Qoǵam
Жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін
Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын және «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында аудан жастарына әртүрлі салаларды қамти отырып «Болашаққа бағдар» атты кеңес беру және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Шараның мақсаты – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ауданда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және жастарға мемлекеттік бағдарламаларды тереңінен түсіндіру.
Кеңес беру алаңында аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығы, аудандық орталық аурухана, Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі, аудандық білім бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі, аудан әкімдігінің жер қатынастары, экономика және бюджетті жоспарлау, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімдерінен мамандар келіп, жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.
Аталған шараны аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Алмас Жолдасов ашып, жүргізді.
Алдымен сөз алған аудандық Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Әнуарбеков тұрғындардың табысын арттырудың ең басты тетіктерінің бірі кәсіпорын жұмыскерлерінің жалақысын арттыру екенін айтты.
– Ағымдағы жылы Ұлттық жоба аясында аудандық жоспар бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жалпы 3851 адамды тарту көзделген. Жоспарға сәйкес «Түлектер үшін жастар практикасына» – 140 жас маманды жұмысқа орналастыру қарастырылып отыр. Осы ретте облыстық және жергілікті бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыс орындарына – 120 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 620 адам тартылатын болады. Ал, бүгінде тұрақты жұмыс орындарына – 2106 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр, – деген Нұрлан Әнуарбекұлы шағын несие және гранттар беру туралы да кеңінен ақпарат берді.
Айта кету керек, бұл шараға әр ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі инспекторлары және 70-ке жуық жастар қатысып, көкейлеріндегі сауалдарын жауапты бөлім мамандарына жолдап, тиянақты жауаптарын алды.
Атап айтқанда, Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылының тұрғыны Дидар Әлмахан ауыл шаруашылығы бөлімінің маманынан ауылынан аула және үй өсімдіктеріне арналған жылыжай салу ойын қалай жүзеге асыруға болатынын сұрады. Ал, өз кезегінде бөлімнің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев жылыжай салу үшін кәсіпкерлік негіздерін оқып, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант жобасына қатысу керектігін айтты.
Сонымен қатар, жастардың тең жартысы тұрғын үйге кезекке тұру және ипотекалық несие туралы да сауалдарын қойып, тиісті мекемелерден жауап алды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»