Qoǵam

Сайлау заңнамасындағы өзгерістер түсіндірілді

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында сайлау заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізілуіне орай жиын өтті. Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов, аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева, аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Бақытжан Данияров және сайлау учаскелерінің төрағалары мен төрайымдары қатысты.

Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Бірінші мәселе – 2021 жылғы сайлау заңнамасындағы өзгерістер туралы болса, екінші мәселе – аудандық сайлау комиссиясының 2021 жылғы II жартыжылдығында өткізілген аудандық, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы бойынша қорытынды хабарламасы және өткен жылдың II жартыжылдығында Жамбыл облысы бойынша өткен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы туралы ақпарат.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – сайлау процесіне қатысушыларды электоралды оқыту бойынша аудандық сайлау комиссиясының 2022 жылға арналған күнтізбелік жоспарына қатысты учаскелік сайлау комиссияларының атқаратын іс-шаралары туралы.
Төртінші мәселе – дүниежүзілік сайлау күніне арналған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының іс-шаралар жоспарына қатысты учаскелік сайлау комиссиялардың атқаратын іс-шаралары жөнінде болды.
Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов ашып, жүргізіп отырды.
Серік Дүйсенбайұлы алдымен жиынға қатысушыларға сайлау науқанында халықпен тығыз байланыс жасау және белсенділік пен ұқыптылық таныту керектігін жеткізді. Сонымен қатар, өткен жылы ауылдық округ әкімдерінің сайлауы кезінде жұмысты жүйелі ұйымдастыра білгені үшін №197 сайлау учаскесінің төрағасы Азамат Әбеевті орталық сайлау комиссиясының Алғысхатымен марапаттады.
Бұдан соң, күн тәртібіндегі бірінші мәселе, яғни 2021 жылғы сайлау заңнамасындағы өзгерістер туралы аудандық сайлау комиссиясының хатшысы Бақытжан Данияров баяндама жасады. Баяндамашының түсіндірме тезистері экраннан слайд түрінде көрсетіліп тұрды.
Бақытжан Данияров өз сөзінде кандидаттарға қойылатын талаптарға, кандидаттарды ұсыну тәсілдеріне, сайлау науқанының ұзақтығы, кандидаттардың сәйкестігін анықтау, әкімдікке кандидаттарды тіркеу, сайлау алдындағы үгіт кезеңіне және дауыс беру уақтысына жеке-жеке тоқталып, кеңінен тарқатып түсіндірді.
Ал, аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева өткен жылы төрт ауылдық округтің әкімін сайлау науқанында белсенділік танытқан сайлау учаскелеріне алғысын білдірді. Сонымен бірге, аудандық сайлау комиссиясының 2021 жылғы ІІ жартыжылдығында өткізілген ауылдық округ әкімдерінің сайлауы бойынша қорытынды хабарламасына кеңінен тоқталды.
Одан бөлек, ақпан айының бірінші бейсенбісіне түсетін, яғни биыл 3 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күніне орай аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе отырып іс-шара өткізілетіні туралы, ол шараға жас мамандар, алғаш рет сайлауға қатысушы жастар шақырылатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, бұл шара әр ауылдық сайлау учаскесінде де өткізілуі тиіс екенін баса айтты.
Жиынды қорытындылай келе, оқыту жұмыстарын меңгеру мақсатында қатысушыларға 30 сұрақтан құралған тест сұрақтары таратылды. Сұрақтарға жауап беру үшін қатысушыларға 20 минут уақыт берілді.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close