Qoǵam

Қазақстанның Қарулы Күштері – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі

Қазақстанның Қарулы Күштері – Қазақстан Республикасының әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қамтитын іргелі құрылым болып табылады.
1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президенті, сол тұстағы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» және алғашқы қорғаныс министрі етіп генерал-полковник, аса ірі әскери қайраткер (1993 жылдың 9 мамырынан армия генералы) Сағадат Нұрмағамбетовты тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойды. Бұл күн сондықтан Қазақстан Республикасының дербес Қарулы Күштерінің құрылған күні болып ресми белгіленді. Біз бұл күні ержүрек жауынгер бабалардың ерлік істерін жаңғыртып, жалпы ерлікпен ел қорғаған батырлар даңқын тағы бір асқақтатамыз.
Тәуелсіз Қазақстанның іргесі бекем, шекарасының бүтін болуы үшін қалтқысыз қызмет ететін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына – биыл 32 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ұлан-ғайыр даланы қапысыз қорғауға қауқарлы кәсіби сарбаздар мен заманауи техникамен жарақтанған айбынды армия аяғынан нық тұрды.
1992 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. 2013 жылдан бері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні ретінде атап өтіліп келеді. Бұл – еліміздің қорғаныс қабілетінің жетілгендігін дәлелдейтін мереке.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел алдында егемендік бен шекараның тұтастығын қамтамасыз етуге әлеуетті әскерді жасақтау міндеті тұрды. Сондай сын сағаттарда буыны қатаймаған мемлекетті басқарған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешімдер қабылдап, ел көшін жарқын келешекке бастады. Осы жылдар ішінде Қазақстан Қарулы Күштерінің сапасы мен салмағы артып, қай бағытта болсын, жан-жақты дамып, барлық қырынан сақадай-сай әзірлікке қол жеткізілді.
Бүгінде елімізде заманауи, қорғаныс пен ұрысқа барынша қабілетті Қарулы Күштер қалыптасып, одан әрі даму үстінде. Қазақстанның армиясы жаңартылып, оның күш-қуаты нығайтылып қана қоймай, әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелері де өз уақытында шешімін табу үстінде. Ең бастысы, жауынгерлердің бойына Отаншылдық рухты сіңіріп, әскери қызметтің абыройын асырып, беделін көтеру міндеті мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі Отан қорғаушы күнінің мемлекеттік мереке дәрежесін алуы да соның айғағы.
Жуалы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлім жұмысының басты бағытының бірі – аудан аумағындағы жас жеткіншектерді әскер қатарына шақыру, жастарды патриоттық сезімге, Отансүйгіштікке баулу және әскер қатарына барғанда сарбаздық антына адал болуға тәрбиелеу. Осы орайда бөлім батырлықты өсиет еткен қасиетті өңірде Ұлы Отан соғысына қатысқан көзі тірі майдангер ардагерлердің болмауына байланысты олардың өкшесін басып келе жатқан Ауған соғысының ардагерлерімен тығыз байланыста жұмыс жасау үстінде. Сондай-ақ, бұл шараға мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің ұйымдастырушылары да кеңінен тартылған. Мектеп қабырғасында өтетін іс-шаралар мен тәрбие сағаттарында ардагерлер жастарға өзі куә болған соғыс қимылдарын, әскери қызмет жолын, онда кездескен қиындықтар, шайқас үстінде қаруластарынан айырылған сәттегі көңіл-күйлерін әңгімелей отырып, оқушы жастарды сын сағатта әскери антқа берік болуға баулиды. Сондай-ақ, соңғы жылдарда жастардың бойындағы отаншылдық сезімнің қалыптасуына қаһарман жерлесіміз, даңқты қолбасшы, гвардия полковнигі, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының Қайрат ауылындағы мемориалдық музейі және ауыл-аймақтарда Ұлы Жеңіс мерекесіне орай тұрғызылған ескерткіш белгілердің де қосып отырған үлесі зор.
Қорғаныс бөлімінің жеке құрамы арасында жұмылдыру даярлығы және күнделікті жұмыста жоғары жетістіктерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлер бар. Олар Қарулы Күштердің құрылған күніне және Отан қорғаушы күніне орай бөлімнің Алғысхаттарымен марапатталып отырады. Үлгілі қызметкерлердің қатарында – майор М.Бекбауов, У.Сәулембаев, А.Құдабаева, Д.Аязбеков, Р.Қырғызәлиев, Т.Назаралиев, А.Жігітова, Ә.Түгел өздеріне жүктелген қызметтік міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарайды. Одан бөлек, аудандық қорғаныс істері бөлімімен ұзақ жылдан бері тығыз байланыста жемісті жұмыс жасап келе жатқан ауылдық округтердегі әскери-есеп үстелінің мамандарының да жастарды және болашақ сарбаздарды патриот болуға тәрбиелеуге сіңіріп отырған еңбектерін де ерекше атап өткім келеді. Тәжірибелі мамандардың болашақ сарбаздар дайындаудағы ұзақ жылғы жемісті жұмыстарын көпшілікке үлгі ретінде айтуға болады.
Отан үшін күрес – елге тиген үлес. Отанды қорғау ісі ерлерге тиген үлкен үлес әрі парыз болып саналады. Отан қорғауды әрбір ер азамат негізгі борышы деп санаған жөн. Осы орайда денсаулығы жарамды ер азаматтарды әскер қатарына жөнелту жұмыстары маңызға ие екенін айтқым келеді.
2024 жылы көктемде 38, ал былтыр күзгі шақырылымда 81 азамат әскер қатарына алынып отыр. Олар негізінен Ұлттық Ұлан қатарына, Қорғаныс министрлігіне, Мемлекеттік күзет қызметіне және Шекара қызметіне жіберілді. Әскерге шақырылушылардың ең бірінші денсаулығына, біліміне мән беріледі. Соңғы жылдары әскердегі жағдай жақсарып келеді. Сонымен бірге, әскерге өз еркімен баруға ниет білдіретін азаматтардың да саны артты.
Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Ал Отанды қорғау – қашанда қасиетті де қастерлі парыз. Аудан жастары мұны жақсы түсінеді, аға ұрпақтан үлгі алады деген сенімдемін. Сондықтан барша жерлестерімді Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мерекесімен құттықтап, еліміз бұдан әрі де өркендеп, көркейіп, қасиетті Отанның айбын-айбары, болат қорғаны – Қарулы Күштердің әлеуеті артып, нығая түсуіне шын жүректен тілектестік білдіремін!

Асылбек АХМЕТОВ,
Жуалы ауданының Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің
бастығы, подполковник

Таңдаулы материалдар

Close