар деген ойдамын. Ал дастарқан басында, ас-жиындарда берілетін баталар, айтылар тілектер мен дұғалар да зер салып, көңіл көзімен қараған әр адамның қажетіне жарайды, – дей келе Жоламан Елеусінұлы.
Аудандық билер кеңесінің төрағасы Сағындық Тоқбергенов, ауылдық округ билер кеңесінің төрағасы Нұртаза Омаров, еңбек ардагері, ауылдық округ жергілікті қоғамдастығының мүшесі Есімхан Сеңгірбаев ақынның өз шығармасында қазақ ақындары мен шайырларының ұмыт бола бастаған өлеңдері мен жырларын ел жадында жаңғыртуға талпыныс жасағанын, сондықтан да мұнда оқырманға ой салар құнды дүниелер көп екенін айта келе, оқырман қауымды тәлім-тәрбиеге толы шығарманы оқуға үндеді.
Кеш соңында автор кітабының бірнеше данасын Қарасаз ауылдық кітапханасына тарту етті.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close