Qoǵam
Полиция бастығы есеп берді
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов жылдық қорытынды есеп берді. Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ауылдық округтердегі жергілікті қоғамдастық мүшелері, мәслихат депутаттары және БАҚ өкілдері қатысты. Есеп беру жиынын аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Сөз кезегі аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі М.Қойкеновке беріліп, ол жылдық есептік баяндама жасады.
– Жуалы ауданында барлығы 14 ауылдық округ бар, оның ішінде 49 елдімекендегі халықтың саны 51 848 адамды құрайды. Ауылдық округтердегі 14 тірек пунктерінде 17 учаскелік полиция инспекторлары қызмет атқарады. Қылмыс деңгейі халық санына шаққанда 39,1 пайызды құрайды.
Аудан көлемінде жедел жағдайды жақсарту, қалыптастыру, қылмыстарды ашу және қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткіге байланысты қылмыстармен күресу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау бағытындағы тиісті шаралардың іске асырылғанына байланысты бірқатар қылмыс деңгейі төмендетілді. Яғни, 227 қылмыстық сипаты бар оқиғалар тіркелсе, (2017 жылы бұл мерзімінде 282 деректі құраған), яғни 19,5 пайызға кеміген, олардың 124 дерегі ашылып, ашылу көрсеткіші 57,4 пайызды құрады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 50,5 пайызды құраған, яғни ашылу көрсеткіші 6,9 пайызға көтерілді. Орын алған қылмыстардың ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны 17 дерек (2017 ж. қылмыстың бұл санаты 18 дерек болған), яғни 5,6 пайызға азайған, 13 қылмыстың беті ашылып, 81,3 пайызды құрады. 2017 жылы ашылу саны жоғары болса да, яғни 16 қылмыс, ашылу пайызы 76,2 пайызды құраған, яғни ашылу көрсеткіші 5,1 пайызға көтерілген.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің, облыстық полиция департаментінің нұсқауымен өткізілген жедел іс-шаралардан бөлек, апта сайын демалыс күндері ықылас ретінде дербес 152 алдын алу іс-шаралары өткізілген, оның ішінде «Құқықтық тәртіп», «Пәтер», «Фазенда» және т.б.
Мал ұрлықтарын азайту мақсатында учаскелік полиция инспекторлары жайлаудағы мал қыстаулары бойынша жинақ істерін арнаған. Малдың иесі мен малшының толық аты-жөні, тұратын жері, бұрын сотталған ба, жоқ па, одан бұрын малдың бәрі чипталған ба және т.б. керекті ақпаратттарды жинап, арнайы істерге тігіледі.
Сондай-ақ, Ішкі істер министрінің, полиция департаментінің нұсқауымен өткізілген жедел іс-шараларынан бөлек, апта сайын сейсенбі, жұма, сенбі күндері ықылас ретінде дербес алдын алу іс-шаралары өткізілуде. Жалпы аудан көлеміндегі жедел жағдай тұрақты, оның тұрақсыз болуына ешқандай негіз жоқ.
Жалпы жедел жағдайды жақсартуға және қылмыстардың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, халықтың құқығын қорғауға барлық күш-жігерімізді сала отырып, бізге қойылған міндеттерді толығымен атқарамыз, – деді ол өз баяндамасында.
Сонымен қатар, баяндамашы ауданда мал ұрлығы өршіп тұрғанын баса айтты. Осыған орай ауылдық округтердің әкімдері, учаскелік полиция қызметкерлері мен ветеринарлық дәрігерлер бірлесе отырып, жеке меншік мал қораларын тексеру жұмыстарын жүргізген. Онда жеке меншік мал қоралардың иелері жалдамалы малшы аларда онымен келісімшарт жасаса, қылмыстың алдын алуға болатынына сенім білдірді. Полиция подполковнигі Мергенбай Қойкенов: «Ауданымызда қылмысты азайту мақсатында үш жылға арналған «Қауіпсіз Жуалы» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бағдарлама аясында да атқарылған біраз жұмыстар бар. Тұрғындардың тағы бір есіне сала кететін нәрсе, көршінің қарауы деген бар. Бір жаққа кетер кезде көршілеріңізге үй-жайларыңызды қарап тұруға тапсырып кетсеңіздер, ұрлық та азаяр еді», – дей келе алдағы жоспарларымен бөлісті.
Баяндамадан соң жарыссөз басталып, жиынға қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Алғаш болып жарыссөзге Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Шора Искаков шығып, өзінің жеке мәселесін айтты. Ал, аудандық мәслихат депутаты Айбек Елекбаев: «Нұрлыкент ауылындағы мал ұрлығы бойынша сот процесі аяғына дейін жетсе, оны өз бақылауыңызда ұстасаңыз»,- деді. Шақпақ ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық төрағасы Смайыл Көбесов: «Күзді күндері жеке меншік жайылымдарға жайылған малды жер иелері ұрып өлтіреді. Бұл істі қарау сіздердің құзырларыңызға кіре ме?» деген сауал жолдады. Қойылған сұрақтарға аудандық полиция бөлімінің бастығы Мергенбай Қойкенов тұшымды жауап беріп, кейбір мәселелерді жеке қабылдауында шешетінін де қоса жеткізді.
Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков қорытындылады.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»