Qoǵam

Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейткен іскер азамат

Халқымыз қашаннан «Ақ мол болсын» деп, сүт өнімдерінің қадіріне ерекше мән берген. Сүт өнімдерін пайдалану көлемі жыл сайын артып келе жатқандығын ескерсек, бұл көрсеткішті бұдан әрі көбейту қажеттілігі туындайтыны айқын. Сүт өнімдерін өндіруде Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылында орналасқан «Алатау сүт өнімдері» ЖШС-ның айтарлықтай үлесі бар. Серіктестіктің сүт зауытында өндірілген экологиялық таза сүт өнімдері «Олигарх» сауда белгісімен отандық нарыққа жол тартып отыр. Нұрболат Кенжебеков басқаратын сүт зауытының жұмысы жыл санап кеңейіп, онда шығарылатын өнімнің де көлемі арта түсуде.

Жаңа істің көзін табуға ұмтылған кәсіпкер 2021 жылы өз ауылынан шағын сүт өңдеу цехын ашқан. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорынның жұмысы біршама кеңейіп, отандық нарықта өз орны бар сүт зауытына айналып отыр. Өзін білікті басшы, аңғарымды кәсіпкер ретінде дәлелдей алған Нұрболат Аралбекұлы ауданға қарасты Қәріқорған ауылында туған.
– Сүт өңдейтін зауытқа қажетті қондырғылар Түркия мемлекетінен тікелей сатып алынды. Мұздатқыш, сүт, қаймақ пастерлеуге арналған аппараттар, сеператор, май дайындайтын аппарат және өзге қондырғылар жеткілікті. Цехты ашу үшін қомақты қаржы жұмсалды. Әрине, кіріс кіруі үшін алдымен шығындануға тура келеді. Бастысы, цех жұмысы бүгінде айтарлықтай нәтиже бере бастағаны көңіл қуантады, – дейді кәсіпкер азамат Нұрболат Аралбекұлы сүт зауытын ашу оңайға соқпағанын тілге тиек етіп.
Іс бастаймын деп ниеттенген адамға мемлекет әрдайым қолдау көрсететіні белгілі. Айта кететін болсақ, 2022 жылы мөлшерлемесі 6 пайызбен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы қомақты қаражат алса, былтыр мемлекеттен төмен пайызбен, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайызбен 15 млн теңге көлемде қаржы алып, қондырғыларды жаңартқанын айтты.
Кәсіпкердің айтуынша, зауыттың жұмысын жүйелеу үшін негізінен жергілікті мамандар және ауыл тұрғындары жұмысқа тартылған. Олар өз кезегінде екі ауысыммен еңбек етеді.
«Біз мамандарды таңдауда жергілікті тұрғындарға басымдық бердік. Алғашында сегіз азаматты жұмыспен қамтысақ, қазіргі күнде ауылдың 28 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар тиісінше екі ауысыммен еңбек ету үстінде. Бір қуаныштысы – жұмысқа қабылданған азаматтардың барлығы өз ісін жетік білетін мамандар. Сондықтан жұмыс барысында айтарлықтай мәселе жоқ.
Цехта технолог, зертханашы, май дайындаушы, сүт қабылдаушы секілді мамандармен бірге әртүрлі жұмыстарды жүзеге асыратын қызметкерлер бар. Олар жұмысқа арналған арнайы киіммен қамтылған. Бастысы, санитарлық талаптар, техникалық қауіпсіздік ережелері қатаң сақталған. Қызметкерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарайтыны қуантады», – дейді кәсіпкер.
Н.Кенжебековтың айтуынша, сүт зауытының қызметкерлері Жетітөбе ауылдық округіне қарасты ауылдардан тәулігіне 9-10 тонна көлемінде сүт қабылдайды екен. Сүт зауытында өндірілген өнімдер Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Ақтау, Қызылорда және Тараз қалаларына тұрақты түрде жөнелтіледі. Бүгінгі таңда ірімшік, май, қаймақ, айран және басқа да экологиялық таза сүт өнімдеріне сұраныс артып келеді. Аталған сүт зауыты қазақстандық сүт өнімдері нарығын дамытуға және өңір экономикасына қомақты үлес қосып отырған бірден бір кәсіп екенін айта кеткен жөн.
Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта халық игілігіне пайдалануға қоғамдық монша мен жанармай құю бекетін ашуды жоспарлап отыр.
Күре жолдың бойында орналасқан Кәріқорған ауылы үшін қоғамдық монша мен жанармай құю бекеті тиімді кәсіп көзі болатыны анық. Жобалары жүзеге асатын болса, алдағы уақытта ауыл тұрғындарына «екі қолға бір күрек» табылатыны айдан анық.
Әңгіме барысында тәжірбиелі кәсіпкер анасы Патима Тыныбекованың тіл үйірер құрт пен майдың жасалу технологиясын мамандарға үйреткенін мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар жұбайы Қарлығаш Өзбекова сүт өңдеу зауытында технолог болып еңбек етеді. Расында да технолог маманнан бастап, білек сыбанып тер төгіп жатқан өзге мамандарды көргенде жұмыс үдерісінің оңай еместігін бірден түсінесің. Сүт қабылдау кезеңінен бастап, сүт өңдеу үдерісінің басы-қасында жүретін мамандардың еңбегі адал.
Иә, зауыттың бір бөлігінде құрт, енді бір бөлімінде сүзбе, ірімшік, май, айран жасап жатқан қызметкерлердің маңайына мойын бұруға мұршасы жоқ екендігі көрініп-ақ тұр. «Адал еңбек бәрін жеңбек» дегеннің мәнін осындайда түсінесің.
«Еңбек еткеннің еңсесі биік» демекші, бұл отбасының төрт түлік малға жақындығын да байқадық. Қазіргі таңда ол 103 мүйізді ірі қара, жылқы және уақ мал асырап отыр.
– Баға шарықтап тұрған заманда өз егістік жерің болмаса қиын. Жем-шөптің бағасы қымбат. Мал асырау оңай шаруа емес. Жалпы, 24 гектар егістік жерім бар. 5 гектар жерге бидай, ал қалғанына жоңышқа егіледі. Егін орып, бұйырған ырысты ысырапсыз жинау жұмысы қоңыр күзге дейін жалғасады,- дейді еңбекқор азамат.
Қазақта «қимылдаған қыр асады» деген жақсы сөз бар. Әрбір істі бастағанда айқын мақсат пен тәуекелге бел буып, барыңды салып еткен еңбектің еш кетпейтіні анық.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close